Әлеуметтік корпорация бюджет ақшасын депозитке салып, табыс тауып отырған

Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге әлеуметтік кәсіпкерлер корпорацияларының мемлекеттік қаржыны депозитке салуына шектеу қою туралы сұрақ қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат Баққожаевтың айтуынша, 2024 жылғы есеп бойынша кейбір әлеуметтік кәсіпкерлер корпорацияларының 35%-ы бюджет қаражатын депозитке салып, сол арқылы табыс тауып отыр.

Сонымен қатар корпорациялар несие беру арқылы кіріс алады, алайда бұл қаражат инвестициялық жобаларға немесе өңірлік даму жұмыстарына қатыспайды. Мысалы Ақтөбе корпорациясының 2 миллиард теңге кірісінің 1,7 миллиарды депозиттен алынған, - деді Баққожаев.

Депутат бұл тәжірибенің қашан тоқтатылатынын және несие беруді қашан доғару керегін министрден сұрады.

Сонымен қатар, Баққожаев мемлекеттік қызметкерлерге коммерциялық ұйымдардың басқару жүйесіне қатысуға тыйым салынғанын, бұл норманың коррупциямен күрес заңнамасында бекітілгенін атап өтті.

Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин сұраққа жауап беріп, кейбір әлеуметтік кәсіпкерлер корпорацияларының депозитке қаражат салуы білімнің немесе жобалардың жеткіліксіздігінен екенін түсіндірді.

Қазіргі кезде депозитке салуға тек бос қаражаттың 10%-ына рұқсат берілген, ал жаңа бюджеттік кодексте мемлекеттік қазынашылықтың келісімін алмай қаражатты депозитке салу мүмкін емес, - деді ол.

Серік Жұманғарин сондай-ақ үкіметтің өңірлік даму институттарын реформалау жұмыстары жүріп жатқанын, алдағы жылы жаңа тәсілдер мен функциялар айқындалатынын хабарлады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов - архив
Өзгелердің жаңалығы