38 мың тұрғын жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылмақ
Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс Қазақстанда «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша аз қамтылған және көпбалалы отбасылар қолдау табуда. Көпбалалы отбасыларды кешенді қолдау бағдарламасымен қамту мақсатында аудан, қала әкімдіктері әлеуметтік карталарын қайта жаңартты.
«Аз қамтылған отбасылар атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматымен толықтай қамтылды. Атап айтсақ, биылғы жылы 38 мың адамға көмек көрсету мақсатында облыстық бюджеттен 1,4 миллиард теңге бөлінді. Сондай-ақ, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында 4,2 миллиард теңге қарастырылды. Аталмыш қаражаттың басым бөлігі өз ісін бастауды мақсат еткен көпбалалы отбасыларға берілетін болады», - деп хабарлады Nur Otan партиясының Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалы төрағасының орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов партияның ХХІІІ-конференциясы барысында.
Бұдан бөлек, көпбалалы отбасыларға қосымша көмек ретінде несие кепілінің 85%-ына дейінгі сомасын сақтандыру мүмкіндігі берілмек. Ол үшін облыстық бюджеттен 337 миллион теңге қарастырылған. Бұл өз кезегінде 112 отбасыға жеңілдетілген тәртіпте несие алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, 100 айлық есептік көрсеткішке (252,5 мың теңге) дейінгі бизнес идеяларды шартсыз және қайтарымсыз негізде грантпен қамтитын жаңа механизм енгізілді. Бұл бойынша 268 жобаға 67,7 миллион теңге бөлінді.
«Ана мен бала денсаулығына да үлкен мән берілуде. Соңғы екі жыл ішінде өңірдегі перинаталдық орталықтарға заманауи құрылғылар сатып алуға 3,5 миллиард теңге бөлінді. Биыл балаларды иммундық профилактикамен қамту 3,5 есеге ұлғаяды. Сондай-ақ, босандыру және бала денсаулығын сақтау салаларына 40-тан астам заманауи құрылғылар енгізілді», - деп қосты Әнуарбек Мұхтарханов.