Әлеуметтік көмек "сүзгіден" өтеді: Қандай төлемдер қысқармақ?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік көмек департаменті BAQ.KZ тілшісінің ресми сауалына берген жауабында мемлекеттік қолдауды атаулы әрі әділ көрсетуге бағытталған жаңа тәсілдер әзірленіп жатқанын мәлімдеді.
Ведомство бұл жұмыс Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Мемлекет басшысының 2025 жылдыңжылдың 8 қыркүйегінде Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмасына сәйкес, Министрлік тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп мемлекеттік қолдау шараларының бірыңғай әлеуметтік стандартын әзірлеу бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде.
Өз кезегінде, бірыңғай әлеуметтік стандартты қолдану мемлекеттік қолдау шараларын үй шаруашылықтарының әлеуметтік-экономикалық осалдығы мен тұрақтылығын объективті бағалау (бұдан әрі – Скорингтік модель) негізінде көрсетуді көздейтіндігін атап өту қажет. Яғни, мемлекеттік қолдау көрсету кезінде азаматтың (отбасының) материалдық және материалдық емес көрсеткіштері, асырау жүктемесі, өзін-өзі іске асыру қабілеті, сондай-ақ жасырын табыстары ескеріле отырып, атаулы түрде көрсетілетін болады, - делінген министрліктің жауабында.
Қазіргі уақытта мемлекеттік әлеуметтік қолдау шараларына талдау жүргізілуде, оның барысында бірқатар проблемалық мәселелер анықталды.
Мәселен, кейбір төлемдер қайталанады, сондай-ақ үдерістер цифрландырылмаған әрі автоматтандырылмаған. Сонымен қатар, әрбір өңір бюджет мүмкіндіктеріне қарай жергілікті мәслихаттардың шешімімен азаматтардың жекелеген санаттарына қосымша көмекті өз қалауы бойынша көрсетеді, алайда мұндай қолдау көбінесе мұқтаждық пен атаулылық қағидаттары ескерілместен беріледі. Бұл әртүрлі өңірлерде әлеуметтік көмектің түрлері (1-ден 25-ке дейін) мен мөлшерлері бойынша алшақтықтардың туындауына, сондай-ақ халық арасында теңгерімсіздіктің қалыптасуына әкеліп соғады, - деп түсіндірді Әлеуметтік көмек департаменті.
Министрлік сөзінше, бірыңғай әлеуметтік стандартты енгізу әлеуметтік көмекті нақты мұқтаж азаматтарға бағыттауға және өңірлер арасындағы алшақтықты азайтуға тиіс.
Осылайша, бірыңғай әлеуметтік стандартты қалыптастыру барысында тиімділігі төмен, бірін-бірі қайталайтын шараларды алып тастау жоспарлануда, - делінген жауапта.