Әлеуметтік кәсіпкерлерге жеңілдік жасау заң жүзінде бекітілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Енді кәсіпкерлік туралы кодексте ресми түрде «Әлеуметтік кәсіпкерлік» деп аталатын тарау пайда болады. Тиісті заң бүгін Сенатта қабылданды.

Жаңа тарауда кәсіпкерліктің қандай түрін әлеуметтік деп атауға болатындығы, бұл мәртебені қалай алуға болатындығы және ондай кәсіпкерлер мемлекет тарапынан қандай қолдауға сенім арта алатындығы көрсетілген.

Кәсіпорын «әлеуметтік» деп аталуы үшін, халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері жұмыс істеуі керек.  Олардың арасында ерекше қажеттіліктері бар жандар, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар, зейнеткерлер, балалар үйінің тәрбиеленушілері, көп балалы отбасылар және қандастар бар.

Сонымен қатар, кәсіпорын олар үшін тауарларды өндіре немесе сата алады. Одан бөлек, мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін маңызды арнайы қызметтерді ұсынуына болады.

Заңға сәйкес енді әлеуметтік кәсіпкерлер әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар қатарына жататын өз қызметкерлерін оқытып, олардың біліктілігін арттыратын болса, салық жеңілдіктеріне ие болады. Сондай-ақ мемлекет әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерін қолдау мақсатымен оларды инфрақұрылыммен қамтамасыз етеді және осы саладағы кәсіпкерлерге қаржылық, ақпараттық, консультациялық, әдістемелік көмек көрсетеді.

Мемлекет басшысы әлеуметтік мәселелерді шешуге, аз қамтылған және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау көрсетуге үнемі баса мән беріп келеді. Бұл ретте әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытудың маңызы зор. Соның аясында заңдарға енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға Сенат депутаттары бастамашы болып, дайындады. Осы ретте отандық заңнамада алғаш рет әлеуметтік кәсіпкерлік деген бағытқа анықтама беріліп отырғанын айта кеткен жөн,- деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы