Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту үшін жер учаскелерін жекеменшіктен сатып аламыз – Досаев

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы әкімі Ерболат Досаев Бостандық ауданы тұрғындарымен кездесу барысында қаланы дамыту жөніндегі жоспарымен бөлісті.

Оның айтуынша, халық санының өсуі мен тұрғын үй құрылысы қарқынды жүруіне байланысты әлеуметтік инфрақұрылымның дамымауы және қоғамдық кеңістіктердің жетіспеуі байқалып отыр. Бүгінгі таңда Алматы мектептеріндегі орын тапшылығы 19 600-ден асады, оның ішінде 3 300-і Бостандық ауданында екен. Ал, балабақшаларындағы кезек 40 200 орынды құрайды, оның 2400-і осы ауданда. Қазір Бостандық ауданында 60 мектеп пен 75 балабақша жұмыс істеп тұр.

Мемлекеттік жер қорында әлеуметтік инфрақұрылымды, сондай-ақ демалу орындары мен қоғамдық кеңістіктерді салу және кеңейту үшін бос жер учаскесі жоқ. Осы жағдайды ескере отырып, бұл проблемаларды тек құрылыс салу немесе кеңейту, болмаса жер учаскелерін жеке меншік иелерінен сатып алу арқылы шешеміз. Ол үшін әкімдік қазір 1320  орынды 5 мектепте  қосымша  құрылыс салуда, осы жылдың соңына дейін кеңейтілген 4 мектеп пайдалануға беріледі. Сондай-ақ жеке меншікке тиесілі №94 мектеп ғимаратының бір бөлігін сатып алуды қарастырып жатырмыз. Бұл қосымша 600 мектеп орынын қамтамасыз етеді деп ойлаймын,-деді Досаев.

Әкім ауданда оқу жылының басында жаңадан мектепке келетін оқушы саны шамаман 1000 баланы құрайтынын ескеру қажет дейді.

Әзірге орын тапшылығы азаймайды, бірақ бұл мәселені әзірленіп жатқан 2022-2024 жылдарға арналған Алматы қаласын дамыту жоспары арқылы шешуге күш-жігерімізді саламыз, - деді қала әкімі. 
 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы