Әлеуметтік эксперимент. Жастар буллинг мәселесін көтеріп жүр
Буллинг. Бұл іс жүзінде әр мектепте бар мәселе, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығынның ақпараты бойынша Қазақстанда әрбір бесінші бала құрдастарының тарапынан қысымға ұшырап, буллингтің құрбанына айналады.
Ең сорақысы, мұның арты суицидпен аяқталуы мүмкін. Егер қала тұрғындары буллингтің куәгері болса не істемек? Буллингке ұшыраған жас жеткіншекке көмек қолын созар ма екен? Әлде бей-жай қарайды ма?
Бүгін дәл осы сұрақты тексеру үшін Өскемен және Атырау қалаларында әлеуметтік эксперимент өтті. Эксперименттің өтуіне «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанатының белсенділері ұйытқы болды.
Бейнеде көрсетілгендей, бірнеше мектеп оқушылары сыныптасына әлімжеттік көрсетеді. Мұны байқаған қала тұрғындары балаларды бірден арашалап, көмек көрсетті. Сондай-ақ балалардың қасынан өтіп кеткен адамдар да болды.
Экспериментті ұйымдастырушы Шығыс Қазақстан облыстық «Жастар Рухы» Жастар қанаты филиалының төрағасы Қорлан Тугамбаеваның айтуынша, акцияның басты мақсаты – көпшілік назарын буллинг мәселесіне аудару.
Эксперимент арқылы буллинг тақырыбына үлкендердің назарын аударғымыз келді. Себебі аталған мәселе бұл күні кеше туындаған жайттардың бірі емес. Бұл оқушылар арасындағы жылдан жылға жалғасып келе жатқан келеңсіз үрдіс десем артық айтқаным емес. Өздеріңіз көргендеріңіздей, балаларға бей-жай қараған адамдар саны да аз болмады. Осы тұста, ата-аналар мен қала тұрғындарына айтарым – буллинг мәселесіне немқұрайлы қарамай, бірге күресейік дегім келеді. Себебі жас жеткіншектер – біздің ертеңіміз. Олардың бүгінгісі әрқайсымызды мазалау керек, - деді ол.
Сондай-ақ оқушыларды арашалап қана қоймай, балаларға ақылдарын айтып, татулыққа шақырған қала тұрғындары да болды.
Мұнымен қоса, дәл осындай әлеуметтік эксперимент Атырау қаласында да өтті.
Буллинг – бұл талқыланатын және алдын алуға болатын мәселе. Өкінішке қарай, оқушылар арасында зорлық-зомбылық және буллинг жағдайлары тоқтамай тұр. Эксперимент арқылы біздің қоғамда буллинг мәселесі бар және оны тоқтатуға атсалысу керектігін көрсеткіміз келді. Біз діттеген мақсатымызға жеттік деген ойдамын, - дейді Экспериментке қатысушы Атыраулық ерікті Амина Ахметова.
Президент өз Жолдауында мектептердің психологиялық қызметін дамыту қажеттігін баса айтқан болатын. Сондай-ақ қазақстандық мектеп балалар өздерін жайлы сезінетін ең қауіпсіз орынға айналуы тиіс екенін атап өтті.
Осы мақсатта Жастар қанатының ұйымдастыруымен қазан айынан бері қала, аудан орталықтарында психологтардың қатысуымен мектептерде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, оқушылармен кездесулер өтуде. Кездесу барысында оқушылар арасында келеңсіз оқиғалардың, буллинг, кибербулинг, зорлық-зомбылықтың алдын-алу тақырыптары қозғалуда.
Айта кетеміз, мұндай әлеуметтік эксперименттер тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбында да Шымкент, Қостанай қалаларында өткен болатын.