Әлеуметтік эксперимент: Астаналықтардың қоқысқа көзқарасы қандай
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының еріктілері әлеуметтік экспериментті елордада жалғастырып, тұрғындардың лақтырылған қоқысқа реакциясын анықтады.
Ол үшін жас жігіт ештеңе болмағандай, пластикалық стакан, пакеттерді және басқа да ұсақ қалдықтарды жерге, кейде тіпті өтіп бара жатқан адамдардың алдына лақтырды. Елорда тұрғындары өздерінің әлеуметтік жауапкершіліктерін белсенді танытқандары қуантады. «Экспериментке қатысушыға» өтіп бара жатқан 8 адамның 5-еуі қоқыс жәшігіне қоқысты лақтыру қажет екені туралы ескерту жасады.
Біз таза қалада өмір сүруге және демалуға деген ұмтылыс туралы жиі айтамыз, коммуналдық қызметтердің тиісті жұмысын талап етеміз. Өкінішке қарай, біз қоқысты рұқсат берілмеген жерге тастауға асығып, осылайша қоршаған ортаны ластайтынымызды мойындамаймыз. Қазір халық арасында осы сұрақтарды шешу үшін ақпараттандыру жұмыстары жүріп жатыр. StopMusor жобасы аясында Нұр-Сұлтандағы әлеуметтік экспериментіміз осының айқын мысалы. Қоқыс тастамайтын жерлерде тазалық болатынын әрдайым есте ұстаған жөн, - деп түсіндірді Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының басқарма төрағасы Айгүл Соловьева.
ҚР электрон үкімет порталының мәліметтері бойынша Қазақстанда жылына 4,5-5 млн тонна қатты тұрмыстық қалдықтар пайда болады. 2020 жылғы қайта өңделген және орналастырылған қатты тұрмыстық қалдықтардың үлесі 18,3% құрады. Нұр-Сұлтан қаласында жыл сайын 300 000 тонна қалдық қоқыс өңдейтін кешенге шығарылады.
Бұған дейін әлеуметтік эксперимент алматылықтардың арасында да жүргізілді.