Әлеуметтік бала күтушілеріне арналған бағдарлама жасалды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрлігінің аппарат жиналысында «Өрлеу» БАҰО» АҚ директоры Асел Мұхаметжанова бағдарламалардың жаңа буынын әзірлеу барысы туралы түсіндіріп берді.
Ұйым көп уақыт бойы Назарбаев зияткерлік мектептері әзірлеген орта білімнің жаңартылған мазмұны бойынша бағдарламаларды пайдаланып келді. Кейін «Өрлеу» оқытушылары модульдік жүйе негізінде жаңадан 122 бағдарламаны әзірледі, - деді ол.
Сөзінше, бағдарламада модульдердің қатарында нормативтік-құқықтық құжаттар, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және педагогтердің сұратуы бойынша жеке тақырыптар бар.
Бұл бағдарламалардың мазмұндық модулі де бар. Бағдарламаны қазан айынан бастап білім алушыға бағытталған парадигма, яғни оқушының жетістіктері негізінде жаңартып шықтық. Сондай-ақ инклюзивті білім беру, жобалық оқыту, икемді дағдылар тақырыптарын қамтыдық. Әрбір оқытушыға қолжетімді оқу-әдістемелік кешендердің базасын қалыптастырдық. Соңғы жарты жылдықта жаңа 54 білім беру бағдарламасын әзірлеп жатырмыз, - деп түсіндірді Асел Мұхаметжанова.
Оның айтуынша, қазір мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамыту моделін енгізуге байланысты және мектепке дейінгі ұйымдарда ойын іс-әрекетінің басымдығын ескере отырып, педагогтерге арналған 7 білім беру бағдарламасын әзірлеген.
Әлеуметтік бала күтушілеріне арналған бағдарлама жасалды. Бұл 180 сағаттан тұратын әлеуметтік жағдайы төмен көпбалалы отбасыларға бала күтімінде көмектесетін үй тәрбиешілеріне арналған жаңа бағдарлама болады, - деп айтты ол.