Әлеуметтік азық-түлік бағасы қолдан реттелмейді – министрлік себебін түсіндірді

2026 жылдан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке шекті баға қою механизмі алынып тасталады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ведомствоның мәлімдеуінше, бұл шешім Мемлекет басшысының 2023 жылғы Жолдауында айтылған тапсырмаға сәйкес қабылданған.

ӘМАТ-қа шекті және рұқсат етілген шекті мәнді реттеу механизмі заңнамадан алып тасталады. Бұл әдіс қазіргі уақытта тиімділігін жоғалтты. Себебі шекті баға енгізу ұзақ уақыт алады және сол мерзім аралығында нарықтағы баға тұрақтанып, қабылданған шара өзектілігін жоғалтады, – делінген редакциямызға берілген ресми жауапта.

Шекті баға қоюдан неге бас тартылып отыр?

Министрліктің түсіндіруінше, шекті баға белгілеу тәсілі нарықта тапшылық тудыруы мүмкін және отандық өнімді арзан импортпен алмастыру қаупін арттырады. Бұдан бөлек, шекті баға қоюды әкімдіктер тоқсан сайын белгілейді, ал бұл нарықтағы жедел өзгерістерге сәйкес келмейді.

Анықтама ретінде айта кетсек:

– Шекті бағадан 15%-ға асып кетсе немесе
– Бөлшек баға бір мезгілде 30%-ға өссе, жергілікті атқарушы орган жаңа шекті баға енгізуге құқылы.

Сонымен қатар, ӘМАТ-қа сауда үстемесі 15%-дан аспауға тиіс. Бұл көрсеткіш сақталмаған жағдайда сауда субъектілеріне әкімшілік жаза қолданылады.

ҚҚС өссе, азық-түлік бағасы шарықтай ма?

Ведомствоның айтуынша, ҚҚС өсімі бағаға әсер етуі мүмкін. Алайда бұл ықпалдың азаматтарға ауыртпалық түсірмеуі үшін бірқатар шара қабылданып жатыр.

ӘМАТ (еск. – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік) бойынша сауда үстемеақысының шекті мөлшерін сақтау – негізгі тетіктердің бірі. Министрлік бұл бағытта бақылау жұмыстарын күшейтті, – делінген редакциямызға берілген жауапта.

Бұған дейін қосылған құн салығының (ҚҚС) өсуі елдегі бағаға қалай әсер ететінін жаздық. Сауда министрлігі нақты шаралар мен бақылау жүйесін түсіндірген болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив
Өзгелердің жаңалығы