Әлеуметтік әділеттілік пен тең мүмкіндік: Астанада «Әлеуметтік Қазақстан» форум-конгресі өтті
ҚХП әлеуметтік әділеттілік, еңбек, білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау мен тең мүмкіндік мәселелерін талқылады.
Астанада Қазақстан Халық партиясы ұйымдастырған «Әлеуметтік Қазақстан» I Форум-конгресі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ашық сараптамалық диалог форматындағы жиында адам және оның өмір сүру сапасына қатысты мәселелерге басымдық берілді.
Қатысушылар әлеуметтік әділеттілік, лайықты еңбек, экономика мен технологияларды дамыту, білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және тең мүмкіндік тақырыптарын талқылады.
Конгреске Қазақстан Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов модераторлық етті.
Социализм – тең мүмкіндікке және халықтың басым бөлігінің әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жалғыз жол. Капитализм өзін-өзі сарқыды, – деді Нұрсұлтан Шоқанов.
Ол капиталистік партия өкілдерінің «Құнанбайлар неғұрлым көп болса, соғұрлым біздің елде Абайлардың саны көп болады» деген мәлімдемесіне де пікір білдірді.
Қазір біз Абайдың шығармаларын оқып жатырмыз, Құнанбайдың байлығын есептеп жатқан жоқпыз, – деді партия төрағасы.
Форумда әр саланың мамандары заманауи әлеуметтік мемлекет құру және ХХІ ғасырдағы қазақстандық социализмді дамыту жөніндегі ойларын ортаға салды.
«Береке» мал шаруашылығының жетекшісі Жәнібек Кенжебаев агроөнеркәсіп кешеніндегі күнделікті мәселелерді сөз етті. Гендерлік теңдік жөніндегі сарапшы Әйгерім Құсайынқызы әйелдердің жолындағы «шыны төбе» мәселесіне тоқталды.
Инклюзия мәселелері жөніндегі сарапшы Рауана Сағадиева мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімді әрі кедергісіз орта қалыптастыру қажеттігін көтерді.
«Қорғау-Астана» қорының жетекшісі Анна Рыль отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғауға қатысты заңнамалық нормаларды түсіндірді. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Дмитрий Ромащенко мектептегі білімнің қоғам үшін ең тиімді әлеуметтік лифтілердің бірі екені туралы баяндама жасады.
Конгресс соңында Қазақстан Халық партиясы бірқатар меморандумға қол қойып, қазақстандық социализм манифесін жариялады.