Әлемнің жетекші елдері жасанды интеллектіні стратегиялық ресурс ретінде мойындаған – Тоқаев
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің отырысында сөйлеген сөзінде әлемдегі бұл саланың даму барысына тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Әлемнің жетекші елдері жасанды интеллектіні XXI ғасырдың стратегиялық ресурсы ретінде мойындап, оның дамуына ауқымды қаржы бөліп отыр, – деді Президент.
Айтуынша, Қытайда ЖИ-ді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Ол бағдарлама жасанды интеллектіні экономикаға, ғылымға және әлеуметтік салаға кешенді түрде енгізуді көздейді. Ал АҚШ бұл бағытта жаһандық көшбасшылықты қамтамасыз етуге бағытталған стратегияны іске асыруда.
Мемлекет басшысы сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктерінің де айтарлықтай табыстарға қол жеткізіп, жасанды интеллектіні мемлекеттік саясаттың басты бөлігі ретінде қарастырып отырғанын атап өтті.
Президенттің пікірінше, бұл мысалдар жаңа жаһандық парадигманы айқын көрсетеді: жасанды интеллект – ғаламдық технологиялық бәсекеге қабілеттіліктің негізгі факторы.
Қазақстан бұл үдерістен тыс қала алмайды. Бұл жерде әңгіме өңірлік немесе одан тыс жерлерде көшбасшы болу туралы емес, елімізді озық, өркениетті қоғамға айналдыру туралы болып отыр, – деп түйіндеді Тоқаев.