28 Қазан 2026, 19:44 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

Әлемнің үздік 50 елінің қатарында: Қазақстан қауіпсіз елдер рейтингінде Франция мен Италиядан озды

Халықаралық зерттеу Қазақстанның қоғамдық қауіпсіздік деңгейін бағалады. Еліміз 143 мемлекет пен аумақтың арасында қай орынға жайғасты?

Қазақстан қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік деңгейі бойынша 143 ел мен аумақтың арасында 41-орынға жайғасты. Мұндай мәліметтер World Justice Project (WJP) халықаралық ұйымының 2026 жылғы зерттеуінде жарияланды.

Соңғы төрт жылда Қазақстан осы көрсеткіш бойынша рейтингтегі орнын біртіндеп жақсартып келеді. 2023 жылы ел 44-орында болса, 2024 жылы 43-орынға, 2025 жылы 42-орынға көтерілген. Ал биыл 41-сатыға жайғасты.

Сарапшылар нені бағалады?

Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік көрсеткіші халықтың қылмыстық әрекеттерден, терроризм қаупінен, қарулы қақтығыстардан және саяси зорлық-зомбылықтан қаншалықты қорғалғанын ескереді. Сондай-ақ жеке жанжалдарды шешу кезінде зорлық-зомбылықтың қаншалықты жиі қолданылатынына ерекше назар аударылады.

Бұл бағытта Қазақстан Франция, Италия, Португалия, Грузия, Түркия және Ресей сияқты бірқатар Еуропа және Азия елдерінен жоғары орналасқан.

Қазақстан жалпы рейтингте нешінші орында?

Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік көрсеткіші World Justice Project ұйымының Құқық үстемдігі индексіне (Rule of Law Index) кіреді. Бұл индекс сегіз бағытты қамтиды.

Қауіпсіздіктен бөлек, зерттеу азаматтардың негізгі құқықтарының сақталуын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті, мемлекеттік органдардың ашықтығын, сот жүйесінің жұмысын және заң талаптарының орындалуын бағалайды.

Жалпы Құқық үстемдігі индексінде Қазақстан 143 ел мен аумақтың арасында 67-орынға ие болды.

Зерттеу халық арасында және тиісті сала мамандары арасында жүргізілген сауалнамаларға негізделген. Бағалау 44 көрсеткіш бойынша қалыптастырылады.

2026 жылғы жалпы Құқық үстемдігі индексінде Дания бірінші орынға шықты. Одан кейін Норвегия, Финляндия, Швеция және Люксембург орналасты.