Әлемнің сегізінші кереметі. Терракота сарбаздарының қандай құпиясы бар?

Шэньси провинциясындағы Терракота сарбаздары музейі – мыңдаған туристі қызықтырған ерекше тарихи мұра, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Сиань қаласынан.

Сиань қаласына қарасты Линьтун ауданында орналасқан Терракота сарбаздары музейі Қытайдағы ең ірі көне әскери музей саналады. Ол Цинь Шихуанди императорының жерлеу кешеніндегі қазба орнында бой көтерген.

1974 жылы жергілікті диқандар ұңғыма қазып жүріп, күтпеген жерден жауынгер мүсіндеріне тап болған. Осыдан кейін археологтар жүйелі қазба жүргізіп, жалпы аумағы 20 мың шаршы метрден асатын үш үлкен шұңқырды ашты. Мұнда шамамен 8 мың сарбаз бен жылқының мүсіні, жүзден астам соғыс арбасы және ондаған мың қару-жарақ табылған. Үш шұңқырдың орналасуы “品” (пинь) иероглифіне ұқсайды. Бұл Цинь әскерінің сол, орталық және оң қанаттағы әскери сапын бейнелейді.

Музей 1979 жылы ресми түрде ашылды. Содан бері ол 70 миллионнан астам туристі қабылдап, 200-ге жуық мемлекет және үкімет басшылары осында келген. Терракота әскері “әлемнің сегізінші кереметі” атанып, 1987 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енді.

2025 жылы археологтар мүсіндердің беттерінен 100-ден астам саусақ ізін анықтады. Бұл деректер ежелгі шеберлердің жасын, жынысын және қолданған әдісін зерттеуге мүмкіндік береді. Әрбір сарбаздың бет-әлпеті қайталанбайтыны белгілі болды. Бұл мүсіндердің жай қалып емес, нақты адамдардың бейнесінен жасалғанын көрсетеді.

Сарбаздардың түпнұсқа бояуы мен құрылымын сақтау үшін музейде арнайы климаттық бақылау жүйесі орнатылған. Температура мен ылғалдылықты қатаң қадағалау жәдігерлердің бастапқы қалпын жоғалтпай сақтауға мүмкіндік береді.

Тарихи ескерткіштер бірнеше аумақтан тұрады

Нөмірі бірінші қазба аумағында шамамен 6 мың жауынгер орналасқан. Ал екіншісінде атты әскер мен арбалетшілер табылса, 3-ші қазба орны қолбасшылар штабы ретінде қарастырылады. Бұл әскери құрылым император Цинь Шихуанди әскерінің шынайы саптық жүйесін бейнелейді.

Ал император мавзолейінің негізгі бөлігі әлі ашылған жоқ. Қытай билігі оны толық қазуға асықпай отыр. Себебі қазіргі технология тарихи жәдігерлерді бүлдірмей сақтап қалуға жеткіліксіз. Ғалымдар болашақта жаңа әдістер пайда болғанда, император қабірінің құпиясы ашылатынына сенімді.

Терракота сарбаздары музейі – Қытай тарихының ғана емес, бүкіл адамзат өркениетінің қазынасы. Ол археологиялық зерттеулер мен мәдени мұраны қорғаудың орталығы бола отырып, қытай және әлемдік өркениеттер арасындағы рухани көпірге айналды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы