Әлемнің сегізінші кереметі. Терракот әскері

Гуанчжоу, Қытай, BAQ.KZ тілшісі. Терракот әскері – әлемнің сегізінші кереметі ретінде танымал. Ол – Қытайдағы ең ерекше тарихи орындардың бірі.

Қытайға жиналған Орталық Азия елдерінің журналистері үшін Терракот әскері музейіне онлайн экскурсия ұйымдастырылды. Онлайн көрмеде Терракот әскері музейі таныстырылды.

Терракот әскері деген не?

«Терракот әскері» - Сиань қаласындағы император Цинь Шихуандидің кесенесі жанындағы 8099 қытай жауынгерінің және олардың аттарының өлшемі сақталған мүсіндер қабірінің атауы.

Мүсіндерді 1974 жылы жергілікті шаруалар Лишань тауының шығыс жағынан артезиан ұңғымасын қазып жатқанда тапқан.

Бірінші қазба жұмыстары 1978 жылдан 1984 жылға дейін болды, екіншісі 1985 жылдан 1986 жылға дейін, ал үшінші қазба жұмыстары 2009 жылдың 13 маусымында басталды.

Тарихи деректер бойынша, император Цинь Шихуанди таққа отырғаннан бір жылдан кейін ж.с.д. 246 жылы өзінің мазарын сала бастайды. Оның ойынша, мүсіндер оған ана өмірде серік болып жүруі тиіс болған.

Саздан жасалған әскер император мазарының шығысында параллель табыттарда 1,5 шақырым бойы тізіліп сапта тұр. Жауынгерлердің мүсіні өнер туындылары іспеттес. Өйткені олардың әрқайсысы жеке-жеке тәртіппен әртүрлі тәсілдерді қолдану арқылы қолдан жасалған. Әрбір мүсіннің кескіні, тіпті бет-әлпеттері де бір-біріне ұқсамайды.

Ежелгі Қытай халқының дәстүрі бойынша, император көз жұмғаннан кейін, оның құзырындағы барлық адам билеушімен бірге жерленеді. Сол себепті мүсіндермен қатар, 70 мың адам тірідей көмілген. 

8 000 мүсін неден жасалған?

Терракот әскерінде үш жерасты дәлізінде орналасқан сегіз мыңға жуық мүсін бар. Бұл тек жобамен осынша ғана. Өйткені мүсіндердің көбі сынған және реставрацияны қажет етеді.

Мүсіндердің бөлшектері саздан жасалған, олар күйдіріліп, боялған және осы формада жиналған. Аяқтар мен денелер арнайы формаларды қолдана отырып жасалған. Бастары, шаш үлгілері де жеке-жеке жасалған. Әскердің әрқайсысы жеке адамды бейнелейді. Әскер қатарында жаяу әскерден басқа садақшылар мен ат арбалар, сондай-ақ ат мүсіндері, сонымен бірге шенеуніктердің, музыканттардың және императордың басқа да қызметшілерінің мүсіндері бар.

Бұл әскер қытай императоры қабірінің үлкен жобасының бір бөлігі ғана, оны салу үшін 700 мыңға жуық адам жұмыс істеген. Осылайша, император қайтыс болғаннан кейін де өз елін басқаруды жалғастырғандай.

Әр мүсіннің салмағы – 135 келі, ал ұзындығы – 2 метрден асады. 

Терракот әскерінің қару-жарақтары

Сарбаздар саздан жасалса да, бірақ қолдарындағы қару шын қару болды. Өкінішке қарай, қару-жарақтың барлығы сақталмаған. Біріншіден, жерлеу кешені бірнеше рет тоналған. Екіншіден, металл керамикаға қарағанда әлдеқайда нашар сақталады және көптеген зат шіріп кеткен. Бірақ аз мөлшерде сақталған қару-жарақтың өзі ғалымдардың зерттеу жұмысына көмегін тигізді. Осылайша, қабірде мүсіндермен қоса, қару-жарақтар, одан бөлек, ат арбалар да көмілген.

Айта кетейік, император Цинь Шихуанди империяны біріктірген, ал, Ұлы қытай қорғанының құрылысы осы билеушінің тұсында басталған болатын.

Терракот әскері – 1987 жылы ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұралар тізіміне кіргізілген құнды жәдігер. Цинь Шихуанди мазары кешені осы тізімге енген қытай объектілерінің алғашқыларының бірі болды.

Еске сала кетейік, 2017 жылы EXPO көрмесі кезінде Терракот әскерінің жылжымалы көрмесі елордада өткен болатын. Бір ай бойы елордалықтар мен қала тұрғындары Ұлттық музейде көрмені тамашалауға мүмкіндік алды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: tonkosti.ru
Өзгелердің жаңалығы