Әлемнің ең үздік жобасы Орта Азия елдерінде

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 15 қыркүйектен бастап «Хабар» арнасы Central Asia’s Got Talent деп аталатын мега шоуды эфирден көрсетеді. 

Central Asia’s Got Talent – бұл халықаралық франшиза. Авторы – Саймон Коуэлл. 2006 жылдың маусым айында телебайқау «America’s Got Talent» деген атпен Америкада жарыққа шығып, осы уақытқа дейін лицензия арқылы формат әлемнің 70 елінде жүзеге асырылған. 2014 жылдың сәуір айында Got Talent әлемдегі ең сәтті телевизиялық формат ретінде Гиннесстің рекордтар кітабына енді. Дәл сол кезде телебайқаудың франшизасы әлемнің 58 елінде көрсетілген.

Орта Азия елдерінде алғаш рет көрсетілетін жобаның Қазақстанға келуіне «Хабар» Агенттігі бастамашы болған.

«Жоба барысында бізді 3 ел қолдады. Олар Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және біз Қазақстан – бастамашы болып келеміз. Бүгінгі таңда түсірілім жұмыстары аяқталды. Жалпы іріктеуге 200-ден астам адам қатысып, төрешілер ең үздік дегенін таңдады. Байқауға би билеп, ән айтатын, сондай-ақ басқа да түрлі өнер иелері келіп, бар білгенін ортаға салды. Біздің ең басты мақсатымыз – жаңа есімдерді, жаңа талант иелерін ашу, оларды халыққа паш ету. Айта кету керек, «Central Asia’s Got Talent» бізде ғана емес, жоғарыда айтылған 3 мемлекетте, бізбен бірдей уақытта көрсетілетін болады. Яғни, дарын иелері - тек қана біздің елде емес, Орта Азия мемлекеттерінде де танымалдылыққа ие болады деген сөз», - дейді «Хабар» телеарнасының Бағдарламалар директоры Айкүміс Сексенбаева.


Бұл – қатысушылардың жасы мен талантының қандай болғанына қарамастан бағын сынап, өнерін көрсетуге мүмкіндік беретін бірегей жоба. Шоудың жеңімпазы атақ-даңқпен бірге қомақты қаржылай сыйлыққа ие болады.

Байқауға әр елден жалпы 4 адам төрешілік етеді. Олар Нұрлан Абдуллин (Қазақстан), Гүлнұр Сатылганова (Қырғызстан), Ситора Фармонова (Өзбекстан) және Аловуддин Абдуллоев (Тәжікстан). Бұл тұлғалардың барлығы өз елінің жұлдыздары, халқы сүйетін өнерпаздары.

Төрешілердің айтуынша, қатысушылардың қарасы аз болмаған. Десе де, іріктеу кезеңінің жазғы демалыс уақытына тұспа-тұс келгендігі – Нұрлан Абдуллинді қобалжытқан ұқсайды.

«Мен енді өзіміздің еліміздің атынан болғандықтан, біраз қобалжыдым, себебі іріктеу жаз айларында болды, бәрі демалыста, естімей, білмей, нағыз тума таланттар қалып кетеді ме деп уайымдадым. Құдайға шүкір, біздің еліміздің қанында өнер, талант деген баршылық қой. Бұл тіпті жәй ғана таланттар шоуы емес, бүкіл Орта Азия елдеріне паш етілетін жоба болғандықтан өте үлкен жауапкершілікпен қарадық», - дейді Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, әнші Нұрлан Абдуллин.


Ал Өзбек елінің атынан төрешілер тізгінін ұстаған Ситора Фармонова Орта Азия елдері өнерпаздарының талантына тағы бәр мәрте тәнті болғанын жасырмады.

«Қазақстанда жиі болып тұрамын. Бұл елдің өнері жағынан өзгелерді шаң қақтыратындығына еш күмәнім болған жоқ. Осы жобаның түсіріліміне келе жатқанымда қазақ халқының ұлттық әнін-биі мен халықтық музыкасын қалай көрсетеді деген қызығушылығым болғандығын жасырмаймын. Және күткен үмітім ақталды. Өте керемет әсер алдым, сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бір түсінгенім, негізі нағыз тума таланттар Орталық Азия елдерінде екен, оны бұрыннан білетінмін, бірақ осы жолы оған толық көзім жетті», - деп қуанышын жасырмады Ситора Фармонова.  


Айта кетейік, Central Asia’s Got Talent шоуын Кумар Лукманов, Еркебұлан Мырзабек (Қазақстан), Эркин Рыскулбеков (Қырғызстан), Бехруз Насриддинов (Тәжікстан) және Тимур Алиев (Өзбекстан) жүргізеді.

Олай болса, 15 қыркүйектен бастап әр жексенбі «Хабар» арнасынан Central Asia’s Got Talent жобасын тамашалаңыздар!


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы