30 Қараша 2026, 01:29 Фото: depositphotos.com

Әлемнің 20 елінде Amazon қызметкерлері ереуілге шықты

Жұмысшылардың негізгі талаптары – еңбекақыны арттыру, қауіпсіз еңбек жағдайын жасау және кәсіподақтармен ұжымдық келісімдерге қол қою.

Қара жұма күні әлемнің 20 еліндегі Amazon қызметкерлері жаппай наразылық акциясына шығып, жалақыны көтеруді, еңбек жағдайын жақсартуды және ұжымдық келісім құқығын қамтамасыз етуді талап етті. Бұл туралы Euronews хабарлады.

Франция, Польша, Ұлыбритания, АҚШ, Жапония, Бразилия және Оңтүстік Африканы қоса алғанда, бірнеше елдің жұмысшылары компанияның қоймалары, сұрыптау орталықтары мен кеңселерінде ереуіл ұйымдастырды. «Make Amazon Pay» қозғалысы аясындағы акцияларға кәсіподақтар, экологиялық ұйымдар және салық әділеттілігін жақтаушылар да қосылды.

Наразылық шаралары жетінші жыл қатарынан өткізіліп отыр. Германияда қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің ver.di кәсіподағы Amazon компаниясының 11 нысанында ереуілге шақырса, Үндістанда акциялар кемінде 23 жерде ұйымдастырылған. Кейбір елдерде наразылықтар «Қара жұма» мен «Кибер дүйсенбі» аралығында жалғасады.

Жұмысшылардың негізгі талаптары – еңбекақыны арттыру, қауіпсіз еңбек жағдайын жасау және кәсіподақтармен ұжымдық келісімдерге қол қою. Мәселен, Бангладештегі Amazon қызметкерлері ай сайынғы жалақыны 128 еуродан 220 еуроға дейін көтеруді талап етіп отыр.

Ал Amazon өкілдері компания әлем бойынша 1,5 миллионнан астам адамды жұмыспен қамтып, қызметкерлеріне жоғары жалақы, әлеуметтік жеңілдіктер мен қауіпсіз еңбек жағдайын ұсынатынын мәлімдеді.

Еуропада Amazon компаниясында 230 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі тапсырыстарды жинақтау, орау және жеткізу қызметтерімен айналысады.