Әлемнің 12 елінде қазақ тілін оқытатын 31 онлайн сынып жұмыс істейді – министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева ел алдындағы кезекті есеп беру барысында айтты.

Қоғам үшін ерекше маңызы бар тағы бір бағыт – қандастар мәселесі. Өздеріңізге мәлім, Қазақстан шетелдегі диаспорасын Отанына шақырған әлемдегі санаулы мемлекеттердің қатарында. Бұл мақсатта министрлік жанынан «Отандастар» қоры құрылып, нақты жобалар жүйелі жүргізіліп келеді. Бүгінде әлемнің 12 еліндегі қазақ қауымдастығының сұрауымен қазақ тілін оқытатын 31 онлайн сынып жұмыс істейді. Мәдени-гуманитарлық байланысты күшейту мақсатында 5 мемлекетте «Abai Uii» қазақ мәдени-іскерлік орталықтары ашылды. Олар Ресей, Өзбекстан, Түркия, Германия, Украина, - деді ол.

Министр елге оралған қандастарды жаңа ортаға бейімдеу жұмысы да бір жүйеге келтірілгенін жеткізді. Оның айтуынша, қандас мәртебесі мен азаматтық алу рәсімін жеңілдететін «бір терезе» принципі жобасы бүгінде толық пысықталған. Бұл процедура Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жақын арада қолжетімді болады.

Еліміздің 10 өңірінде «Отандастар» қорының фронт-кеңселері жұмыс істеуде. Тағы 6 өңірде фронт-офистер ашылады. Орталықта жаңадан елге келген қандастарға дұрыс құжат рәсімдеуден бастап оларды мемлекеттік қолдаудың барлық сұрақтары бойынша құқықтық, ақпараттық көмек беріледі. Былтыр 5 мыңнан астам өтінішке нақты көмек көрсетілді, - деді ол. 

Аида Балаева сауабы мол абыройлы міндеттің үдесінен шығу үшін министрлік институционалдық тұрғыдан да, құқықтық бағытта да қызмет етуге қашанда даяр екенін жеткізді.

Бұл жұмыста ең бастысы – дүние жүзіне тарыдай шашылған қандастарымызды елге көшіру ғана емес, олардың әлемнің қай түкпірінде жүрсе де ұлттық мүдделерін қорғау, қарабасына қамқор болу, - деді министр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы