Әлемге қазақтардың күшті ғана емес, мерген екенін де көрсеттік - Александра Ле
Париж Олимпиадасына аттанған қазақстандық спортшылардың легі елге оралды. Оларды салтанатты түрде жанкүйерлер мен туған-туыстары қарсы алды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі
Нысана көздеуден Олимпиаданың қола жүлдегерлері Александра Ле журналистерге өзінің әсерімен бөлісті.
Мен өте қуаныштымын, бұл сезімді айтып жеткізе алмаймын. Көп жылдан кейін нысана көздеуден медаль иелендік. Барша әлемге қазақтар күшті ғана емес, мерген екенін көрсеттік. Алдағы уақытта өзімен жұмыс жасаймын, жаттықтырушыларыммен ақылдасып, бірлесіп жұмыс істейміз. Бізді күтіп алып жатқандарға алғысымды білдіремін. Бұл жерде медаль алғанымызды расымен сезініп жатырмыз,- деді мерген қыз.
Александра Ле Париж Олимпиадасындағы медальді барша қазақ еліне арнайтынын айтты.
Бұл медальді барлық қазақ елі күтті, көпшілігі бізге тілеулес болып, үйде отырып, тақымын қысты. Медаль алған сәтте барлығы құттықтап, жағымды пікірлерін қалдырды. Сол себептен бұл жеңісімізді барша қазақ еліне арнаймыз. Бұл біздің ғана емес, еліміздің жеңісі, - деді Александра Ле.
Еске салайық, пневматикалық винтовкамен 10 метрге нысана көздеуден аралас командалық сында Александра Ле мен Ислам Сәтпаев Олимпиаданың қола жүлдесін жеңіп алдды.