22 Тамыз 2026, 16:46 Фото: ©BAQ.KZ

Әлемдік жоғары оқу орындары Қазақстан өңірлеріне келуде: бұл студенттер үшін нені өзгертеді

Қазақстандық жоғары оқу орындарында бүгінде 37 мыңнан астам шетелдік студент білім алып жүр.

Бүгінде қазақстандық жоғары оқу орындарында 37 мыңнан астам шетелдік студент білім алуда. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, барлық ірі облыс орталықтарындағы білім беру мекемелері бейінді шетелдік серіктестермен ынтымақтастықты дамытуда.

Мәселен, Астанада жетекші британдық зерттеу университеттерінің бірінің кампусы жұмыс істеп тұр. Петропавлда жоғары оқу орны студенттерге қазақстандық-америкалық қос диплом алу мүмкіндігін ұсынады — мұнда 16 елден келген жастар білім алуда. Бұдан бөлек, Абай облысында мал шаруашылығына маманданған австралиялық университеттің филиалын ашу жоспарланып отыр.

Білім беру көші-қоны басталды: ол тек Астана, Алматы және ірі қалаларға ғана емес, сонымен қатар өңірлерге де бағытталған. Маңызды тұсы – сабақ беру сапасы, дипломның өзі мүлдем басқа деңгейге шықты. Алғашқы түлектер америкалық дипломдарын алған кездегі ата-аналардың көз жасын көрсеңіздер ғой. Олар: «Петропавлда отырып, америкалық диплом аламыз деген үміт тіпті өңіміз түгілі, түсімізге де кірмеген еді», – дейді. Сондықтан біздің қазір жасап жатқан жұмыстарымыздың барлығы өте жақсы жемісін береді, - деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Қазақстандық білімге деген қызығушылық көршілес елдер арасында да артып келеді. Өзбекстанның Әлемдік экономика және дипломатия университетінің «Саясаттану» кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Ранохон Тұрсынованың айтуынша, Қазақстанда беделді шетелдік университеттердің филиалдарын ашу азаматтар үшін білім алу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Мұның барлығы қазақстандық жоғары білім беру жүйесінің өңірлік және халықаралық деңгейлердегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.

Біз Қазақстан Үкіметінің жоғары білімді дамыту саласында жүргізіп отырған белсенді саясатын қызығушылықпен бақылап отырмыз. Әлемнің жетекші университеттерімен ынтымақтастықты дамыту, озық білім беру технологияларын енгізу және академиялық ұтқырлықты арттыру қазақстандық жоғары оқу орындарының беделіне сөзсіз оң әсерін тигізуде, - деп атап өтті тарих ғылымдарының докторы, Әлемдік экономика және дипломатия университетінің «Саясаттану» кафедрасының профессоры Ранохон Тұрсынова (Өзбекстан).

Сарапшының пікірінше, танымал шетелдік университеттер филиалдарының ашылуы тек сол филиалдардағы білім деңгейін көтеріп қана қоймай, бәсекелестік пен озық тәжірибе алмасу арқылы ұлттық университеттерге ықпал ете отырып, елдегі білім сапасының жалпы деңгейін арттыруға септігін тигізеді.

Өзбекстан жастарының Қазақстанға білім алу үшін ықыласпен келуі – жоғарыда аталған факторлардың заңды салдары. Біз мұны қазақстандық жоғары оқу орындарының, әсіресе шетелдік университеттердің филиалдарын ашып жатқан оқу орындарының халықаралық стандарттарға сай бәсекеге қабілетті білімді тартымды бағамен ұсынып отырғанын дәлелдейтін оң үрдіс ретінде қарастырамыз, - деп баса айтты Ранохон Тұрсынова.

Беделді шетелдік университеттер филиалдарының пайда болуы және шетелге шықпай-ақ халықаралық диплом алу мүмкіндігі Қазақстанның аймақтың білім беру картасындағы ұстанымдарын нығайта түседі.

Қазақстанның елді білім беру хабына айналдыру үшін елеулі ресурсы бар. Қазақстанның бірден екі қаласымен «QS Best Student Cities 2027» жаһандық рейтингінде ұсынылуы да айқын көрсеткіш: Алматы 78-ші, Астана 119-шы орынды иеленді. Бұл көрсеткіш бойынша қазақстандық мегаполистер Орталық Азияның басқа елдерін басып озды, - деп атап өтті Әзербайжан Республикасы Баспасөз кеңесі басқармасының мүшесі, саяси талдаушы Егяна Гаджиева.

Естеріңізге сала кетейік, Премьер-Министр Олжас Бектенов жаңа оқу жылының басталуына қарай инфрақұрылымды, атап айтқанда жатақханаларды сапалы дайындауды қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Бүгінгі таңда еліміздің қалаларында студенттік жатақханалардағы төсек-орын тапшылығы мәселелері шешілген. Тапшылық тек Алматы қаласында ғана сақталып отыр, алайда бұл мәселе де жаңа нысандар салу арқылы шешілуде.