Әлемдік рекорд: 1000 жаңаарқалық тұрғын бір мезгілде 10 мың литр қымыз пісті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанда алғаш рет қымыз пісу бойынша әлемдік рекорд орнатылды. Қарағанды облысының тұрғындары Жаңаарқа ауданының 90 жылдығын және Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығын атап өтті. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің ресми сайтында хабарланды.

Жергілікті фермерлер «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға өз үлесін қосуды шешті. Жетістікті халықаралық сарапшылар тіркеді. Ерекше акцияға ауданның 12 ауылы мен екі кентінен жиналған 1000 адам қатысты. Олар бір уақытта 10 мың литр қымызды күбіге құйып пісті.


«Мен бұл рекордты жазу үшін арнайы Кубадан ұшып келдім. Ол дайындалған сусын көлемі, акцияға қатысушылар саны және пайдаланылған ыдыстар бойынша саналады. Бізде түрлі рекордтар көп, бірақ осындай алғаш рет жасалып отыр. Барлығын тексердік, өлшеп қойдық. Бір ай ішінде осы рекордтың нәтижесі біздің сайтта жарияланады», - деді Гиннес рекордтар кітабының өкілі Юделькис Диас.

Осы күні Жаңаарқа ауданының басшылығына рекорд орнатылғанын куәландыратын сертификат табыс етілді.
Рекордтар Кітабының Қазақстандағы ресми өкілі Бақытжан Тастүлеков мұндай жетістікті қайталау қиын болатынын айтты. Ол бірден 1000 күбі көрген кезде таң қалған, себебі осы бір халық тұрмысының заты қазіргі заманда сирек кездеседі.


«Біз жаңаарқалықтар мен ұлттық сусынымызды бүкіл әлем танитынын мақтан тұтамыз. Қымыз өте пайдалы. Біздің Ералиев ауылынан 100 әйел өзінің күбісін, бие сүтімен және қымыз жасайтын ұйытқысын алып келді. Біз барлығына бірдей киім тікдік, күбіні эмблемамен безендірдік», - деп атап өтті акция қатысушысы, мұғалім Аманкеш Нышанбаева.

Шараға арнайы жазылған Жаңаарқа вальсін ұлттық киім киген жұптар орындады.

Мерекелік іс-шаралар Сәкен Сейфуллин ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, «Сәкен туған Жаңаарқа» атты театрландырылған қойылымнан басталды. Шараға облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов, Сәкен Сейфуллиннің ұрпақтары, белгілі ақындар Ғалым Жайлыбай мен Серік Ақсұңқарұлы, Шет ауданы мен Қарағанды облысының Құрметті азаматы Қасымбек Медиев және басқа да қонақтар қатысты.

Мереке Атасу кентінен үш шақырым жерде орналасқан Қарауыл төбеде жалғасты. Мұнда 60-тан астам киіз үй орнатылды. Әртүрлі алаңдарда қазақ күресі, аударыспақ, түйе палуан және қол күрес ұлттық спорт жарыстары өткізілді.


Гала-концертте қазақстандық және шетелдік эстрада жұлдыздары өнер көрсетті. Шара соңында көп дүркін отшашу атылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы