Әлемдік прокатта көш бастаған ТОП-5 фильм: Қайсысы қанша табыс тапты?
2026 жылғы бес фильм әлемдік прокатта $1 млрд межесінен асты. Көш басында «Өрмекші адам» тұр. Қалған фильмдер қанша жинады?
2026 жыл әлемдік киноиндустрия үшін табысты өтіп жатыр. Жыл аяқталмай жатып бес фильм әлемдік прокатта 1 миллиард долларлық межеден асты. Мұндай көрсеткіш 2019 жылдан бері болмаған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2026 жылғы 10 тамыздағы The Numbers дерегіне сәйкес, әлемдік прокатта «Өрмекші адам: Жаңа күн» көш бастап тұр. Одан кейін Кристофер Ноланның «Одиссеясы», Pixar-дың «Ойыншықтар тарихы 5» мультфильмі, Майкл Джексон туралы «Майкл» және «Супер Марио: Галактика» орналасқан. Бес фильмнің жиынтық кассасы қазірдің өзінде 5,8 миллиард доллардан асып отыр. BAQ.KZ тілшісі биыл миллиард доллардан астам табыс тапқан фильмдерге шолу жасап, олардың көрерменді несімен қызықтырғанын және қандай қоғамдық мәселелерді қозғағанын саралады.
1. «Өрмекші адам: Жаңа күн» – 1,67 млрд доллар
2026 жылғы әлемдік прокаттың қазіргі көшбасшысы – «Өрмекші адам: Жаңа күн» (Spider-Man: Brand New Day).
Том Холланд Питер Паркер рөліне қайта оралған фильмнің режиссері – Дестин Дэниел Креттон. Картинада Зендея, Джейкоб Баталон, Джон Бернтал, Сэди Синк, Марк Руффало және өзге де актерлер ойнайды. Фильм Питер Паркердің «Spider-Man: No Way Home» оқиғаларынан кейінгі өмірін жалғастырады.
The Numbers-тың 10 тамыздағы есебінде фильмнің әлемдік кассасы 1 млрд 665 млн доллар деп көрсетілген. Өндірістік бюджеті шамамен 225 млн долларға жеткен.
Картина бірқатар кассалық рекордты да жаңартты. Солтүстік Америкада алғашқы демалыс күндері 360 млн доллар жинап, 2019 жылы «Avengers: Endgame» орнатқан 357 млн долларлық рекордтан асып түсті. Ал әлемдік прокатта фильмге миллиард доллар жинауға небәрі алты күн қажет болды. «Endgame» бұл межеге бес күнде жеткен еді. Жеті күннің ішінде «Өрмекші адам: Жаңа күн» 2026 жылдың ең кассалық фильміне айналды. Ал алғашқы он күндегі әлемдік түсімі 1,67 млрд долларға жуықтады.
Фильм қандай мәселені көтереді?
Жаңа «Өрмекші адамды» бұрынғы бөлімдерден ерекшелендіретін тұстың бірі – Питер Паркердің психологиялық жағдайына көбірек назар аударылуы. Алдыңғы бөлімнің соңында әлем Питер Паркердің кім екенін ұмытады. Оның ең жақын адамдары – MJ мен Нед те оны танымайды. Жаңа фильмде Питер суперқаһарман қызметін жалғастырғанымен, жеке өмірінде жалғыз қалады. Associated Press рецензиясында картинаның эмоционалдық өзегі дәл осы жалғыздық, жақын адамдардан айырылу және есейген сайын жауапкершіліктің артуы екені айтылады. Сондықтан фильмдегі басты мәселе тек қаланы зұлым күштерден құтқарумен шектелмейді. Картина адам үшін әлеуметтік байланыс пен жақын адамдардың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Питер бүкіл қоғамды қорғай алады, бірақ сол қоғамның ішінде өзінің жалғыз қалуы суперқаһарман туралы оқиғаны бүгінгі көрерменге жақындата түседі.
2. «Одиссея» – 1,10 млрд доллар
Екінші орында Кристофер Ноланның «Одиссея» (The Odyssey) фильмі тұр. Гомердің көне грек эпосының желісімен түсірілген картинаның басты рөлін Мэтт Дэймон сомдайды. Ол – Троя соғысынан кейін туған жері Итакаға оралуға тырысқан Одиссей. Фильмде Энн Хэтэуэй Пенелопаны, Том Холланд Телемахты, Роберт Паттинсон Антинойды сомдайды. Сондай-ақ актерлік құрамда Зендея мен Шарлиз Терон бар. 10 тамыздағы есеп бойынша картинаның әлемдік прокаттағы түсімі 1 млрд 104,8 млн долларға жеткен. Өндірістік бюджеті шамамен 250 млн доллар. Осы нәтижемен «Одиссея» инфляцияны есептемегенде Кристофер Ноланның мансабындағы ең көп табыс тапқан фильмге айналды. Ол бұған дейін шамамен 1,08 млрд доллар жинаған «The Dark Knight Rises» картинасынан озды. «Oppenheimer» әлемдік прокатта 1 млрд доллар межесіне сәл жетпеген еді. Оның үстіне «Одиссеяның» халықаралық прокаты әлі толық аяқталған жоқ. Фильм 14 тамызда Қытайда көрсетіле бастайды.
Соғыс аяқталғаннан кейін адамға не болады?
«Одиссеяның» қазіргі әлеммен үндесетін ең маңызды тақырыптарының бірі – соғыстың адамға қалдыратын салдары.
Одиссей Троя соғысынан жеңіспен шыққанымен, үйіне бірден орала алмайды. Оның жолы сыртқы қауіптермен ғана емес, өзі жасаған әрекеттерінің салмағымен де күреске айналады. Кино басылымдарының рецензиясында Ноланның Одиссейі Троядағы зорлық пен адам өлімі үшін барған сайын өзін кінәлі сезінетіні атап өтіледі. Осы тұрғыдан картина көне мифті бүгінгі күнге жақындатады. Соғыс ресми түрде аяқталғанымен, оның салдары адамның санасында, отбасында және қоғамда ұзақ уақыт сақталуы мүмкін.
Фильмде бұдан бөлек отанына оралу, отбасымен қайта қауышу, әке мен баланың қарым-қатынасы, билік, кек, адалдық және адамның жасаған таңдауы үшін жауап беруі секілді тақырыптар қозғалады.
Сондықтан «Одиссеяны» тек мифологиялық шытырман оқиға емес, соғыстан кейін қалыпты өмірге қайта оралуға тырысқан адам туралы драма ретінде де қабылдауға болады.
3. «Ойыншықтар тарихы 5» – 1,09 млрд доллар
Үшінші орында Disney мен Pixar студияларының «Ойыншықтар тарихы 5» (Toy Story 5) мультфильмі тұр. Вуди, Базз Лайтер, Джесси және көрерменге бұрыннан таныс ойыншықтар жаңа бөлімде мүлде басқа қарсыласпен кездеседі. Ол – Lilypad атты планшет.
10 тамыздағы The Numbers дерегінде мультфильмнің әлемдік прокаттағы түсімі 1 млрд 93,98 млн доллар деп көрсетілген. Картинаның өндірістік бюджеті шамамен 250 млн доллар.
Мультфильм АҚШ пен Канадада алғашқы демалыс күндерінің өзінде 159,7 млн доллар жинаған. Балалық шақты планшет өзгертіп жатыр ма?
ТОП-5 ішіндегі бүгінгі қоғам мәселесін ең тікелей қозғайтын фильм – осы «Ойыншықтар тарихы 5». Мультфильмнің негізгі конфликтісі – ойыншықтар мен цифрлық технология арасындағы бәсеке. Боннидің ата-анасы қызы қатарынан қалмасын деген оймен оған Lilypad планшетін алып береді. Біраз уақыттан кейін бала дәстүрлі ойыншықтарымен ойнауды азайтып, экранға көбірек үңіле бастайды.
Associated Press рецензиясында Боннидің құрылғыға барған сайын байланып, достарынан және ойыншықтарынан алыстайтыны көрсетіледі. Оның планшетке әуестігі жалғыздықты азайтудың орнына, керісінше күшейте түседі. Pixar режиссері Эндрю Стэнтон да технологияның жоғалып кетпейтінін, сондықтан авторлар қазіргі балалардың экран алдында өткізетін уақыты мәселесін оқиғаның өзегіне айналдырғанын айтқан. Осылайша мультфильм ата-аналарға да маңызды сұрақ қояды: технология баланың дамуына көмектесетін құрал болып қала ма, әлде оның шығармашылық ойынын, құрдастарымен қарым-қатынасын және шынайы әлеммен байланысын біртіндеп алмастыра ма? Бұл тақырыптың дәл «Ойыншықтар тарихында» көтерілуінің символдық мәні де бар. Франшизаның алғашқы бөлімдерінде ойыншықтар балалардың есейіп кетуінен қауіптенсе, енді олардың орнын технологияның әлдеқайда ерте басуы негізгі проблемаға айналған.
4. «Майкл» – 1,02 млрд доллар
Төртінші орында Майкл Джексонның өміріне арналған «Майкл» (Michael) биографиялық драмасы тұр. Картинаны Антуан Фукуа түсірген. Майкл Джексонның рөлін оның жиені Джаафар Джексон сомдайды. Фильм әншінің Jackson 5 тобындағы алғашқы қадамдарынан бастап әлемдік музыка индустриясының ең ірі жұлдыздарының біріне айналған кезеңіне дейінгі шығармашылық жолын көрсетеді. The Numbers мәліметінше, 10 тамызда фильмнің әлемдік прокаттағы кассасы 1 млрд 21,4 млн долларды құрады. Өндірістік бюджеті шамамен 155 млн доллар. «Майкл» Солтүстік Америкада алғашқы демалыс күндері 97 млн доллар жинап, музыкалық өмірбаяндық фильмдер арасындағы ең ірі старттардың бірін көрсетті.
Атақтың құны қандай?
Фильмнің маңызды желілерінің бірі – балалық шақтан басталған кәсіби мансап, отбасының ықпалы және әлемдік деңгейдегі атақтың адам өміріне түсіретін қысымы. Майкл Джексон бала кезінен музыка индустриясында болды. Фильмде оның әкесі Джо Джексонмен күрделі қарым-қатынасы, сахнадағы жетістікке жету жолы және үздік болуға деген ұмтылысы көрсетіледі. Алайда «Майклдың» өзі басқа бір маңызды қоғамдық пікірталасқа себеп болды: танымал адамның өмірі туралы фильм қаншалықты объективті болуы керек?
Жоба Майкл Джексонның мұрагерлерінің қатысуымен түсірілген. Associated Press сыншылары картина әншінің шығармашылық жетістіктеріне басымдық беріп, оның өмірінің кейінгі даулы тұстарын қамтымайтынын атап өтті. Фильмдегі оқиғалар негізінен 1988 жылға дейінгі кезеңмен аяқталады. Сондықтан бұл туынды өмірбаяндық фильмдердің жауапкершілігі жөніндегі сұрақты да алға шығарады: көрерменге тарихи тұлғаның тартымды бейнесін көрсету маңызды ма, әлде оның өміріндегі күрделі және даулы кезеңдерді де қатар қамту қажет пе?
«Майклдың» кассалық табысы тағы бір нәрсені байқатты – Майкл Джексонның музыкасына деген жаһандық қызығушылық әлі де жоғары. Фильмнің жарыққа шығуынан кейін оның әндерін стриминг платформаларында тыңдау көрсеткіші күрт өскен. (AP News)
5. «Супер Марио: Галактика» – 1,01 млрд доллар
ТОП-5-ті «Супер Марио: Галактика» (The Super Mario Galaxy Movie) анимациялық фильмі түйіндейді. Nintendo ойындарының желісімен түсірілген фильмде оқиға бұл жолы ғарышқа ауысады. Марионы Крис Пратт, Луиджиді Чарли Дэй, ханшайым Пичті Аня Тейлор-Джой, Боузерді Джек Блэк дыбыстайды. Жаңа кейіпкерлердің қатарында Боузердің ұлы Боузер кіші де бар. The Numbers мәліметінше, фильмнің әлемдік прокаттағы түсімі 1 млрд 12,2 млн доллар. Өндірістік бюджеті шамамен 110 млн долларды құрайды. Осы бес фильмнің ішінде өндіріс бюджетіне шаққандағы кассалық көрсеткіші ең жоғары жобалардың бірі де – осы мультфильм.
Әке мен бала арасындағы байланыс
«Супер Марио: Галактикаға» соғыс, экология немесе технология секілді ірі жаһандық проблемаларды телу дұрыс болмас еді. Оның әлеуметтік қыры негізінен отбасылық қарым-қатынастан көрінеді. Фильмде Боузер кіші әкесінің назарын аударып, оның сүйіспеншілігіне ие болуға тырысады. Оның галактиканы жаулап алу жоспарының астарында да әкесінің мойындауына деген қажеттілік жатыр. Киносыншылардың рецензиясында Боузердің баласының өмірінде көп жағдайда болмағаны, ал Боузер кішінің сурет салуды әкесінің назарын аудару тәсіліне айналдырғаны көрсетілген. Мұнда баланың ата-анасының қолдауына мұқтаждығы, әке мен бала арасындағы эмоционалдық байланыс және отбасындағы назардың маңызы секілді тақырыптар көтеріледі. Сонымен қатар ханшайым Пич өзінің шыққан тегіне қатысты сұрақтарға жауап іздейді. Осы арқылы мультфильм адамның өзінің кім екенін түсінуі мен отбасы тарихын білуге деген ұмтылысын да қозғайды.
Бес фильм – бес түрлі мәселе
2026 жылғы касса көшбасшыларын салыстырғанда олардың бәрін біріктіретін бір ғана қоғамдық мәселе жоқ.
«Өрмекші адам» – жалғыздық пен жақын адамдардан айырылу туралы айтса, «Одиссея» соғыстан кейінгі адам өмірі мен моральдық жауапкершілікке назар аударады. «Ойыншықтар тарихы 5» балалардың цифрлық құрылғыларға тәуелділігін тікелей қозғайды.
«Майкл» атақтың құны мен өмірбаяндық фильмдердің объективтілігі туралы пікірталас тудырса, «Супер Марио: Галактика» ата-ана мен бала арасындағы байланысты алға шығарады. Осы тұрғыдан биылғы блокбастерлердің бір ерекшелігі байқалады: миллиардтаған доллар жинайтын ірі жобалардың өзі көрерменге таныс әлеуметтік және психологиялық мәселелерді сюжетке енгізуге тырысады.
Голливудта актерлер қанша табады?
Миллиард долларлық касса фильмге түскен актерлердің миллиардтаған табыс табатынын білдірмейді. Кассалық түсімнің бір бөлігі кинотеатрларға, дистрибьюторларға және студияларға тиесілі. Бұдан бөлек өндіріс, маркетинг және басқа да шығындар бар. Сондықтан фильмнің әлемдік кассасын оның таза пайдасымен теңестіруге болмайды. Ал Голливуд жұлдыздарының келісімшарттары әртүрлі. Бір актер белгіленген гонорар алса, екіншісі фильмнің қаржылық нәтижесіне байланысты бонус немесе кассадан үлес алу жөнінде келісуі мүмкін.
Forbes-тың 2025 жылғы ең көп табыс тапқан актерлер рейтингінде Адам Сэндлер – 48 млн доллармен бірінші орында. Одан кейін Том Круз – 46 млн доллар, Марк Уолберг – 44 млн доллар, Скарлетт Йоханссон – 43 млн доллар және Брэд Питт – 41 млн доллар орналасқан. Дензел Вашингтонның есептік табысы 38 млн доллар, ал Леонардо Ди Каприоныкі 25 млн доллар болған.
Бұл көрсеткіштер актерлердің бір фильм үшін алған гонорары емес. Forbes олардың кино және телевизия саласындағы бір жылдық есептік табысын есептеген.
2025 жылы Голливудтағы ең көп табыс тапқан 20 актердің жиынтық табысы 590 млн доллар болған. Бұл бір жыл бұрынғы 730 млн доллармен салыстырғанда 20 пайызға аз.
Көрермен неге тағы да таныс кейіпкерлерді таңдады?
2026 жылғы касса рейтингі тағы бір тенденцияны көрсетеді. ТОП-5-тегі бес жобаның үшеуі бұрыннан қалыптасқан ірі франшизаға жатады: «Өрмекші адам», «Ойыншықтар тарихы» және «Супер Марио».
«Майкл» әлемдегі ең танымал музыканттардың бірінің есіміне сүйенеді. Ал «Одиссея» – бірнеше мың жыл бойы адамзат мәдениетінде сақталған Гомер шығармасының жаңа экрандық нұсқасы. Яғни ТОП-5-тің ешқайсысы аудиторияға мүлде белгісіз оқиға немесе бренд емес. Алайда олардың табысын тек танымал атаумен түсіндіру жеткіліксіз. «Өрмекші адам» кинотеатрдағы алғашқы демалыс күндерінің рекордын жаңартты, ал «Одиссея» IMAX форматындағы көрсетілімдерде ерекше сұранысқа ие болды. «Одиссея» АҚШ пен Канададағы IMAX экрандарынан 147,3 млн доллар жинап, осы формат бойынша тарихи рекорд орнатты. Демек стриминг дәуірінде көрермен кинотеатрға үйде көруден өзгеше әсер беретін ауқымды фильм үшін баруға дайын.
Rentrak дерегі бойынша, 2026 жылы қазірдің өзінде бес фильм миллиард доллардан астам табыс тапқан. Мұндай нәтиже 2019 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш болып отыр.
10 тамыздағы әлемдік ТОП-5:
1. «Өрмекші адам: Жаңа күн» – $1,665 млрд;
2. «Одиссея» – $1,105 млрд;
3. «Ойыншықтар тарихы 5» – $1,094 млрд;
4. «Майкл» – $1,021 млрд;
5. «Супер Марио: Галактика» – $1,012 млрд.
Аружан Базарбай