Әлемдік кинокомпания алғаш рет өз қаражатына қазақша дубляж жасады
Алматыда «Ойжұмбақ 2» анимациялық фильмінің көрсетілімі болды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Америкалық компания жыл сайын əр фильмнің әртүрлі тілдегі 30-ға жуық нұсқасын дайындайды. Қазақ тілінің осындай тілдер қатарына қосылуы – өте маңызды қадам.
Бұл менің фильм дыбыстаудағы алғашқы тәжірибем. Жеңіл емес екен. Мен аса қиын болмайды деп ойлаған едім. «Ойжұмбақ 2» анимациялық фильміндегі кейіпкерім “Ұят” болды. Бала кезімізден үлкендер “ұят” деп тиғандықтан, бірден ойнап кете алдым. Тіпті өте қатты бауыр басып қалдым. Кейіпкерімнің болмысы өзіме 100% ұқсайды. Ол өзінің әлемінде өмір сүретін, жаны адал кейіпкер. Фильмде ананы істесең ұят, мынаны істесең ұят деген ойды негізге аламын. Бұл кейіпкердің фильмде болуы біздің менталитетке жақын көрінеді. Алдағы уақытта компания барлық фильмін қазақ тілінде дыбыстайды. Осы ретте, барлығымыз қазақ тілінің сұранысы жоғары екен көрсетуіміз қажет. Сонда болашақта қазақша дубляж қарқынды дамып, көптеген елдің қызғушылығын тудырары сөзсіз, - дейді Ninety One тобының әншісі Батырхан Маликов.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы «Ойжұмбақ 2» анимациялық фильмін қазақ тілінде дыбыстаған. Сондай-ақ биыл үлкен экранға жол тартатын «Моана 2», «Муфаса: Арыстан патша» кинотуындыларын қазақша бейімдеу жоспарланған.
Алғаш рет компания өз қаражаты есебінен қазақ тілінде дыбысталды. Біз үшін бұл үлкен қуаныш. Біз өз есебімізден тәржімалауда әдемі сөз саптауды көркем сөздермен таза қазақ тілінде дыбыстадық. Білікті де білімді мамандардың басын біріктірдік. Сапаны қамтамасыз ету үшін өте көп жұмыс істелді. Қазақ тілінің жанашырларына "келіңіздер, көріңіздер" дер едім. Бұл фильмді кинотеатрларда жақсы уақытқа қою үшін көретін адамдардың қатарын арттыру керек. Қазақ тілін дамыту үшін мазмұнды контентті көбейту қажет. Осыдан бір жыл бұрын Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы түрлі компанияларға өтініш білдіріп шыққан еді. Disney мен Pixar компаниялары тілегімізді қабыл етіп, бірге жұмыс істеуге келісті, - дейді Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы.
Ал фильмнің қазақ тіліндегі дыбыс режиссері болған Шах-Мурат Ордабаев қазақша туындыға шетелдік компанияны байыту үшін емес, өз тіліміздің маңыздылығын байқату үшін келу керектігін атап өтті.
Фильмдерді дыбыстау, дубляж саласы елімізде қарқынды дамып келеді. Disney мен Pixar компаниялары елімізге келіп, қазақ тіліндегі фильмдердің түсірілу, көрсетілу жолдарымен танысқан еді. Анимациялық фильмдерді дыбыстаудағы тәжірибемізбен танысты. Өздерінің жоғарғы бағасын берді. Осы ретте айтқым келетіні – қазақ тілінде шығарылған, түсірілген фильмдер кассалық табысымен көш бастап тұрса, шетелдік компаниялар фильмдерді өз қаражатына тәжімалауға мүмкіндік береді. Бізде қазақ тіліне деген сұраныстың жоғары екенін көрсетіп, анимациялық фильмді көруге келу керекпіз. Бұл компанияны байыту үшін емес, өз тілімізді дамытамыз деген ниетпенен, - дейді дубляж режиссері Шах-Мурат Ордабаев.