Әлемдік геосаясат және гуманитарлық миссия: Қазақстан ұстанған саясат жайлы не білеміз
«Жаңарған Қазақстан» бағдарламасының арнайы репортажының кезекті саны еліміз жүргізіп отырған көпвекторлы саясатқа арналады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қаржы министрлігінің мәліметінше, биыл қаңтар-тамыз айларында Қазақстан өзге елдерге 3,8 млн доллар көлемінде гуманитарлық көмек жіберген.
Бүгінгі күні Қазақстан әлемнің 186 елімен дипломатиялық байланыс орнатқан. Оның ішінде 62 елшілік пен 20 консулдық тұрақты қызмет көрсетіп келеді.
Қазақстан ешкіммен жауласпайды, халықаралық дауларға килікпейді. Біздің таңдаған жолымыз айқын. Біз екіжақты және көпжақты міндеттемелерден бас тартпаймыз. Даулы мәселелер туындаса, ұлттық мүддемізге сай ұтымды шешім табуға ұмтыламыз. Біз тәуелсіздік пен егемендікке, еліміздің шекарасы мен аумақтық тұтастығына нұқсан келтіретін бірде-бір келісімге жол бермеуіміз керек. Өйткені осы қасиетті құндылықтар біз үшін бәрінен қымбат. Біз ең алдымен Қазақстанның мүдделерін табандылықпен қорғауымыз қажет, - деп атап өткен болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен-ақ Қазақстанның сыртқы саясаты көпвекторлы жолға негізделді. Соның арқасында еліміз Азия, Тынық мұхиты, Таяу Шығыс аймағы, Еуропа елдері және АҚШ-пен тығыз халықаралық байланыс орнатты. Барлық елмен дипломатиялық байланыс орнатып қана қоймай, олармен саяси-экономикалық және мәдени-гуманитарлық іскерлікті күшейтті.
Еліміз жүргізіп жатқан көпвекторлы саясат жайлы «Жаңарған Қазақстан» бағдарламасының арнайы репортажының кезекті санынан біле аласыздар.
«Жаңарған Қазақстан» бағдарламасының арнайы репортажының өткен санында Орталық Азия елдерінің ортақ мақсаты туралы айтқан болатынбыз.