Әлемдік дода: Жасанды интеллект жарысы Қазақстанға қандай мүмкіндік береді?
Халықаралық олимпиадалар жас таланттарға жаһандық нарыққа шығуға мүмкіндік береді.
Астанада 2026 жылғы 2–8 тамыз аралығында жасанды интеллект бойынша әлемдік дода өтеді. Оған 100-ден астам елдің дарынды оқушылары жиналады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
IOAI — жоғары сынып оқушыларына арналған жасанды интеллект саласындағы беделді халықаралық жарыс. Жоба тек олимпиада аптасымен шектелмей, әлем елдеріндегі ұлттық деңгейдегі сайыстарды қолдап, AI қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған бастама ретінде танылып отыр.
IOAI 2026-ның негізгі ұйымдастырушысы — Қазақстанның спорттық бағдарламалау федерациясы (CPFED). Бұл ұйым елімізде спорттық бағдарламалауды дамытуға, дарынды жастарды қолдауға және технологиялық дағдыларды жетілдіруге бағытталған жобаларды жүзеге асырып келеді. Федерация оқу бағдарламалары, ұлттық және халықаралық жарыстар арқылы жас таланттардың әлеуетін арттырып, оларды технологиялар саласында табысты болуға бейімдеуді көздейді.
BAQ.KZ қонағы, IT-сарапшы Данабек Қалиаждаровтың айтуынша, олимпиадаға әлемнің 100-ден астам елінен командалар қатысады.
Құрама 4 оқушыдан тұрады. Бұл – болашақтағы жаһандық өзгерістерді айқындайтын ең мықты, ең дарынды жастар. Оларға ірі технологиялық компаниялар ерекше назар аударады. Мәселен, Jane Street, HUAWEI, Google секілді алпауыттар және Қазақстандағы Higgsfield компаниясы демеушілік танытып отыр. Бұл – тек жарыс емес, адами капитал үшін күрес алаңы. Компаниялар осындай олимпиадалар арқылы үздік жастарды ерте кезеңнен іріктеп алуға тырысады, – дейді сарапшы.
Оның сөзінше, мұндай ауқымды дода ел үшін стратегиялық маңызға ие.
Халықаралық олимпиадалар жас таланттарға жаһандық нарыққа шығуға мүмкіндік береді. Әлемдік IT-компаниялар финал кезеңдерін рекрутинг алаңы ретінде пайдаланып, үздік қатысушыларды бірден өз қатарына тартуға мүдделі. Сарапшылардың пікірінше, бұл – жаңа деңгейдегі адам капиталын қалыптастырудың және экспорттаудың тиімді жолы. Қазақстандық оқушылар жетекші халықаралық AI командаларына қосылып, әлемдік технологиялық экожүйеге ену мүмкіндігіне ие болады.
Сонымен қатар, IOAI секілді ірі іс-шаралар елге халықаралық серіктестіктерді, жетекші университеттерді және технологиялық инвестицияларды тартуға ықпал етеді.