Әлемді мойындату үшін ұлттық құндылықтарымыздан ажырамауымыз қажет – Ерлан Рысқали

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали айтты. 

Кешегі өткен бас партияның кезектен тыс жиынында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев көкейде жүрген дүниелерді айтты. Қазір қарапайым халықтың арасында партияның атауының өзгертілуі кең талқыға салынып, желіде де айтылып жатыр. «Аманат» деген сөз қазақ үшін өте қасиетті ұғым. Сондықтан өз басым бұл шешімді дұрыс деп қабылдаймын. Әрі өздеріңіз білесіздер, осы 30 жылдың ішінде ескі жүйе, қалыптасып қалған дүниелер бар. Жасанды бюрократия, қағазбастылық сынды нәрселер партияның ішінде атаққұмарлыққа, имиджді көтеру үшін ғана жасалынғанын жұрт біледі, - деп ағынан жарылды әнші. 

Сондай-ақ ол жоғарыда аталғандардың Президентіміз жиын барысында атап айтып, партияның жаңа Қазақстанды құру үшін бар күш-жігерін салатынына тоқталды.

Тиісті тапсырмалар берді. Популизм болмауы керек деді. Білім сапасына көңіл бөлу, бүгінгі әлемдегі болып жатқан оқиғаларға, өзгерістерге, дамуларға дайын дүниелердің бәрін қамтып, ойлай алатын саяси жетік менеджерлерді дайындау керектігін алға тартты. Жалпы әлеуметтік желіде қоғамдағы өзекті жайттар қызу талқыланып жатады. Сол мәселелерді Парламентте, Сенатта қарау туралы ойымен келісемін. Сол өзекті проблемаларды заң шығаратын органдар қарап, талқыласа, кез келген дүниені келісіммен шешуге себеп болар еді. Ашық Үкіметтің болуы ел үшін өте тиімді. Атаудың өзгеруінің өзі бір қадам болса да халықтың көкейіндегі күмәнді сейілтетін жақсы бастама деп есептеймін, - дейді Ерлан Рысқали. 

Сонымен қатар ендігі кезекте Қазақстан халқына жұмылған жұдырықтай бірігіп, кез келген дүниені санамыздан саралап барып жариялауымыз қажет деп отыр. 

Президентімізді қолдауымыз қажет. Себебі «қаңтар оқиғасында» егемендігіміз сынға түсті. Бәйгеде азаттығымыз тұрды. Бірақ Алла қолдап, елдің пейілі мен  бірлігінің, Мемлекет басшысының көрегендігінің арқасында сақтап қалдық. Бабаларымыз айтқандай, «Ерім» дейтін ел бар екенін білсе, «елім» дейтін ер» туады. Қазір ұлттық құндылықтарымыз алға шығуда. Бұл ұлттық идеологияның қалыптасып келе жатқандығы. Бұл да жаңа Қазақстанның биіктен көрінуіне себептігін тигізеді. Біз әлемді мойындату үшін бабалардың жолынан, дәстүрінен, тілінен ажырамауымыз қажет. Сонда ғана өзінің сара жолы қалыптасқан мықты мемлекет бола аламыз, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы