15 Қыркүйек 2026, 07:30 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Әлемдегі тұрақсыздық: Қазақстан экономикасын қай салалар арқылы әртараптандыру керек?

Таяу Шығыстағы әскери-саяси жағдай мұнай бағасына ғана емес, әлемдік сауда мен жүк тасымалына да әсер етіп отыр. Ормуз және Баб әл-Мандеб бұғаздары төңірегіндегі тәуекелдер энергетика мен логистиканың геосаяси жағдайға қаншалықты тәуелді екенін тағы көрсетті. Осындай кезеңде Қазақстан үшін экономиканы әртараптандыру, өңдеуші өндірісті кеңейту және жаңа өсім нүктелерін қалыптастырудың маңызы арта түседі. BAQ.KZ тілшісі экономист Сапарбай Жобаевтан Қазақстан қай салаларға басымдық беруі керек екенін сұрады.

Қыркүйектің ортасында Таяу Шығыстағы шиеленістің әсерінен Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 100 доллардан жоғары көтерілді. Сауд Арабиясының энергетикалық инфрақұрылымына қатысты қауіп пен Ормуз бұғазындағы жағдай әлемдік мұнай жеткізіліміне байланысты алаңдаушылықты күшейтті. Йемендегі хуситтердің Баб әл-Мандеб маңындағы белсенділігі де халықаралық теңіз тасымалы үшін қосымша тәуекел болып отыр.

Мұнай бағасының өсуі экспорттаушы мемлекеттер үшін қысқа мерзімді кірісті арттыруы мүмкін. Алайда әлемдік тасымал құнының қымбаттауы, жеткізу тізбектеріндегі үзілістер мен инфляциялық қысым ұзақ мерзімде экономиканың басқа салаларын дамыту қажеттігін көрсетеді.

Қазақстанда бұл бағыттағы жұмыс бірнеше жылдан бері жүргізіліп келеді. Экономика біртіндеп тек шикізат өндіруге негізделген модельден өңдеу өнеркәсібі, машина жасау, химия, көлік-логистика және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге қарай бет алып келеді.

Мәселен, 2025 жылғы ЖІӨ құрылымында өңдеуші өнеркәсіптің үлесі 12,8%, ал тау-кен өнеркәсібінің үлесі 11,7% болды. 2026 жылдың қаңтар-шілдесінде тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс 4,4% төмендеген кезде өңдеуші өнеркәсіп 9% өсті.

Сонымен бірге сыртқы саудада мұнайдың маңызы әлі де жоғары. 2026 жылдың қаңтар-маусымында Қазақстан экспорты 40,3 млрд долларға жетті. Оның 46,5%-ы шикі мұнай мен шикі мұнай өнімдерінің үлесіне тиесілі. Бұл көрсеткіш бір жыл бұрынғы толық қорытындыдағы 50,5%-дан төмен. Яғни экспорт құрылымында да біртіндеп өзгеріс байқалады.

Энергетика әлеуетін толық пайдалану керек

Экономист Сапарбай Жобаевтың айтуынша, экономиканы әртараптандыру мұнай-газ саласынан бас тартуды білдірмейді. Керісінше, Қазақстан өзінің қалыптасқан табиғи және өндірістік артықшылықтарын тиімді пайдаланып, олардың айналасында жаңа өндірістер қалыптастыруы қажет.

– Бірінші бағыт – энергетика. Мұнай, газ, электр энергиясын өндіру, көмір өнеркәсібі – Қазақстан экономикасының негізгі драйверлерінің бірі. Бұған ешкім күмән келтірмейді. Әсіресе мұнай-газ саласында біздің мүмкіндігіміз өте жоғары. Бұл әлеуетті әлі ұзақ жылдар пайдалануға болады, – дейді экономист.

Оның пікірінше, энергетикалық әлеует тек мұнай мен газ экспорттаумен шектелмеуі тиіс. Электр энергиясын өндіру қуатын арттыру да стратегиялық маңызға ие.

2017 жылы Астанада өткен EXPO халықаралық көрмесінің негізгі тақырыбы «Болашақ энергиясы» болған еді. Соңғы жылдары Қазақстанда жаңа генерациялық қуаттарды іске қосу, электр желілерін жаңғырту және энергия тапшылығын азайту бағытында бірқатар жоба қолға алынды.

Сонымен қатар ел электр энергиясының белгілі бір көлемін көрші мемлекеттерден алып отыр. KEGOC дерегінше, 2025 жылы Ресейден Қазақстанға 4,64 млрд кВт·сағ электр энергиясы импортталса, кері бағытта 2,16 млрд кВт·сағ экспортталған.

– EXPO кезінде Қазақстан энергетика саласында өзіндік сөзі бар мемлекет болуы керек деп айтқан едік. Сондықтан өзіміздің генерациялық қуаттарымызды ұлғайтып, ішкі сұранысты қамтамасыз ету маңызды, – деді Сапарбай Жобаев.

Химия мен фармацевтикада өсім бар

Экономист перспективалы бағыттардың бірі ретінде химия өнеркәсібін атайды. Бұл сектор ауыл шаруашылығы, фармацевтика, тау-кен өндірісі және басқа да өнеркәсіп салаларымен тікелей байланысты.

– Химия өнеркәсібін дамыту өте маңызды. Минералды тыңайтқыштар, ауыл шаруашылығына қажетті химиялық өнімдер, дәрі-дәрмек өндірісі – мұның барлығы өзара байланысты. Біз шикізатты ғана сатпай, одан дайын өнім шығаруға көшуіміз керек, – дейді ол.

Бұл бағытта қазірдің өзінде жоғары өсім байқалады. 2026 жылдың қаңтар-шілдесінде химия өнімдерін өндіру 26,9%-ға, негізгі фармацевтикалық өнімдер мен препараттар өндірісі 38,5%-ға артты.

Бұл көрсеткіштер өңдеуші сектордағы жаңа өндірістердің біртіндеп кеңейіп келе жатқанын көрсетеді.

Металлургиядан машина жасауға

Қазақстан дәстүрлі түрде металл өндіретін мемлекеттердің бірі. Алайда экономиканы әртараптандыру жағдайында металды бастапқы өнім күйінде шығарумен шектелмей, одан жоғары қосылған құны бар өнім өндірудің маңызы артады.

– Кеңес дәуірінен бері Қазақстанда металлургия мен машина жасау бойынша үлкен өндірістік база болды. Сол мүмкіндікті жаңа технологиялық деңгейде пайдалануымыз керек. Автомобиль, ауыл шаруашылығы техникасы, теміржол және тау-кен өндірісіне қажетті жабдықтар шығару – біздің қолымыздан келетін бағыттар, – деді экономист.

Машина жасау қазір өңдеуші өнеркәсіптің қарқынды өсіп келе жатқан бағыттарының бірі. 2026 жылдың жеті айында саладағы өндіріс 22%-ға ұлғайды. Дайын металл бұйымдарын өндіру 35% өсті.

Бұл үрдіс Қазақстанның біртіндеп шикізатты ғана экспорттайтын елден дайын өнеркәсіп өнімдерін шығаратын экономикаға қарай бет алғанын көрсетеді.

Ауыл шаруашылығында негізгі резерв – терең өңдеу

Сапарбай Жобаев ауыл шаруашылығын да Қазақстан экономикасының табиғи артықшылығы бар негізгі бағыттардың қатарына қосады.

Алайда мұнда да басты міндет – шикізатты экспорттау көлемін ғана арттыру емес, оны ел ішінде өңдеу.

– Ауыл шаруашылығында біздің мүмкіндігіміз өте жоғары. Бірақ астықты немесе басқа өнімді шикізат күйінде сатумен шектелсек, қосылған құнның үлкен бөлігі басқа жерде қалады. Тамақ және жеңіл өнеркәсіпті дамытып, дайын өнім шығарсақ, жұмыс орны да, табыс та Қазақстанда қалады, – дейді Сапарбай Жобаев.

2026 жылдың қаңтар-шілдесінде елімізде тамақ өнімдерін өндіру көлемі 13,9%-ға өсті.

Яғни ауыл шаруашылығының келесі кезеңдегі міндеті өнім көлемін арттырумен қатар ет, сүт, астық, майлы дақылдар мен басқа да ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеу тізбегін қалыптастыру болмақ.

Қазақстанның географиясы – экономикалық артықшылық

Жаһандық геосаяси жағдай көлік бағыттарын әртараптандырудың маңызын да арттырды.

Қазақстанның Дүниежүзілік мұхитқа тікелей шығатын жолы болмағанымен, ел Қытай мен Еуропаның арасындағы негізгі құрлық бағыттарының бойында орналасқан. Соңғы жылдары осы географиялық ерекшелікті экономикалық артықшылыққа айналдыруға басымдық беріліп келеді.

– Біз Қытай мен Еуропаның ортасында отырмыз. Мұнайды, металды, химия өнеркәсібінің өнімдерін тасымалдау кезінде басқа мемлекеттердің инфрақұрылымын пайдаланамыз. Ендігі міндет – Қазақстанның өзі транзиттік қызмет көрсетіп, халықаралық жүк ағынынан табыс табуы. Орта дәліз осы тұрғыдан өте маңызды, – деді Жобаев.

Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк айналымы соңғы жылдары айтарлықтай артты. 2024 жылы Орта дәліз арқылы 4,5 млн тонна жүк тасымалданды. Бағыттың өткізу қабілетін алдағы уақытта 10 млн тоннаға дейін арттыру көзделіп отыр.

Көлік пен қоймалау секторы да экономиканың ең серпінді бағыттарының біріне айналды. 2025 жылы саладағы нақты өсім 19,4%-ды құраса, 2026 жылдың қаңтар-шілдесінде өсім тағы 7,4% болды.

Бұл көрсеткіштер Қазақстанның транзиттік әлеуеті біртіндеп экономиканың жеке драйверіне айналып келе жатқанын аңғартады.

Құрылыс көптеген саланы қатар дамытады

Экономист ішкі нарықты қолдайтын маңызды бағыттардың бірі ретінде құрылысты да атап өтті.

Құрылыс саласы цемент, металл, шыны, ағаш өнімдері, машина жасау, көлік, қаржы және қызмет көрсету секторларына бір уақытта сұраныс қалыптастырады.

– Құрылыс бір ғана саланы емес, экономиканың көптеген бағытын бірге қозғалысқа түсіреді. Қазақстанда тұрғын үйге деген қажеттілік әлі де жоғары. Сондықтан мұнда да даму мүмкіндігі бар, – дейді ол.

2025 жылы еліміздегі тұрғын үй қоры 447,3 млн шаршы метрге жетті. Бір тұрғынға шаққандағы тұрғын үймен қамтамасыз ету 25,1 шаршы метрді құрады. 2019 жылы бұл көрсеткіш 22,2 шаршы метр болатын.

2026 жылдың жеті айында құрылыс саласындағы нақты өсім 15,3%-ды құрады.

Барлық тауарды өзіміз өндіру міндет емес

Сапарбай Жобаевтың айтуынша, әртараптандыруды импорттың барлық түрінен толық бас тарту деп түсінуге болмайды.

Мемлекет ең алдымен өзінің табиғи ресурсы, өндірістік базасы, кадрлық әлеуеті және географиялық жағдайы бойынша бәсекелік артықшылығы бар салаларды дамытуы қажет.

– Біз міндетті түрде компьютер немесе ұялы телефон жасап, әлемдегі ірі өндірушілермен бәсекеге түсуіміз керек деген түсінік болмауы керек. Өзіміздің ресурстық, өндірістік және географиялық мүмкіндігіміз жоғары салаларға басымдық беру қажет. Энергетика, химия, металлургия, машина жасау, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік пен логистика, туризм, фармацевтика – біз үшін осындай бағыттар, – деді экономист.

Қазақстанда экономиканы әртараптандыру жұмысы жүйелі түрде жүргізіліп келеді. 2003 жылы 2015 жылға дейінгі индустриялық-инновациялық даму стратегиясы қабылданды. Кейін бірнеше индустрияландыру бағдарламасы жүзеге асырылды.

Бүгінде оның нәтижесі экономиканың құрылымынан да байқалады. Өңдеуші өнеркәсіптің ЖІӨ-дегі үлесі тау-кен секторынан жоғарылап, машина жасау, химия, фармацевтика, тамақ өндірісі және құрылыс жоғары өсім көрсетіп отыр.

Сонымен қатар шикі мұнай әлі де Қазақстан экспортының ең ірі бөлігі болып қала береді. Сондықтан келесі міндет – мұнай-газ секторындағы қалыптасқан мүмкіндіктерді сақтай отырып, экономиканың басқа салаларының үлесін ұлғайту.