Әлемдегі ең ықпалды қалалар. Көш басында – Лондон
Жапонияның Mori Memorial Foundation қоры әлемдегі ең ықпалды қалалардың тізімін жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Әлемдегі "ең тартымды" қалалар рейтингі 72 көрсеткіш негізінде құрастырылған. Олардың қатарында өмір сүру ұзақтығы мен ауа сапасынан бастап стартаптар саны, түнгі клубтар мен университеттерге дейінгі факторлар бар. Зерттеу авторлары қаланың тартымдылығы деп "әлемнің түкпір-түкпірінен адамдарды, капиталды және бизнесті тарту қабілетін" түсінеді.
Бағалау кезінде барлық көрсеткіштер алты санатқа бөлінген:
экономика;
зерттеулер және әзірлемелер;
мәдени өзара ықпалдастық;
өмір сүру сапасы;
қоршаған орта;
қолжетімділік.
Осылайша, Лондон 14-рет қатарынан бірінші орынды иеленді. Англия мен Ұлыбритания астанасы мәдени өзара ықпалдастық пен қолжетімділік санаттары бойынша жоғары нәтижелер көрсетіп, жалпы 2700 мүмкін балдың 1642,2 баллын жинады.
Зерттеушілер Лондонның артықшылықтары ретінде мыналарды атап өтті:
алты халықаралық әуежайға тікелей жақын орналасуы;
метроның дамыған әрі сенімді желісі;
қарқынды дамып келе жатқан велосипед инфрақұрылымы.
Әлемге әйгілі музейлер мен театрлардан бөлек, қалада басқа да көптеген мәдени алаңдар мен іс-шаралар бар, – деп атап өтті рейтинг авторлары.
Екінші орынды Токио иеленді. Ол рейтинг пайда болғаннан бері алғаш рет Нью-Йоркты басып озып, өмір сүру жайлылығы санатында көшбасшы атанды, сондай-ақ мәдени өзара ықпалдастық бойынша екінші орынға шықты. Ал Нью-Йорк өмір сүру құнының қымбаттауына байланысты жалпы рейтингте үшінші орынға сырғыды.
Ең тартымды қалалардың алғашқы бестігіне сондай-ақ Париж бен Сингапур кірді. Ал алғашқы ондықты Сеул, Амстердам, Шанхай, Дубай және Берлин түйіндеді.
Сонымен қатар соңғы уақытта саяхатшылар ірі қалалардағы қарқынды бағдарламасы бар турлардан гөрі, баяу әрі тыныш сапарларды жиі таңдай бастағаны анықталды.