23 Қыркүйек 2026, 21:27

Әлемдегі ең ірі контейнерлік тасымалдаушы MSC Group Қазақстан нарығына шығады

Ынтымақтастық Шығыс–Батыс бағыты бойынша көлік байланысын нығайтуға және Орталық Азиядан Түркия мен Еуропаға экспорттық ағындарды әртараптандыруға бағытталған.

Қазақстандық инфрақұрылымдық девелопер SEMURG INVEST және әлемдік көлік алыбы MSC Group құрамына кіретін логистикалық оператор MEDLOG стратегиялық серіктестік құрылғанын жариялады.

Ынтымақтастық Шығыс–Батыс бағыты бойынша көлік байланысын нығайтуға және Орталық Азиядан Түркия мен Еуропаға экспорттық ағындарды әртараптандыруға бағытталған.

Жоба 2026 жылғы маусымда Брюссельде өткен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен MSC компаниясының аға вице-президенті Эдуард Сигристің кездесуінің қорытындысы бойынша және Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің қолдауымен практикалық кезеңге өтті. Кездесу барысында контейнерлендіру деңгейін арттыру, Орта дәлізді дамыту, Құрық портының мүмкіндіктерін пайдалану, сондай-ақ MSC компаниясының Қазақстандағы қатысуын одан әрі кеңейту мәселелері талқыланды. Бұған дейін Мемлекет басшысы Орта дәлізді ел үшін стратегиялық басымдық деп атаған болатын.

Осы міндеттерді іске асыру аясында серіктестер Sarzha Logistics компаниясын Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстандағы стратегиялық логистикалық платформа әрі контейнерлік жүк ағындарының операторы ретінде дамытуды жоспарлап отыр. Жоба SEMURG-тің жергілікті инфрақұрылымын MEDLOG-тың халықаралық логистикалық желісімен біріктіреді. Ынтымақтастықтың негізгі бағыттары Орта дәлізді дамыту, контейнерлендіру деңгейін арттыру, сондай-ақ off-dock терминалдарын, құрғақ порттарды, теміржол және интермодальды инфрақұрылымды пайдалануды қамтиды.

Серіктестіктің негізгі базасы Каспий теңізіндегі Құрық портында орналасқан SEMURG инфрақұрылымдық активтері болады. Sarzha Каспий кластерін дамыту жылына 5 миллион тоннаға дейін қосымша жүк өңдеу қуатын құруды көздейді. Оның ішінде контейнерлік қуат жылына 110 мың TEU-ға дейін жетеді.

 

Қазіргі кезеңдегі маңызды үрдістердің бірі – халықаралық операторлар мен инвесторлардың Қазақстандағы ұзақмерзімді қатысуын кеңейтуі. Бұл үрдіс инвестициялық саясатқа және инвесторлардың құқықтарын қорғаудың мемлекеттік тетіктеріне деген жоғары сенімді көрсетеді. Сонымен қатар ол отандық жеке бизнестің сапалық тұрғыдан өсіп, кемелденгенін айғақтайды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен MSC Group басшылығының Брюссельдегі диалогының қорытындысы бойынша біздің ынтымақтастығымыздың практикалық кезеңге өтіп жатқанына қуаныштымыз. Бұл – Қазақстанға деген сенімнің тағы бір белгісі және халықаралық әрі жергілікті серіктестердің бәсекеге қабілетті бизнесті бірлесіп құра алатынының дәлелі, – деп атапр өтті «SEMURG INVEST» ЖШС Бас директоры Нұржан Марабаев.

Өз кезегінде MEDLOG қазақстандық бағыттарды жыл сайын шамамен 10 миллион TEU жүк өңдейтін 470-тен астам логистикалық нысанды қамтитын халықаралық желісіне біріктіреді. Ал бас компания MSC-тің кең ауқымды желісі өңірді әлемнің 155 еліндегі 520 портпен байланыстырады.

Қазақстан Шығыс пен Батыс арасындағы сауда жеткізу тізбектерінде, сондай-ақ өңірлік логистикада барған сайын маңызды рөл атқарып келеді. Осы серіктестік арқылы біз Орталық Азияны Каспий мен Грузия арқылы Түркиямен, Еуропамен және жаһандық желімізбен байланыстыратын жаңа контейнерлік және мультимодальды тасымалдарды дамыту мүмкіндігіне ие болдық, – деді MEDLOG Poti LLC басқарушы директоры Мухран Деканадзе.

Бұл серіктестіктің іске қосылуы Еуразияның логистикалық картасын трансформациялаудағы маңызды кезеңді білдіреді. Қазақстанның Каспийдегі ауқымды порттық инфрақұрылымы мен MSC Group-тың жаһандық логистикалық мүмкіндіктерінің синергиясы Орталық Азия экспорттаушылары үшін әлемдік нарықтарға баламалы әрі сенімді бағыттарды ашып қана қоймай, Қазақстанның Еуразия құрлығындағы маңызды әрі сенімді транзиттік хаб ретіндегі мәртебесін институционалдық тұрғыдан нығайтады.