Әлемдегі ең бай адамдардың бірінің анасы қайтыс болды
14 тамыз күні миллиардер, Amazon компаниясының иесі Джефф Безостың анасы Жаклин Безос өз үйінде қайтыс болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі The New York Times басылымына сілтеме жасап.
Әлемдегі ең бай адамдардың бірінің анасы 78 жасында ұзаққа созылған сырқатпен күрестен кейін өмірден өтті. Ол сирек кездесетін нейродегенеративті ауру – Леви денешіктері бар деменциядан зардап шеккен.
Жаклин Безос Amazon компаниясының алғашқы инвесторларының бірі болды – 1995 жылы ол мен күйеуі жаңа ғана іске қосылған Джефф Безостың онлайн кітап дүкеніне 245 мың доллар инвестиция салған. Бүгінде компанияның құны шамамен 2,5 триллион долларға бағаланады. 2000 жылы Джефф Безос Amazon арқылы тапсырыс беру қаншалықты оңай екенін көрсету үшін анасының тілек тізімін (wish list) пайдаланған. Онда Casio маркалы фотоаппарат пен Motorola рациясы болған.
Жаклин Джеффті өте жас кезінде – небәрі 17 жасында, Альбукеркте мектеп оқушысы болып жүргенде дүниеге әкелген.
1964 жылы жоғары сыныпта жүкті болу құпталмайтын, - деп еске алған еді Джефф Безос.
Мектеп басшылығы оны оқудан шығарып жібермек болған, бірақ болашақ миллиардердің атасы директорға қызының оқуын аяқтауына рұқсат беруін өтініп, келісімге келген. Дегенмен, Жаклинді аттестат табыстау рәсіміне кіргізбеген. Кейін ол кубалық иммигрант Мигель Безосқа тұрмысқа шығып, ол Джеффті өз атына жазған. 45 жасында Жаклин психология мамандығы бойынша диплом алған.
Жаклин негізін қалаған отбасылық қор білім гранттарын берумен айналысады. Ол артында күйеуі, 3 баласы, 11 немересі және 1 шөбересін қалдырды.
Айта кетейік, биыл шілдеде Джефф Безос екінші рет шаңырақ көтерді. Оның жары – америкалық тілші Лорен Санчес. Үш күнге созылған той миллиардерге 20 миллион доллардан аса шығынға түсті. Қонақтарды орналастыру үшін жұп Венециядағы ең қымбат бес қонақүйді толықтай жалға алған.