Әлемдегі ең әдемі кітапханалар: Қазақстанда неге мұндай орындар аз?
Әлемнің бірқатар қаласында кітапханалар тек кітап оқитын орын емес, сәулет өнерінің көрнекті туындысына, мәдени орталыққа және тұрғындар бас қосатын қоғамдық кеңістікке айналған. Мәселен, Финляндиядағы Oodi кітапханасында оқу залдарымен қатар дыбыс жазу студиялары, ойын бөлмелері мен шығармашылық шеберханалар бар. Қытайдағы Тяньцзинь кітапханасы сатылы сөрелерімен және алып сфералық залымен ерекшеленсе, Германиядағы Штутгарт қалалық кітапханасы ерекше минималистік сәулетімен танымал. Ал Қазақстанда 3 889 көпшілік кітапханасы жұмыс істегенімен, олардың тек 188-і ғана жеке ғимаратта орналасқан.
Елімізде кітапхана инфрақұрылымын жаңғырту қалай жүріп жатыр және жаңа буын кітапханаларын салу жоспары қандай? BAQ.KZ тілшісі шолып көрді.
Әлем кітапханалары: сәулет пен технология үйлескен кеңістік
Кітапхананың заманауи үлгісін көрсететін нысандардың бірі – Финляндия астанасындағы Oodi орталық кітапханасы. Хельсинки қаласының қақ ортасында орналасқан ғимарат шыны, болат және ағаш элементтері үйлескен ерекше сәулетімен көзге түседі. Кітапхананың үш қабаты үш түрлі қызметке арналған: бірінші қабатта қоғамдық іс-шаралар мен кездесулерге арналған орындар, екінші қабатта жұмыс істеу, шығармашылықпен айналысу және білім алуға арналған кеңістіктер, ал жоғарғы қабатта кітап оқу мен тынығуға арналған залдар орналасқан. Мұнда дыбыс жазу студиялары, ойын бөлмелері, шеберханалар мен жұмыс орындары да қарастырылған.
Қытайдың Тяньцзинь қаласындағы Binhai кітапханасы да ерекше сәулеттік шешімімен танылған. 2017 жылы ашылған алты қабатты ғимараттың жалпы ауданы 33,7 мың шаршы метрді құрайды. Оның ішкі кеңістігінде еденнен төбеге дейін созылған сатылы кітап сөрелері орналасқан. Орталық бөлігіндегі алып сфералық зал 110 адамға арналған аудитория қызметін атқарады. Кітапхана сөрелеріне 1,2 миллион кітап орналастыруға мүмкіндік бар.
Германиядағы Штутгарт қалалық кітапханасы сыртқы пішінімен де, ішкі кеңістігімен де ерекшеленеді. 2011 жылы ашылған төртбұрышты ғимараттың қасбеті сұр бетон мен күңгірт шыныдан жасалған. Ал ішкі интерьері ақ түсті минималистік стильде безендірілген. Орталық бөлігіндегі биік кеңістік бірнеше қабатты байланыстыратын ашық баспалдақтар мен оқу залдарына ұласады. Ғимарат кешкі уақытта көгілдір түспен жарықтандырылып, қаланың сәулеттік нысандарының біріне айналған.
Бұл мысалдардан заманауи кітапхананың басты ерекшелігі тек ерекше қасбетінде емес екенін көруге болады. Мұндай нысандарда сәулеттік шешім, технология, қолжетімділік және тұрғындардың әртүрлі қажеттілігі бір кеңістікке біріктірілген. Яғни кітапхана оқырман кітап алып кететін мекемеден білім алуға, жұмыс істеуге, шығармашылықпен айналысуға және уақыт өткізуге болатын қоғамдық орталыққа айналып келеді.
Қазақстанда 3 889 кітапхана бар: Оның қаншасы жеке ғимаратта орналасқан?
Қазақстанда кітапхана желісі кең болғанымен, олардың басым бөлігі арнайы салынған жеке ғимараттарда емес, мәдениет үйлері мен бейімделген нысандарда орналасқан.
Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Роллан Құспанның BAQ.KZ редакциясының сауалына берген жауабына сәйкес, 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша елімізде 3 889 көпшілік кітапханасы жұмыс істейді.
Оның ішінде:
- 188 кітапхана жеке ғимаратта орналасқан;
- 1 505 кітапхана мәдениет үйлерінде жұмыс істейді;
- 2 196 кітапхана бейімделген ғимараттарда орналасқан.
Демек, жеке ғимараттағы кітапханалардың үлесі жалпы желінің шамамен 4,8 пайызын құрайды. Бұл дерек Қазақстандағы кітапханалардың саны мен олардың арнайы сәулеттік жоба бойынша салынған ғимараттарда орналасуы екі бөлек мәселе екенін көрсетеді.
Министрлік мәліметінше, 2019-2026 жылдар аралығында 102 кітапхана жаңа ғимараттарға көшірілген. Оның ішінде 20-сы арнайы жоба бойынша салынған жеке кітапхана ғимараттары болса, 61-і жаңадан салынған мәдениет үйлерінің, 10-ы тұрғын үй кешендерінің, 11-і руханият орталықтарының құрамында ашылған.
Яғни соңғы жылдары кітапхана инфрақұрылымын дамытуда жаңа ғимараттар салумен қатар, оларды басқа әлеуметтік-мәдени нысандармен біріктіру тәсілі де қолданылып келеді.
Кітапханаларды жаңғыртуға қанша қаржы бөлінді?
Министрліктің жауабына сәйкес, 2021-2025 жылдары республика бойынша кітапхана ғимараттарын жөндеу және жаңғырту жұмыстарына 9,8 млрд теңге бөлінген.
Ал 2025 жылы елімізде 9 жаңа кітапхана салынып, мәдениет үйлерінің жанынан тағы 20 кітапхана ашылған. Бұған қоса, 52 кітапхана жаңғыртудан, 22 кітапхана күрделі жөндеуден, 98 кітапхана ағымдағы жөндеуден өткен.
2026 жылы 6 кітапхананың құрылысы жүргізіліп, мәдениет үйлерінің жанынан 22 кітапхана ашылған. Сонымен қатар 36 кітапхана жаңғыртудан, 5 кітапхана күрделі жөндеуден, 130 кітапхана ағымдағы жөндеуден өткен.
Жалпы, 2019-2026 жылдары 189 көпшілік кітапханасы жаңғыртылған.
Министрлік дерегінде кітапханаларды жаңғырту кезінде тек ғимараттың сыртқы келбетін өзгерту емес, олардың ішкі кеңістігін қайта ұйымдастыруға да басымдық берілетіні айтылған. Атап айтқанда, оқу залдары, коворкинг аймақтары, шығармашылық студиялар мен жеке жұмыс істеуге арналған орындар ашылып жатыр.
2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша еліміздегі кітапханаларда оқырмандарға қызмет көрсететін 473 коворкинг орталығы жұмыс істейді.
Жаңа буын кітапханалары қандай болуы керек?
Министрліктің мәліметінше, кітапханаларды жаңғырту барысында бірнеше бағыт ескеріледі. Олардың қатарында ғимараттың қала немесе ауданның сәулеттік келбетіне үйлесуі, табиғи жарықты тиімді пайдалану, заманауи энергия үнемдейтін материалдарды қолдану және инклюзивті орта қалыптастыру бар.
Атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен қарт адамдар үшін пандустар, кең есіктер мен ыңғайлы өткелдер қарастырылуы қажет. Ішкі кеңістікте ұлттық нақыштар мен заманауи минимализм элементтерін үйлестіру, экологиялық талаптарға сай құрылыс материалдарын пайдалану да назарда.
Қазақстанда жаңа форматтағы кітапханаларды дамыту жұмыстары «Қазақстанның жалпыға қолжетімді кітапханаларын жаңғыртудың 2025-2027 жылдарға арналған жол картасы» аясында жүргізіліп жатыр.
Құжат кітапханалардың материалдық-техникалық базасын нығайтуды, цифрлық сервистерді енгізуді, заманауи технологияларды пайдалануды және қызмет көрсету сапасын арттыруды көздейді.
Мәселен, Алматы қаласында бірқатар кітапхана филиалдары жаңғыртылып, ашық кеңістік форматына көшірілген. Кейбірі тәулік бойы қызмет көрсетеді. Қалада қоғамдық орындарға орнатылған 32-ден астам дербес кітапхана-аппараты да жұмыс істейді. Олардан тұрғындар кітапты тәулік уақытына қарамастан ала алады.
Қызылорда облысындағы «Руханият» орталықтары да кітапхана, мәдени-ағартушылық және қоғамдық қызметтерді бір кеңістікке біріктіру үлгісі ретінде аталған. Ал Батыс Қазақстан облысында «Қазақстан халқына» қоры мен жергілікті әкімдік қолдауымен 25 ауылдық кітапхана жаңғыртылған. Оларда IT-аймақтар, конференц-залдар, кинозалдар мен шығармашылық кеңістіктер жасақталған.
Алдағы уақытта жаңа кітапханалар салына ма?
Министрлік алдағы жылдары кітапхана инфрақұрылымын дамытуды жалғастыру жоспарланғанын хабарлады.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 26 тамыздағы республикалық тамыз конференциясында берген тапсырмаларына сәйкес, демеушілерді тарта отырып, Астана, Алматы және Қызылорда қалаларында президенттік кітапханалар салынуда. Сонымен қатар алдағы уақытта өзге де облыс орталықтарында осындай кітапханалар салу мәселесі қарастырылып жатыр.
Бұдан бөлек, 2026 жылғы 16 мамырда Мемлекет басшысы «Оқу мәдениетін дамыту және оқитын ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Құжатта жаңа буын кітапханаларын, көпфункционалды қоғамдық кеңістіктерді құру және цифрлық технологияларды кеңінен енгізу мемлекеттік саясаттың басым бағыттары ретінде белгіленген. Сондай-ақ 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін бірыңғай қолжетімді Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құру, жаңа «Кітапхана және кітап басу ісі туралы» заң жобасын әзірлеу міндеттері қойылған.
Осылайша, Қазақстанда кітапхана инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жаңа ғимараттар салу, қолданыстағы нысандарды жаңғырту және цифрлық қызметтерді енгізу бағытында жүріп жатыр. Дегенмен министрліктің деректері жеке ғимаратта орналасқан кітапханалардың үлесі әлі де аз екенін көрсетеді. Ал әлемдік тәжірибе кітапхананың сәулеті мен ішкі кеңістігі оның қоғам өміріндегі рөлін кеңейтуге мүмкіндік беретінін аңғартады.
Ендеше, алдағы кезеңдегі маңызды міндеттердің бірі – кітапханалардың санын ғана емес, олардың сапасын, қолжетімділігін және заманауи қоғамдық кеңістік ретіндегі мүмкіндігін арттыру.