Әлемдегі 400 ірі компания ЖИ-ді директорлар кеңесіне қолданады
Астанада "Болашақ директорлар кеңесі" форсайт-сессиясы өтіп жатыр. Ондағы негізгі тақырып – жасанды интеллект дәуіріндегі директорлар кеңесінің трансформациясы, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Дүниежүзіндегі 500 ірі компанияның 400-і жасанды интеллектіні директорлар кеңесіне қолдануды ұйғарып жатыр. Біздің "Самұрық-Қазына" сияқты тікелей директорлар кеңесі мүшесі сияқты кіргізіп жатқан жоқ. Бірақ ЖИ сарапшы ретінде келіп түскен құжаттарға сараптама жасап, қабылданатын шешімдерге ұсыныс береді. Оның тәуекелдерін көрсетеді. Бүгінгі форсайт-сессияның маңыздылығы жасанды интеллектіні тікелей қолданып жүрген компаниялар өзінің тәжірибесімен бөлісе алады, - деді Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетов.
Ол шешілуі қажет сұрақтарды сессия қатысушылары Мәжіліске, қаржы нарығын реттеу орталығына, "Самұрық-Қазынаға" тікелей айта алатынын жеткізді.
Форсайт-сессияның негізгі фокусы жасанды интеллекттің қарқынды дамуы жағдайында директорлар кеңесінің рөлі мен тәжірибелерінің өзгеруі, сондай-ақ корпоративтік басқарудың тиімді жүйесінің негізгі элементі ретінде тәуелсіз директорлар институтын нығайтуға қойылды.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялар мен холдингтердің өкілдері, жеке сектор лидерлері және халықаралық сарапшылар қатысты.
Айта кетейік, Астана Халықаралық қаржы орталығының алаңында өткен "Болашақ директорлар кеңесі" форсайт-сессиясы Қазақстанның тәуелсіз директорлар қауымдастығы QID ұлттық корпоративтік басқару кеңесінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Еске салсақ, Қазақстанның ең ірі ұлттық холдингі – "Самұрық-Қазына" АҚ жуырда бұрын-соңды болмаған шешім қабылдады: Директорлар кеңесінің құрамына жасанды интеллект жүйесін – SKAI (Samruk-Kazyna Artificial Intelligence) – "цифрлық тәуелсіз директор" ретінде қосты. Бұл жаңалық қоғамда қызу талқылау туғызды: мұндай мәртебе заңды ма, жүйе нақты қандай рөл атқарады және ол корпоративтік басқару мәдениетіне қалай әсер етуі мүмкін? Толығырақ BAQ.KZ тілшісінің мына зерттеу материалынан оқи аласыздар.