Бүгiн 2026, 10:38 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Әлемде: Жапония өлімге әкелетін қару экспортын бастады, АҚШ қысымды арттырды, Иран күйреп барады

Жапонияның қару экспорты, Иран төңірегіндегі шиеленіс, Ливандағы дағдарыс: әлемдегі басты өзгерістердің мәні қандай? Толығырақ дайджестте.

Жапония алғаш рет өлімге әкелетін қару экспортын мақұлдады. АҚШ Иранға қысымды күшейтіп, санкциялар енгізді. Ливанда гуманитарлық дағдарыс ушығып, миллиондаған адам зардап шекті. Иранда жұмыссыздық күрт өсіп, экономикалық жағдай нашарлап барады.

Жапония қару экспортын кеңейтті: қауіпсіздік саясаты жаңа кезеңге өтті

Фото: pexels.com

Жапония Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін алғаш рет өлімге әкелетін қару-жарақты экспорттауға рұқсат берді. Бұған дейін ел тек қорғанысқа арналған немесе «өлімге әкелмейтін» әскери техниканы ғана шетелге сататын. Енді жаңа түзетулер барлық қорғаныс өнімдерін экспорттауға жол ашып отыр. Үкімет бұл қадамды Қытай, Ресей және Солтүстік Корея тарапынан күшейген әскери қауіп-қатермен байланыстырады. Сонымен қатар, бұл шешім Жапонияның қорғаныс өнеркәсібін дамытуға, технологиялық экспортты арттыруға және халықаралық әскери серіктестіктерін нығайтуға бағытталған. Алайда ел ішінде пацифистік Конституция принциптеріне қайшы келеді деген сын күшейіп, қоғамда қызу пікірталас туындады.

Трамп Иранға қатысты атысты тоқтатуды ұзартты: қысым мен келіссөз қатар жүрмек

Фото: Annabelle Gordon/Reuters

Дональд Трамп Иранмен атысты тоқтату режимін ұзарту туралы шешім қабылдады. Бұл қадам Пәкістан басшылығының өтінішінен кейін жүзеге асқан. Трамп Иран билігінің ішкі саяси тұрғыда бөлінгенін атап өтіп, нақты ұсыныстар берілгенге дейін әскери әрекеттерді уақытша тоқтататынын мәлімдеді. Сонымен бірге АҚШ теңіз блокадасын сақтап, әскери күштерін толық жауынгерлік дайындықта ұстап отыр. Бұл жағдай Вашингтонның бір мезетте әрі қысым жасап, әрі дипломатиялық келіссөздерге жол ашуға тырысып отырғанын көрсетеді.

Ливанға 500 млн еуро қажет: аймақта гуманитарлық ахуал күрт нашарлады

Фото: REUTERS/Mohamed Azakir

Ливан алдағы 6 айда гуманитарлық дағдарысты еңсеру үшін кемінде 500 млн еуро қажет екенін мәлімдеді. Науаль Салам халықаралық көмектің жеткіліксіз екенін атап өтті. Елдегі жағдай Хезболла мен Израиль арасындағы қақтығыстар аясында ушығып отыр. Ресми деректерге сәйкес, 2200-ден астам адам қаза тауып, 7500-ден астамы жараланған. Ал ЮНИСЕФ мәліметінше, 1 миллионнан астам адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған. Инфрақұрылымның бұзылуы, медициналық көмектің жетіспеуі және азық-түлік тапшылығы жағдайды одан әрі күрделендіріп отыр.

АҚШ Иранға санкцияны күшейтті: қаржылық оқшаулау тереңдей түсті

Фото: depositphotos.com

АҚШ Иранға қарсы санкциялар тізімін кеңейтті. Жаңа шектеулер Иранның 8 азаматы мен бірнеше халықаралық компанияны қамтыды, олардың қатарында БАӘ мен Түркияда тіркелген ұйымдар бар. Сонымен қатар Mahan Air әуе компаниясына тиесілі екі Boeing 777 ұшағы да санкцияға ілікті. Бұл қадам Иранның халықаралық қаржы жүйесіне қолжетімділігін шектеуге, оның сауда операцияларын қиындатуға және әскери-өнеркәсіптік әлеуетін әлсіретуге бағытталған. Сарапшылардың пікірінше, бұл санкциялар қысқа мерзімде инфляция мен валюта құнсыздануын күшейтуі мүмкін.

Иранда 2 млн адам жұмыссыз: соғыс экономикаға ауыр соққы болды

Фото: freepik.com

Иранда қақтығыстар салдарынан шамамен 2 миллион адам жұмысынан айырылды. Жаппай қысқартулар өндіріс орындарына жасалған шабуылдармен қатар, тұтынушылық сұраныстың күрт төмендеуінен де туындап отыр. Әсіресе мұнай-химия, металлургия, бөлшек сауда, логистика және ІТ секторлары үлкен шығынға ұшырады. Интернеттің шектелуі цифрлық экономикаға ауыр соққы болып, күн сайын миллиондаған доллар шығын келтіруде. Ресми деректер бойынша инфляция 50%-дан асып, халық тек ең қажетті тауарларды сатып алуға көшкен. Сарапшылар егер қақтығыс пен санкциялық қысым жалғасса, елде әлеуметтік тұрақсыздық қаупі арта түсетінін ескертеді.