Әлемде: Зеленскийдің мәлімдемесі, Түркиядағы жер сілкінісі, Трамптың Газаға көмегі
BAQ.KZ тілшісі бір тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылады.
BAQ.KZ тілшісі бір тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылады.
Түркияда жер сілкінді
Түркияның Самсун қаласы Везиркёпрю ауданында магнитудасы 4 болатын жер сілкінісі болды.
AFAD мәліметінше, жерасты дүмпулері 00:20-да тіркелген. Жер сілкінісінің ошағы Samsun провинциясының Везиркёпрю ауданында орналасқан.
Жер сілкінісі шамамен 7 шақырым тереңдікте болған.
Самсун – Түркияның солтүстігінде, Қара теңіз жағалауында орналасқан қала.
Зеленский Трамптың позициясы туралы айтты
Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ әкімшілігі мен Дональд Трамп тарапынан Ресеймен компромиске бару қажеттігі туралы сигналдар алғанын мәлімдеді.
Зеленскийдің айтуынша, АҚШ тарапынан "қазір компромиске барудың уақыты келген, бірнеше қадам алға жасауға болады" деген сигналдар берілген.
Сонымен қатар, ол АҚШ президенті соғысты уақытша тоқтату және уақытша келісім жасау ұсынысын жасағанын айтты. Украина шартсыз атысты тоқтатуға дайын болған, бірақ Владимир Путин одан бас тартқан.
Зеленскийдің пікірінше, бұл жағдай Путинге нақты қысым жасалғанша жалғасады.
Әрине, ол бас тартады… Бүгін бір себеп, ертең басқа себеп… Біз оған қысым көрсетуіміз керек. Путин соғысқа нақты қысым көрсетілгенде ғана тоқтайды, – деді ол.
Өткен жұмада Трамп украиналық әріптесіне әрекет етуге шақырып, әйтпесе Ресеймен келіссөзде «тамаша мүмкіндікті» жоғалтуы мүмкін екенін ескерткен.
Сондай-ақ АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Мюнхен конференциясында Вашингтон соғысты тоқтату үшін барлық күш-жігерін көрсететінін айтты. Оның сөзінше, АҚШ Киев үшін қолайлы, ал Мәскеу үшін де қабылдауға болатын нәтижеге жетуге болатынын зерттеуді жалғастырады.
Бразилияда туристер мінген кеме суға батып, екі адам қаза тапты
Бразилияның Амазония өңірінде туристер мінген лық толы кеме суға батып, салдарынан екі адам қаза тапты, тағы жеті адам хабар-ошарсыз кеткен.
Daily Mail мәліметінше, оқиға 13 ақпанда болған. Суға кеткен жолаушылардың барлығы дерлік құтқару кеудешелерін киген. Жақын маңдағы қайықтар жедел көмекке келіп, кейін құтқарушылар 71 адамды судан алып шықты.
Амазонас штатының денсаулық сақтау департаменті үш жасар қыздың және 22 жастағы әйелдің көз жұмғанын растады.
Оқиға орнында 25 өрт сөндіруші, үш қайық, сегіз арнайы техника, полиция катері мен жедел жәрдем қызметі жұмыс істеді. Бразилия әскери-теңіз күштері іздестіру-құтқару операциясына тікұшақ пен арнайы топ жіберді.
Суға батқан кемеге иелік ететін Lima de Abreu Navegações компаниясы оқиғаның мән-жайы жан-жақты тексеріліп жатқанын мәлімдеді. Кеме капитаны абайсызда адам өліміне әкелді деген күдікпен ұсталып, кейін кепілмен босатылған.
Қазіргі уақытта тергеу жалғасуда. Зардап шеккендердің отбасыларына психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетіліп жатыр.
Трамп: Бейбітшілік кеңесі Газаға көмек көрсетуге миллиардтаған доллар бөледі
Дональд Трамп АҚШ президенті Бейбітшілік кеңесінің мемлекеттері Газадағы гуманитарлық көмек пен қалпына келтіру жұмыстарына миллиардтаған доллар уәде еткенін айтты.
Бұл туралы ол 15 ақпанда әлеуметтік желі Truth Social парақшасында жазды.
Бейбітшілік кеңесінің шексіз мүмкіндіктері бар. Өткен жылдың қазан айында мен Газадағы қақтығысты түпкілікті тоқтату жоспарын ұсындым, және біздің концепциямыз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесімен бір ауыздан қабылданды, — деп түсіндірді Трамп.
Одан кейін гуманитарлық көмек жылдам ұйымдастырылып, барлық тұтқындар босатылғанын айтты.
Бір ай бұрын менімен бірге Дүниежүзілік экономикалық форумда (Давос, Швейцария) 20-дан астам жетекші құрылтайшы ресми түрде Кеңестің құрылуын атап өтіп, Газадағы бейбіт тұрғындарға көмек көрсету және кейіннен Газадан тыс жерлерде де қолдау көрсетуге арналған батыл концепцияны таныстырды, — деді президент Трамп.
Трамп Бейбітшілік кеңесінің мүшелерімен кездесетінін және онда халықаралық қолдаудың жарияланатынын хабарлады:
19 ақпанда мен Вашингтондағы Donald J. Trump Institute for Peace Бейбітшілік институтында Кеңес мүшелерімен қайта кездесемін, онда мүше мемлекеттердің Газадағы гуманитарлық көмек пен қалпына келтіруге 5 миллиард доллардан астам қаражат бөлетінін және халықаралық тұрақтандыру күштері мен жергілікті полицияға мыңдаған қызметкерлерді тартатынын жариялаймыз, – деді ол.
Трамптың айтуынша, Бейбітшілік кеңесі «тарихтағы ең маңызды халықаралық органға» айналады, және ол оның төрағасы болуды үлкен мәртебе деп есептейді.
Айта кетейік, 22 қаңтарда Қасым-Жомарт Тоқаев Давоста Бейбітшілік кеңесінің жарғысын қол қойған. Оған қоса 18 елдің басшылары мен өкілдері қол қою рәсіміне қатысты.
Германияда автобуста пышақпен шабуыл жасалды
14 ақпан күні кешке Германияның Вупперталь қаласында автобуста жолаушылар арасында жанжал шығып, соңы пышақ қолданумен аяқталды.
Оқиға қаладағы карнавалдан қайтып келе жатқан екі топ жолаушы арасында туындаған даудан басталған. Қақтығыс барысында Вупперталь қаласының, бұған дейін полицияға белгілі болған тұрғыны үш адамға шабуыл жасаған.
Салдарынан үш жолаушы жарақат алды. Олардың бірі іш тұсынан пышақ жарақатын алып, ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Тағы екі адам түрлі деңгейдегі жарақат алған.
Автобус жүргізушісі көлікті дереу тоқтатқан. Күдікті оқиға орнынан қашып кеткенімен, полиция қызметкерлері оны жақын маңнан ұстады. Бұталар арасынан қан іздері бар пышақ табылған.
Кейін күдіктінің уақытша ұстау изоляторында тәртіп бұзып, қарсылық көрсеткені хабарланды. Ол психиатриялық ауруханаға орналастырылған. Қазіргі уақытта денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеушілер істі кісі өлтіруге оқталу бабына қайта саралау мүмкіндігін де қарастырып жатыр.