Әлемде: Зеленский мәлімдемесі, Ормуз бұғазындағы жағдай, Таяу Шығысқа қару жеткізіледі
BAQ.KZ тілшісі бір тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылады.
BAQ.KZ тілшісі бір тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылады.
Келіссөздер қайта бастала ма? Зеленский жаңа мәлімдеме жасады
Владимир Зеленский Украинадағы қақтығысты реттеу бойынша келіссөздер аясында АҚШ-та кездесу өтуі мүмкін екенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, кездесу 21 наурызға жоспарланып отыр. Зеленский американдық тараптың келіссөздер форматтарын жалғастыруға дайын екені туралы сигналдар бар екенін атап өтті.
Келіссөздерде үзіліс болды, енді оны аяқтайтын кез келді. Украина делегациясының саяси бөлігі жолда, біз осы сенбіде АҚШ-та кездесу өткіземіз деп күтіп отырмыз, – деді ол.
Кездесудің нақты кімдермен өтетіні әзірге нақтыланбады. Алайда Украина тарапы келіссөздерге дайындықты пысықтаған.
Президенттің мәліметінше, келіссөздерге Рустем Умеров, Кирилл Буданов, Давид Арахамия және Сергей Кислица қатысуы мүмкін.
Бұл кездесу Украинадағы жағдайды дипломатиялық жолмен реттеуге бағытталған кезекті қадам болуы ықтимал.
Трамп Израильді Иранның энергетикалық нысандарына соққы бермеуге шақырды
АҚШ президенті Дональд Трамп Израильді Иранның энергетикалық инфрақұрылымына қарсы шабуылдарды қайталамауға үндеді. Оның айтуынша, мұндай әрекеттер жаһандық энергетикалық нарықтағы тұрақсыздықты күшейтіп, қақтығыстың одан әрі ушығуына әкелуі мүмкін.
Бұл мәлімдеме Иран Израильдің газ кен орнына жасаған соққысына жауап ретінде Катардағы ірі энергетикалық нысандардың біріне шабуыл жасағаннан кейін айтылды. Сарапшылардың бағалауынша, аталған соққы әлемдік сұйытылған газ өндірісінің едәуір бөлігіне әсер етіп, оны қалпына келтіруге бірнеше жыл қажет болуы мүмкін.
Трамп Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяхумен сөйлескенін айтып, энергетикалық нысандарға қайта соққы бермеуді сұрағанын жеткізді. Оның сөзінше, Израиль бұл өтінішті ескерген.
Сонымен қатар, Ақ үй басшысы Таяу Шығысқа қосымша америкалық әскер жіберу жоспары жоқ екенін мәлімдеді.
Аймақтағы жағдай шиеленісе түскен сайын, халықаралық қауымдастық алаңдаушылық білдіруде. Бірқатар елдер Ормуз бұғазы арқылы қауіпсіз кеме қатынасын қамтамасыз ету және энергетикалық нарықты тұрақтандыру үшін бірлескен шаралар қабылдауға дайын екендерін мәлімдеді.
Сарапшылардың пікірінше, Иранның энергетикалық инфрақұрылымына жасалған соққылар қақтығыстың «жаңа кезеңіне» жол ашып, енді қарсы тараптың да энергетикалық нысандарды нысанаға алуына әкеліп отыр.
Ормуз бұғазы: Еуропа мен Жапония кеме қатынасын қамтамасыз етуге дайын
Ұлыбритания, Франция, Германия, Италия, Нидерланды және Жапония Ормуз бұғазы арқылы коммерциялық кемелердің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету үшін халықаралық күш-жігерге қосылуға дайын екендіктерін жариялады.
Сонымен қатар, олар энергетикалық нарықтарды тұрақтандыруға бағытталған шаралар қабылдайтындарын айтты.
Бірлескен мәлімдемеде елдер Иранның Парсы шығанағында азаматтық инфрақұрылымға, оның ішінде мұнай-газ нысандарына жасалған шабуылдарын айыптап, Ормуз бұғазын кеме қатынасы үшін жауып тастау әрекеттерін тоқтатуға шақырды. Халықаралық құқыққа сәйкес кеме қатынасының еркіндігі негізгі қағида болып саналатыны ескертілді.
Сонымен қатар, мәлімдемеде стратегиялық мұнай резервтерін үйлестіріп шығару, өндірісті ұлғайту үшін кейбір өндіруші елдермен ынтымақтастық, сондай-ақ ең көп зардап шеккен елдерге халықаралық қаржы институттары арқылы қолдау көрсету жоспары айтылды. Елдер теңіз қауіпсіздігі мен кеме қатынасының еркіндігі барлық мемлекеттер үшін маңызды екенін атап өтті.
АҚШ Таяу Шығыс елдеріне 23 млрд доллар көлемінде қару-жарақ сатуды мақұлдады
Америка әкімшілігі Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт және Иордания әскери одақтастарына жалпы сомасы 23 миллиард долларлық қару-жарақ жеткізуді мақұлдады.
БАӘ үшін жеткізілімге әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері, бомба және PATRIOT жүйелеріне арналған PAC-3 зымырандары, сондай-ақ CH-47 Chinook тікұшақтары кіреді. Кувейтке әуе қорғанысы жүйелерін қамтамасыз ету қарастырылған. Бұған дейін АҚШ Мемлекеттік департаменті БАӘ-ге 16 миллиард долларлық қару-жарақ жеткізуді бекіткен болатын.
Басылым дереккөздеріне сілтеме жасап, жаңа 7 миллиард долларлық пакет бұрынғы келісімге қосымша екенін атап өтті. АҚШ әкімшілігі кейбір ірі жеткізілімдер үшін Конгресстің келісімін күтпестен Төтенше жағдайлар туралы ережелерді қолданған. Мысалы, THAAD зымырандық жүйесіне жабдық жеткізу үшін шамамен 4-4,5 миллиард доллар сомасында бұл құқық қолданылған.
Бұл қадам АҚШ-тың аймақтағы әскери одақтастарын қолдауы мен қауіпсіздікті нығайтуға бағытталғанын көрсетеді.
Еуропалық Кеңес Иранның әскери соққыларын қатаң айыптады
Еуропалық Кеңес Иранның аймақ елдеріне қарсы жасаған әскери соққыларын қатаң айыптап, зардап шеккен мемлекеттермен ынтымақтастық білдіретінін мәлімдеді.
ЕО басшылары атынан жарияланған мәлімдемеде аймақтық әуе кеңістігін қорғау мен теңіз қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігі атап өтілді. Сонымен қатар, жағдайдың ушығуын болдырмау үшін барлық қажетті шаралар қабылданатыны айтылды.
Кеңес мүше мемлекеттердің Ормуз бұғазында кеме қатынасы еркіндігін қамтамасыз етуге бағытталған күш-жігерін қолдайтынын жеткізді. Бұл қадам халықаралық сауда мен энергетикалық қауіпсіздік үшін маңызды екені атап өтілді.
Сондай-ақ, Еуропалық Одақ бақылаусыз көші-қонның алдын алу және өңірлік қауіпсіздікті сақтау мақсатында дипломатиялық, құқықтық, операциялық және қаржылық тетіктердің барлығын толық пайдалануға дайын екенін мәлімдеді.
Құжатта ЕО-ның Таяу Шығыста орналасқан мүше мемлекеттерді толық әрі сөзсіз қолдайтыны да атап өтілген.
Сонымен қатар, Еуропалық Кеңес Кипрдің Ұлыбританиямен аралдағы британдық әскери базаларға қатысты келіссөздерді бастау ниетін құптап, қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.
Бұған дейін Кипр президенті Никос Кристодулидис ел аумағындағы британдық әскери базаларды «отаршылдық мұра» деп атап, олардың мәртебесі мен болашағы бойынша келіссөздер жүргізу қажет екенін мәлімдеген. Оның айтуынша, Таяу Шығыстағы жағдай тұрақтанғаннан кейін бұл мәселе бойынша Ұлыбританиямен ашық диалог басталады.
Айта кетейік, Иран мен АҚШ-Израиль арасындағы қақтығыс басталғаннан кейін көп ұзамай Кипрдегі Акротири әскери базасына дрондармен шабуыл жасалған болатын.
Нетаньяху: Израиль АҚШ-ты Иранмен соғысқа тартқан жоқ
Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху АҚШ пен Израиль арасындағы Иранға қарсы әскери операциялар туралы пікір білдірді.
Нетаньяхудың айтуынша, Израиль Ирандағы ядролық инфрақұрылым мен әскери нысандарды, оның ішінде зымыран арсеналы, дрондар және зымыран бөлшектерін өндіретін зауыттарды жоюға бағытталған іс-қимылдарын жалғастырып жатыр. Ол бұл әрекеттерді "бұрын жасамаған жолмен" жүзеге асырып жатқанын атап өтті, бірақ "әлі көп жұмыс бар" деді.
Сонымен қатар, премьер-министр Израильді АҚШ-ты Иранмен қақтығысқа итермеледі деп сипаттауға тырысатын ақпаратты жоққа шығарды.
Біреу Трампқа не істеу керектігін айта алады деп ойлай ма? Президент әрқашан Америка үшін не жақсы болады деп шешім қабылдайды және болашақ ұрпақ үшін әрекет етеді, – деді Нетаньяху баспасөз мәслихатында.