Әлемде: Зеленский келісімге келді, Иран мен АҚШ тартысы ушығып барады, NASA Айға ұшты
Зеленскийдің жаңа келісімі, Ормуз төңірегіндегі шиеленіс және Айға ұшқан тарихи миссия – әлемдегі соңғы оқиғалардың астарында не жатыр?
Зеленский АҚШ-пен қауіпсіздік кепілдіктерін күшейтуге келісті. АҚШ пен Иран Ормуз бұғазы бойынша келіссөз жүргізуде. NASA Айға тарихи миссиясын ұшырды, ал Таяу Шығыста шиеленіс күшейіп барады. BAQ.KZ тілшісі әлемдегі басты оқиғаларға шолу жасап, назарларыңызға ұсынады.
Зеленский АҚШ-пен қауіпсіздік кепілдіктерін күшейтуге келісті
Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ өкілдерімен жүргізген видеокездесу барысында ел қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған келісімге қол жеткізілгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі геосаяси жағдайда қауіпсіздік мәселесі ерекше өзекті болып отыр.
Кездесуге АҚШ президентінің өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер, сондай-ақ сенатор Линдси Грэм мен НАТО Бас хатшысы Марк Рютте қатысқан. Зеленский алдағы уақытта тараптар нақты нәтижелерге жеткізетін практикалық жұмыстар басталатынына сенім білдірді.
АҚШ пен Иран Ормуз бұғазы үшін келіссөз жүргізіп жатыр
АҚШ пен Иран Ормуз бұғазының ашылуына байланысты атысты тоқтату мүмкіндігін талқылауда. Axios порталының мәліметінше, келісімнің ықтимал нұсқасы Иранның теңіздегі әрекеттерін қайта қалпына келтіруімен байланысты болуы мүмкін.
Дегенмен, келіссөздердің қалай жүріп жатқаны – тікелей ме, әлде делдалдар арқылы ма – нақты белгісіз. Сонымен қатар, ресми келісімге қол жеткізу мүмкіндігі әзірге күмәнді. Айта кетейік, Израиль мен Сауд Арабиясы АҚШ-ты әскери әрекеттерді жалғастыруға шақырып отыр.
NASA Айға бағытталған тарихи миссияны ұшырды
NASA-ның «Артемида-2» бағдарламасы аясындағы Ай миссиясы сәтті іске қосылды. «Орион» ғарыш кемесі Флоридадағы Кеннеди ғарыш орталығынан ұшырылды.
Экипаж құрамында төрт астронавт бар. Бұл миссия бірнеше тарихи ерекшелігімен маңызды: Виктор Гловер – Айға ұшқан алғашқы афроамерикалық астронавт, ал Кристина Кох – осы миссияға қатысқан алғашқы әйел.
Жоспар бойынша, экипаж Айды айналып, 10 күн ішінде Жерге қайта оралады.
Иран: «Біз ешқашан соғыс бастаған емеспіз»
Иран президенті Масуд Пезешкиан АҚШ халқына жолдаған хатында елінің ешқашан соғыс бастаушы болмағанын атап өтті. Оның айтуынша, Иран халқы басқа елдердің азаматтарына қарсы жаулық ұстанбайды.
Алайда бұл мәлімдемеден кейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иран тарапынан атысты тоқтатуға қатысты өтініш болғанын айтып, қатаң жауап қатты. Ол Ормуз бұғазы ашылмайынша, қандай да бір келісім болмайтынын жеткізді.
Иран СІМ: «Мектептерге шабуыл – геноцид»
Иранның Сыртқы істер министрлігі АҚШ пен Израильді елдегі білім беру нысандарына шабуыл жасады деп айыптап, оны «геноцид» деп атады.
Ресми мәліметке сәйкес, соңғы 33 күнде 600-ден астам мектеп пен оқу орны нысанаға алынған. Министрлік өкілі Эсмаил Багаи бұл әрекеттерді әскери қылмыстан да ауыр деп бағалап, халықаралық қауымдастықтың назарын аударды.