Әлемде: Үндістан мен Еуропаның тарихи келісімі, Израиль Палестина мемлекетіне қарсы
BAQ.KZ тілшісі бір тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылады.
Үндістан мен Еуропалық одақ тарихи сауда келісіміне қол жеткізді
Үндістан мен Еуропалық одақ (ЕО) екіжақты сауданы кеңейтуге бағытталған ауқымды келісімге қол жеткізді.
Агенттіктің хабарлауынша, келісім көптеген тауарлар бойынша кедендік баж салығын айтарлықтай төмендетуді көздейді.
Келісімге сәйкес, ЕО Үндістаннан әкелінетін тауарлардың 99,5%-ына, ал Үндістан ЕО-дан импортталатын өнімдердің шамамен 97%-ына тарифтерді қысқартады. Бұл еуропалық компанияларға жыл сайын 4 млрд еуроға жуық қаржы үнемдеуге мүмкіндік береді.
ЕО тарапынан теңіз өнімдері, тоқыма, былғары, химия, резеңке, түсті металдар, асыл тастар мен зергерлік бұйымдарға баж салығы нөлге дейін төмендетіледі. Ал ауыл шаруашылығы өнімдері – сиыр еті, сүт, қант, күріш және соя келісім аясынан тыс қалды.
Үндістан бірнеше жыл ішінде еуропалық автомобильдерге салынатын баж салығын 110%-дан 10%-ға дейін төмендетеді. Бұл Volkswagen, BMW, Mercedes-Benz және Renault секілді компанияларға Үндістан нарығына жол ашады. Сонымен қатар, алкоголь өнімдеріне тарифтер кезең-кезеңімен қысқартылады.
Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Лейен бұл келісімді «тарихи қадам» деп атап, оның Үндістанның қорғалған нарығын ЕО бизнесі үшін ашатынын айтты. Ал Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди келісімнің 1,4 млрд үндістандық пен Еуропадағы миллиондаған адамға жаңа мүмкіндіктер әкелетінін мәлімдеді.
2025 қаржы жылында Үндістан мен ЕО арасындағы сауда көлемі 136,5 млрд долларды құраған. Сарапшылар бұл келісім 2032 жылға қарай еуропалық экспортты екі есеге арттыруы мүмкін деп болжап отыр.
Келісім алдағы 5-6 айда заңдық тексеруден өтіп, кейін ресми түрде күшіне енеді.
Трамп Оңтүстік Кореядан импортқа тарифті 25%-ға дейін көтерді
АҚШ Президенті Дональд Трамп Оңтүстік Кореядан импортталатын кейбір тауарларға, соның ішінде автомобильдер, ағаш және фармацевтика өнімдеріне тарифтерді 25%-ға дейін көтеретінін мәлімдеді.
Бұл қадам өткен жылы жасалған сауда келісімінің шарттарының орындалмауына байланысты қабылданды
Оңтүстік Корея әлі ресми хабарлама алмады және Вашингтонмен шұғыл келіссөздер жүргізуді талап етті.
Өткен жылы ел АҚШ-қа 123 млрд долларлық тауар экспорттады, оның 30 млрд доллары автомобильдерге тиесілі болды. Тарифтің көтерілуі американдық және кореялық нарықтарға қысқа мерзімді әсер етуі мүмкін, бірақ сарапшылар бұған қатты алаңдамауды ұсынады.
Трамп сыртқы саясатта тарифтерді қысым механизмі ретінде жиі қолданады, бұл шешім АҚШ-тың одақтастары мен халықаралық серіктестермен қарым-қатынасына ықпал етуі мүмкін.
Ирландияда "Чандра" дауылы су тасқынына себеп болды
Ирландияға қатты жауын мен жел әкелген «Чандра» дауылы бірнеше аймақта су тасқынына себеп болды. Дублиндегі Төтенше жағдайлар қызметі су басқан жолдарда автокөліктерді құтқарып, зардап шеккендерге көмек көрсетті.
Синоптиктердің хабарлауынша, түнде елдің бас қаласында шамамен 30 мм жаңбыр жауған. Сары деңгейдегі ескерту Карлоу, Килкенни, Лаут, Вексфорд, Уиклоу және Уотерфорд округтері үшін сағат 23:00-ге дейін күшінде болды. Ел бойынша шамамен 30 мың адам электр қуатынан айырылды, бірнеше жолдар жабылды.
Вексфорд округіндегі Эннискорти аймағы ең көп зардап шеккен орындардың бірі болып отыр. Билік тұрғындарға сақтық сақтап, айналма жолдарды пайдалануды ұсынады. Қатты желге байланысты «сары» ескерту бүкіл елде жалғасуда.
Австралияда рекордтық аптап ыстық тіркелді
Австралияның кейбір аудандарында сейсенбіде рекордтық аптап ыстық тіркелді: температура шамамен 50 °C-қа жетті. Ел ұзақ жылу толқынынан зардап шегіп отыр.
Виктория штатындағы Хоуптаун мен Вальпеап ауылдық жерлерінде алдын ала есеп бойынша 48,9 °C температура байқалды. Егер деректер расталса, бұл көрсеткіш 2009 жылы тіркелген рекордтарды, сол кездегі жойқын қара сенбі дала өрттерінен кейінгі көрсеткіштерді жаңарта алады.
Қатты ыстықтан әлі адам шығыны тіркелмеді, бірақ билік сақ болуға шақырып отыр, себебі үш орман өрті бақылаудан шыққан. Мельбурн қаласында да температура рекордын жаңарту қаупі бар. Ашық теннис чемпионатында матчтар ыстыққа байланысты ауыстырылып, ойыншыларға мұз пакеттері мен портативті желдеткіштер берілді.
Ыстық ауа-райынан халықтың көпшілігі үйде қалуды жөн көріп, қатысушылар саны 50 000-нан 21 000-ға дейін қысқарды. Сәрсенбіде температура төмендеуі мүмкін, бірақ аптап ыстық әлі бірнеше күнге сақталуы ықтимал.
Австралиядағы соңғы аномальды жылу тарихтағы ең ыстық жаз мезгілдерінің біріне жатады. Жаңа Оңтүстік Уэльс пен Оңтүстік Австралия штаттарында да рекордтық температура тіркелді, бұл өткен жылғы орман өрті кезінде көрсетілген көрсеткіштерден асып түседі.
БҰҰ ядролық державаларды қарусыздануға қайта оралуға шақырды
БҰҰ-ға мүше елдер, әсіресе ядролық державалар, ядролық қарусыздануға және халықаралық шиеленісті азайтуға қайта оралуы керек. Бұл туралы ұйым басшысының ресми өкілі Стефан Дюжаррик брифингте мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұл шара әлемдегі қауіп-қатер деңгейін төмендетіп, «Қиямет күні сағатын» ядролық түн ортасынан кем дегенде 86 секундқа алыстатуға мүмкіндік береді.
27 қаңтарда Bulletin of the Atomic Scientists журналы ғалымдарының бейнеконференциясында ақырет күнінің символдық сағаты ядролық түн ортасына төрт секундқа жақындатылды. Бұл сағат адамзаттың жойылу қаупін көрсететін символ ретінде 70 жылдан астам уақыт бойы әлемдік қауымдастыққа қауіп туралы ескерту жасайды.
Сағаттың көрсеткіштері ядролық қауіп-қатер, әскери қақтығыстар, климаттық өзгерістер, кибер соғыстар мен биотерроризм сияқты факторларға байланысты өзгереді. 1940-жылдардың басында Bulletin of the Atomic Scientists журналын Манхэттен жобасына қатысқан ғалымдар құрған. Журнал 1945 жылдан бастап Чикаго университетінде жарық көріп келеді.
Нетаньяху: Израиль Газада Палестина мемлекетінің құрылуына жол бермейді
Израиль Газа секторында Палестина мемлекетін құруға мүмкіндік бермейді. Бұл туралы елдің премьер-министрі Беньямин Нетаньяху баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Газада Палестина мемлекетін құруға жол беріледі деген пікірлер айтылып жатыр. Бұл болған емес және болмайды, – деді Израиль үкіметінің басшысы.
Оның айтуынша, Израиль Газа секторын толық демилитаризациялауды және ХАМАС радикалды қозғалысын қарусыздандыруды талап етеді. Сондай-ақ анклав аумағында Түркия немесе Катар әскерлерінің орналасуына жол берілмейді.
Нетаньяху Израиль Иордан өзенінен Жерорта теңізіне дейінгі бүкіл аумақтың қауіпсіздігін бақылауда ұстауды қолдайтынын атап өтті. Бұл талап Газа секторына да қатысты.
Премьер-министрдің сөзінше, 26 қаңтарда соңғы кепілге алынған адамның мәйіті Израильге қайтарылғаннан кейін ел билігі ХАМАС-ты толық қарусыздандыру және Газаны демилитаризациялау бағытындағы операцияларды аяқтауға күш салады.
Испания елде заңсыз тұрып жатқан 500 мың иммигрантты заңдастырады
Испания үкіметі ел аумағында заңсыз тұрып жатқан иммигранттарға уақытша заңды мәртебе беру бағдарламасын іске қосты. Интеграция, әлеуметтік қамсыздандыру және көші-қон министрі Эльма Саистің мәлімдеуінше, бұл шара 500 мың адамға дейін қамтуы мүмкін.
Бағдарлама аясында 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін халықаралық қорғауға өтініш беріп, елде кемінде бес ай тұрғанын дәлелдей алатын шетелдіктерге бір жылға тұру және жұмыс істеу рұқсаты беріледі. Үміткерлердің соттылығы болмауы тиіс.
Билік бұл шешімді парламентте тұрып қалған заң жобасын айналып өтіп, көші-қон заңнамасына жедел түзетулер енгізу арқылы жүзеге асырмақ. Associated Press агенттігінің хабарлауынша, Испания 1986–2005 жылдар аралығында иммигранттарды заңдастыруға алты рет барған.
Испаниядағы бұл қадам Еуропада көші-қон саясатын қатаңдату үрдісіне қайшы келеді. Министр Эльма Саис елдің мигранттарға қатысты гуманистік ұстанымын сақтайтынын айтып, Испанияны «қарсы ағымдағы маяк» деп атады.
Алайда бастама оппозиция тарапынан сынға ұшырады. Консервативті Халық партиясының жетекшісі Альберто Нуньес Фейхоо үкіметті ішкі дағдарыстардан назарды басқа жаққа бұруға тырысты деп айыптаса, оңшыл Vox партиясының лидері Сантьяго Абаскаль бұл шешім миграциялық қысымды күшейтеді деп мәлімдеді.
Сарапшылардың бағалауынша, қазіргі таңда Испанияда 800 мыңға жуық заңсыз иммигрант тұрады. Олардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы, туризм және қызмет көрсету салаларында еңбек етеді.