Әлемде: Украина үшін қауіпсіздік кепілдіктері, ХАМАС-қа қарсы жаңа операция
BAQ.KZ тілшісі бір тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылады.
АҚШ пен Еуропа Украина үшін қауіпсіздік кепілдіктерін әзірлеуді аяқтады
АҚШ пен бірқатар еуропалық мемлекеттердің әскери ведомстволары Украинаға арналған қауіпсіздік кепілдіктерінің бірнеше нұсқасын әзірлеуді аяқтады. Нұсқалар енді әр елдің ұлттық қауіпсіздік кеңесшілеріне қарауға ұсынылады.
21 тамызда Ақ үйде АҚШ президенті Дональд Трамп Украина басшысы Владимир Зеленскиймен және еуропалық елдердің көшбасшыларымен кездесті. Жиында Трамп Киевке ұсынылатын қауіпсіздік кепілдіктері НАТО-ның ұжымдық қорғаныс тетігімен теңестірілмейтінін атап өтті. Сондай-ақ ол өзінің президенттігі кезінде Украина аумағында америкалық әскер орналаспайтынын мәлімдеді.
Bloomberg дерегінше, қарастырылып отырған кепілдіктер көпұлтты күштерді қамтитын "тілек білдірушілер коалициясының" жұмысына негізделуі мүмкін. АҚШ тарапы Киевке тікелей әскер жібермесе де, әуе қолдауын қарастыруы ықтимал. Бұл ракеталық қорғаныс жүйелері мен атқылауды болдырмау аймағын қамтуы мүмкін.
Вашингтонда вице-президент Дж. Д. Вэнс Еуропа бұл кепілдіктердің негізгі ауыртпалығын өз мойнына алуы тиіс екенін айтты.
Біз әскери құрам бөлікті қамтитын нақты кепілдіктерге мүдделіміз. 1994 жылғы Будапешт меморандумының қателігін қайталамауымыз керек, – деді Украина президентінің кеңесшісі Андрей Ермак.
Осылайша, Батыс елдері Украинаға қауіпсіздік кепілдіктерін беру тетіктерін нақтылау үстінде. Келіссөздердің басты мақсаты – Киевтің қорғаныс қабілетін күшейтіп, елді болашақта жаңа қауіп-қатерлерден қорғаудың сенімді жүйесін құру.
Газа секторында аштықтан қаза тапқандар саны 271 адамға жетті
Газа секторында аштықтан қаза тапқандардың саны 271-ге жетті. Құрбандардың арасында 112 бала бар. Соңғы тәулікте ауруханаларда аштық салдарынан екі өлім тіркелген. Бұл туралы Газа секторының баспасөз қызметі мәлім етті.
Министрліктің дерегінше, жалпы 2 036 адам аштықтан зардап шегіп, медициналық көмекке жүгінген. Ал анклавтағы әскери қақтығыстар басталған 2023 жылдың қазан айынан бері 62 мыңнан астам адам қаза тауып, 156 мыңнан астамы жараланған.
Бұған дейін, 4 тамызда, министрлік аштықтан қаза тапқандардың саны 180-ге жеткенін, олардың 93-і бала екенін хабарлаған болатын. Кейін БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары Фолькер Түрк Израильдің Газа тұрғындарын азық-түліктен шектеуін адамзатқа қарсы қылмыс ретінде бағалауға болатынын мәлімдеген.
Сонымен қатар, 20 тамызда Израиль әскерінің Газа қаласына жасаған әуе соққыларынан 50-ден астам адам қаза тауып, 185 тұрғын жараланды. Құтқарушылар үйінді астында қалғандарды іздестіруді жалғастыруда.
Бразилияның экс-президенті қаржы жымқырды деген күдікке ілінді
Бразилия полициясы бұрынғы президент Жаир Болсонаруды ақша жымқыру ісіне қатысы бар деп тергеп жатыр. Экс-президент шамамен 5,4 миллион доллардан (30 млн реалдан) астам қаржыны заңсыз айналымға салған.
Федералды полицияның тергеуінде 2023 жылғы 1 наурыз бен 2025 жылғы 5 маусым аралығында Болсонаруға тиесілі есепшоттарда күмәнді қаржылық операциялар жүргізілгені анықталған. 2023 жылдың наурызынан 2024 жылдың ақпанына дейінгі аралықта оның шоттарында кіріс және шығыс операцияларының көлемі 30 миллион доллардан асқан.
Бұл экс-президентке қатысты алғашқы айып емес. 2025 жылдың маусым айында федералды полиция оны тыңшылық жасады деп айыптады. Тергеу дерегінше, Болсонару Үкіметке қарсы адамдарды жасырын бақылау жүйесін құрған, оны экс-президенттің ұлы Карлос Болсонару басқарған.
Сондай-ақ, биыл ақпан айында Бас прокуратура Болсонаруды мемлекеттік төңкеріс ұйымдастырмақ болды деп айыптады. Тергеу материалдарына сәйкес, ол қазіргі президент Луис Инасиу Лула да Силваға қарсы шабуыл жасауды жоспарлаған. Бұл іске барлығы 34 адам тартылған.
Айта кетейік, 2023 жылдың қаңтарында Болсонару жақтастары үкіметтік ғимараттарды басып алмақ болып, ауқымды тәртіпсіздік шығарған еді. Ол кезде 5 мыңға жуық адам қатысып, олардың 1,4 мыңы ұсталған. Қазіргі таңда Болсонару үй қамағында отыр.
Израиль ХАМАС-қа қарсы жаңа операцияны мақұлдады
Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху Газа секторына барып, Израиль қорғаныс армиясының (ЦАХАЛ) Газа қаласын басып алу және ХАМАС қозғалысын жеңу жоспарын қолдайтынын мәлімдеді.
Бүгін мен Газа секторына Израиль армиясының Газа қаласын бақылауға алу және ХАМАС-ты жеңу жоспарын растау үшін келдім, - деді ол.
Премьер-министр резервшілер мен армияның дайындық деңгейін жоғары бағалады.
Нетаньяху сондай-ақ кепілге алынғандарды босату және Израиль үшін қолайлы шарттарда атысты тоқтату жөніндегі келіссөздерді дереу бастауды тапсырғанын айтты. Оның сөзінше, ХАМАС-ты жеңу мен тұтқындар мәселесі қатар қарастырылуда.
Израиль әскері Газа қаласына шабуылды 20 тамызда бастаған. Қазіргі уақытта қала шетінің бір бөлігі бақылауға алынғаны хабарланды. Операция «Гидеон – 2 арбалары» деп аталып, оған 60 мың резервші шақырылған. Сонымен қатар, тағы 20 мың әскери қызметшінің мерзімі ұзартылды.
АҚШ Израильден Ливанға соққыларды азайтуды сұрады
АҚШ әкімшілігі Израильден Ливанға қарсы "шұғыл емес" әскери операциялардың санын қысқартуды өтінген. Бұл қадам Ливан үкіметінің "Хезболланы" қарусыздандыру процесін бастауына қолдау көрсетуге бағытталған.
Ақпарат көздерінің айтуынша, АҚШ президентінің Сирия жөніндегі арнайы өкілі Томас Баррак Израиль үкіметімен келіссөздер жүргізуде. Ол Ливан үкіметінің қарусыздандыруға қатысты нақты қадамдарына жауап ретінде Израиль әскерін бес форпосттан біртіндеп шығару жоспарын ұсынған. Сонымен қатар, "Трамптың экономикалық аймағы" деп аталатын арнайы аймақты Ливанның оңтүстігінде құру ұсынылған.
Ливанның ақпарат министрі Пол Моркос америкалық ұсыныстарды қолдайтынын айтып, үкімет ел аумағындағы барлық қарулы құрылымдарды жоюға және шекаралас аймақтарға Ливан армиясын орналастыруға дайын екенін мәлімдеді.
Ливан президенті Джозеф Аун да АҚШ жоспарына жауап қатып, басты шарттарды атады: Израильдің құрлықтағы, әуе мен теңіздегі барлық дұшпандық әрекеттерін тоқтату, әскерін халықаралық деңгейде мойындалған шекараға дейін шығару, тұтқындарды босату, мемлекеттің бүкіл аумақты бақылауын қамтамасыз ету және барлық қарулы топтарды, соның ішінде "Хезболланы" қарусыздандыру.