Әлемде: Украина бойынша келіссөз, Франциядағы әлеуметтік желіге тыйым
BAQ.KZ тілшісі бір тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылады.
Зеленский: Қауіпсіздік кепілдігі туралы құжат толық дайын
Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ-тың Украинаға арналған қауіпсіздік кепілдігі туралы құжаты 100% дайын екенін мәлімдеді. Қазіргі таңда Киев құжатқа қашан және қай жерде қол қойылатынын күтіліп отыр.
Бұл туралы Зеленский Литваның Вильнюс қаласында өткен баспасөз мәслихатында айтты. Оның сөзінше, аталған құжат алдымен қол қойылғаннан кейін АҚШ Конгресі мен Украинаның Жоғарғы Радасында ратификациялауға жіберіледі.
Сонымен қатар президент демалыс күндері Абу-Дабиде украин және ресейлік делегациялар АҚШ делдалдарының қатысуымен келіссөздер өткізгенін хабарлады. Тараптар Вашингтон ұсынған 20 тармақтан тұратын жоспарды талқылаған, алайда әзірге нақты келісімге қол жеткізілмеген.
Зеленскийдің айтуынша, Ресей Украинаны соғыс басталғалы бері басып ала алмаған шығыс аймақтардан бас тартуға мәжбүрлеуге тырысуда, бірақ Киев бұл ұстанымды қабылдамайды.
Украинаның аумақтық тұтастығы сақталуы тиіс. Бұл – біздің өзгермейтін позициямыз, – деді ол.
Келесі келіссөздер Абу-Дабиде алдағы жексенбіде өтуі мүмкін.
Канада Қытаймен сауда жасаса, толық баж салығы енгізіледі – Трамп
АҚШ президенті Дональд Трамп Канада премьер-министрі Марк Карниге ескерту жасап, егер Канада Қытаймен сауда келісімін жалғастырса, АҚШ әкелінетін тауарларға 100% баж салығын енгізеді деп мәлімдеді.
Трамп бұл әрекетті «Канада Америка үшін Қытайға портқа айналады деп ойласа, қатты қателеседі» деп түсіндірді.
Канада мен Қытай арасындағы соңғы келісімге сәйкес, канадалық электромобильдерге тариф төмендетілген, ал ауылшаруашылық өнімдеріне бұрынғы салық сақталған. Канадалық премьер бұл шешім АҚШ-пен қатынастарға қарамастан, елдің экономикалық мүддесіне сай екенін айтты.
Трамптың ескертуі АҚШ-Канада арасындағы сауда шиеленісін күшейтті, екі ел арасындағы қатынастар мен Қытаймен сауда саясаты одан әрі бақылауда болады.
Франция 15 жасқа толмағандарға әлеуметтік желіге тыйым салу ісін жеделдетпек
Франция президенті Эммануэль Макрон үкімет қыркүйекке дейін 15 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салу заңын іске қосуды жеделдететінін мәлімдеді. Президент бұл шешімді балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығын қорғау мақсатында түсіндірді.
Біздің балаларымыз бен жасөспірімдеріміздің миы сатылмайды. Олардың эмоциялары американдық немесе қытай алгоритмдері арқылы манипуляцияланбайды, - деді Макрон.
Ол сондай-ақ орта мектептерде ұялы телефондарға тыйым салу туралы ережені қолдайтынын айтты.
Бұл бастаманы Макронның «Renaissance» партиясынан депутат Лор Миллер қолдап отыр. Миллер қазіргі кезде платформаларда жас тексеру болмағанын және жаңа заңмен пайдаланушылардың 15 жастан асқан немесе аспағанын дәлелдеуі керегін айтты.
Австралияда 16 жасқа толмағандарға әлеуметтік желіге кіруге тыйым салынған, нәтижесінде 4,7 миллион аккаунт жойылған. Премьер-министр Энтони Албанезе жасөспірімдерді спортқа, музыкалық аспапқа немесе кітап оқуға шақырды.
WSJ: Қытай генералы АҚШ-қа ядролық қару туралы мәлімет берді деп айыпталуда
ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің орынбасары, Қытай Коммунистік партиясының саяси бюросының мүшесі Чжан Юся АҚШ-қа Қытайдың ядролық қаруы туралы құпия ақпарат берген деп айыпталды.
Сонымен қатар, оған пара алу фактісі бойынша айып тағылған. Генералдың іс-әрекеті Қытай Қарулы Күштерінің жауынгерлік дайындығына әсер етуі мүмкін екені атап өтілген.
Бұған дейін Қытайда сыбайлас жемқорлыққа байланысты бірнеше жоғары дәрежелі әскери қызметші отставкаға кеткен болатын.
Конгода содырлар шабуылынан кемінде 25 адам қаза тапты
Конго Демократиялық Республикасының шығысында содырлардың шабуылы салдарынан кемінде 25 адам көз жұмды.
Жергілікті құқық қорғау ұйымдарының мәліметінше, 15 адам үйлерінде қамалып, тірідей өртенген, тағы 7 адам атып өлтірілген. Валезе-Вокуту ауданында үш адамның қаза тапқаны хабарланды.
Шабуылға «Демократиялық күштердің бірігуі» тобының қатысы бар-жоғы әзірге ресми түрде расталған жоқ.