Әлемде: Трамптың санкциялары, Қытай мен Жапония арасындағы шиеленіс

BAQ.KZ тілшісі бір тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылады.

Трамп Ресеймен ынтымақтасатын елдерге санкция салуды құптады

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресеймен ынтымақтасатын мемлекеттерге санкциялар енгізуді көздейтін заң жобасын қолдайтынын айтты. Бұл туралы ол Палм-Бичтен Вашингтонға ұшар алдында журналистердің сұрағына жауап бере отырып мәлімдеді.

Трамптың айтуынша, бастама аясында санкциялар тізіміне Иран да кіруі мүмкін.

Мен бұл туралы естідім, және бұл маған ұнайды. Республикашылар Ресеймен бизнес жасайтын кез келген елге қатаң санкциялар енгізуді ұсынуда, оған Иран да кіреді, - деді АҚШ президенті. 

Оның сөзінше, Иранды аталған заң жобасына қосу туралы ұсыныс тікелей өзі тарапынан берілген.

Заң жобасы биыл сәуір айының басында сенаторлар Линдси Грэм және Ричард Блументаль бастаған екі партиялық топ тарапынан ұсынылған. Құжат Ресейдің негізгі сауда серіктестеріне қатысты қайталама санкциялар енгізуді қарастырады.

Ұсынысқа сәйкес, Ресейден мұнай, газ, уран және бірқатар басқа тауарларды сатып алатын елдер үшін АҚШқа импорттық баж салығы 500% деңгейінде белгіленуі мүмкін.

Сенатор Рэнд Пол бұл бастамаға қарсы пікір білдіріп, Responsible Statecraft сайтында жарияланған мақаласында заң жобасы қабылданған жағдайда «ең үлкен зиянды АҚШ өзі шегеді», деп жазды. Оның айтуынша, мұндай шаралар елдің экономикалық және стратегиялық мүдделеріне айтарлықтай қауіп төндіруі мүмкін.

Қытай билігі азаматтарын Жапонияға барудан уақытша бас тартуға шақырды

ҚХР Мәдениет және туризм министрлігі қытайлық туристерге қауіпсіздікке байланысты жақын уақытта Жапонияға сапар жоспарламауға кеңес берді. Бұл туралы ведомствоның ресми сайтында жарияланды.

Мәлімдемеде Жапонияда Қытай азаматтарына бағытталған қылмыстар жиілеп, қоғамдық қауіпсіздік деңгейі төмендегені атап өтіледі.

Қытайлық туристерге Жапонияға барудан бас тартуды ұсынамыз. Жапонияда жүрген азаматтар қауіпсіздік шараларын күшейтіп, жергілікті жағдайды мұқият бақылап, төтенше жағдайда дереу полицияға және Қытайдың Жапониядағы дипломатиялық өкілдіктеріне жүгінуі тиіс, - делінген хабарламада.

Министрлік бұл үндеуді 14 қарашада Қытай СІМ жариялаған ескертуге сүйене отырып жасады. Онда Жапонияда Қытай азаматтарына қатысты бірнеше шабуыл тіркелгені және қауіпсіздік жағдайының нашарлап бара жатқаны туралы айтылған.

Осыдан бұрын ҚХР Сыртқы істер министрлігі жапониялық сапарлардан бас тартуды, ал Білім министрлігі Жапонияда оқуды мұқият жоспарлауды ұсынған еді.

Пекин мен Токио арасындағы дипломатиялық шиеленіс Жапония премьер-министрі Санаэ Такаити Тайвань төңірегіндегі ықтимал әскери дағдарысты ел үшін «экзистенциалды қауіп» деп бағалап, Жапонияның «ұжымдық өзін-өзі қорғау құқығын» пайдалануы мүмкін екенін айтқаннан кейін күшейген. Бұл мәлімдеме Қытай тарапынан қатаң наразылық тудырды.

Нетаньяху Палестина мемлекетінің құрылуына тағы да қарсы шықты

Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху Палестина мемлекетінің құрылуына түбегейлі қарсы екенін қайта мәлімдеді. Бұл туралы ол Үкімет отырысында айтты.

Нетаньяху оңшыл министрлер Безалель Смотрич пен Итамар Бен-Гвирдің қысымына жауап берді. Олар АҚШ президенті Дональд Трамптың бейбітшілік жоспарына қатысты БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарар жобасында Палестина мемлекеттілігіне «жол» деген тұжырым пайда болғаннан кейін премьер-министрден бұл идеяны нақты түрде жоққа шығаруды талап еткен еді. Бен-Гвир тіпті Нетаньяху ешқандай қадам жасамаса, коалициядан шығу қаупін төндірді.

Мен Палестина мемлекетіне кез келген жерде қарсы болу туралы ұстанымымды ешқашан өзгертпедім. Маған ешкімнің қолдауы, твиттері немесе дәрістері қажет емес, - деді Нетаньяху.

Премьер-министр қыркүйек айында Ақ үйге барған кезде Трамптың жоспарын қолдауға келісім бергенімен, содан бері Палестина мемлекеттілігі туралы оң пікір білдірген жоқ.

Айта кетейік, 22 қыркүйекте Франция президенті Эммануэль Макрон БҰҰ Бас Ассамблеясында Палестинаның тәуелсіздігін танитынын жариялады. Оған дейін Ұлыбритания, Канада, Австралия және Португалия да осындай шешім қабылдады. Қазіргі уақытта Палестинаны БҰҰ-ға мүше 153 мемлекет және Ватикан ресми түрде мойындап отыр.

Ал Германия СІМ басшысы Йоханн Вадефул Берлин екі мемлекет негізіндегі келіссөздер аяқталмайынша Палестина тәуелсіздігін мойындамайтынын мәлімдеді. Сонымен бірге ол Израиль мен Палестина арасындағы келіссөздерді «қазір бастау қажет» екенін атап өтті.

Пентагон Венесуэлада әскер орналастыруға дайын екенін мәлімдеді

АҚШ Құрлық әскерлерінің министрі Даниэль Дрисколл Вашингтон қажет болған жағдайда Венесуэлада құрлық әскерін орналастыруға дайын екенін айтты. Бұл туралы ол CBS News-ке берген сұхбатында мәлімдеді.

Егер президент немесе Қорғаныс министрі талап етсе, біз әрекет етуге дайынбыз, - деді Дрисколл.

Журналист Маргарита Бреннан АҚШ-тың Венесуэладағы есірткі картельдеріне қарсы ықтимал операциясына байланысты Құрлық әскерлері қандай да бір бұйрық алған-алмағанын сұрағанда, министр бұл ақпаратты жариялауға рұқсат жоқ екенін атап өтті.

Сонымен қатар, Дрисколл америкалық құрлық әскерлері джунгли жағдайында әскери іс-қимылдарға дайындықты қайта күшейтіп жатқанын айтты.

Бұған дейін, 16 қарашада АҚШ-тың Gerald R. Ford атомдық авиатасымалдаушысы Кариб теңізіне келгені хабарланған болатын. Кемеде ондаған тактикалық ұшақтар бар.

14 қарашада Пентагон Батыс жарты шарында «Оңтүстік найза» (Southern Spear) операциясының басталғанын жариялады. АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэлаға қатысты «келесі қадамдар бойынша шешім қабылданғанын» айтып, бірақ оның нақты мазмұнын ашпады.

Дубайда әлемдегі ең биік қонақүй ашылды

Дубайда әлемдегі ең биік Ciel Dubai Marina қонақүйі ашылды. Алғашқы қонақтар қонақүйге орналасып, оның биіктігі 377 метр екенін көрді. Бұл көрсеткіш 356 метрлік Gevora қонақүйінен асып түседі.

Ciel Dubai Marina 82 қабаттан тұрады және 1004 бөлмеге ие. Қонақүйде әлемдегі ең биік панорамалық бассейн – Tattu Sky ашылды. Ол 76-қабатта орналасып, қаланың үстінде 310 метр биіктікте көз тартады.

Құрылысқа шамамен 540 миллион доллар жұмсалды және ол бес жылға созылды. Қазіргі таңда әлемдегі ең биік он қонақүйдің алтауы Дубайда орналасқан. Сонымен қатар, БАӘ биіктігі 150 метрден асатын зәулім ғимараттар саны бойынша әлемде көшбасшы елдердің бірі болып табылады – олардың саны кемінде 345, оның 269-ы Дубайда. АҚШ-та – 929, ал Қытайда 3500-ден астам осындай ғимарат бар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы