Әлемде: Трамптың қатаң мәлімдемесі, Ирандағы шиеленіс және АҚШ-тың жаңа шектеулері

АҚШ президенті Дональд Трамптың Гренландияға қатысты қатаң мәлімдемесі, Иран маңындағы әскери қауіп, Арменияның ЕАЭО мен ЕО арасындағы таңдауы, Иранда Starlink арқылы интернеттің іске қосылуы және АҚШ-тың 75 елге визалық шектеу енгізуі. BAQ.KZ тілшісі әлемдегі басты жаңалықтар дайджестін назарларыңызға ұсынады.

Дональд Трамп НАТО атынан Данияны Гренландиядан кетуге шақырды

АҚШ президенті Дональд Трамп Truth Social парақшасында НАТО атынан Данияны Гренландиядан «дереу кетуге» шақырды. Ол бұл мәселені тек АҚШ қана шеше алатынын мәлімдеді. 

Фото: Getty Images

Трамп сондай-ақ Дания барлау қызметінің Ресей мен Қытайдың Арктикаға, соның ішінде Гренландияға әскери қызығушылығы бар екенін бұрыннан ескерткенін еске салды. 

Бұған дейін ол Гренландияны АҚШ-тың зымыранға қарсы «Алтын күмбез» жүйесінің базасы ретінде стратегиялық маңызы бар аумақ деп атаған. Ал Гренландия премьер-министрі Йенс-Фредерик Нильсен арал халқы Даниямен бірге қалғысы келетінін мәлімдеді.

АҚШ Катардағы Әл-Удейд әскери базасынан адамдарды эвакуациялауда

Фото: ашық дереккөз

АҚШ Иран тарапынан болуы мүмкін әскери қауіптерге байланысты Катардағы Әл-Удейд әскери базасынан адамдарды эвакуациялап жатыр. Кейбір әскери қызметкерлер аймақтағы өзге нысандарға ауыстырылды. Катардың Халықаралық медиа кеңсесі бұл ақпаратты растады. 

Шаралар өңірдегі қауіпсіздік ахуалының ушығуына байланысты қабылданған. Сонымен қатар Иран билігі соққы жасалған жағдайда америкалық және израильдік әскери нысандар нысанаға алынуы мүмкін екенін ескерткен.

Никол Пашинян Арменияның ЕАЭО-дан шығуын жоққа шығармады

Фото: 24tv.ua

Армения премьер-министрі Никол Пашинян елдің Еуразиялық экономикалық одақтағы мүшелігі Еуропалық одаққа ұмтылысымен үйлеспей қалған жағдайда, Армения ЕАЭО-дан шығу туралы шешім қабылдауы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, қазіргі кезеңде екі бағытты қатар алып жүруге мүмкіндік бар. 

Алайда бұл мүмкін болмай қалған сәтте түпкілікті шешім ел азаматтарының демократиялық таңдауы арқылы қабылданады. Пашинян демократия Арменияның стратегиялық бағыты екенін ерекше атап өтті.

Илон Маск Иранда Starlink арқылы тегін интернет іске қосты

Фото: Bild басылымы

Иранда жаппай наразылықтар күшейіп, интернет толықтай өшірілген кезде Илон Масктың SpaceX компаниясы арқылы Starlink спутниктік интернетіне тегін қолжетімділік іске қосылды. Starlink мемлекеттік инфрақұрылымға тәуелсіз болғандықтан, ақпараттық оқшаулауды айналып өтуге мүмкіндік беріп отыр. 

Ресми тыйымға қарамастан, Иранда Starlink терминалдарының саны 50 мыңнан асқаны хабарланды. Бұл жүйе бұған дейін Украинадағы соғыс кезінде де маңызды байланыс құралына айналған.

АҚШ 75 елдің азаматтарына иммиграциялық виза беруді тоқтатты

Фото: pixabay.com

АҚШ Мемлекеттік департаменті 75 елдің азаматтарына иммиграциялық виза беруді уақытша тоқтатты. Шектеулер енгізілген елдер қатарында Ресей, Иран, Ауғанстан, Ирак, Мысыр, Нигерия және өзге мемлекеттер бар. 

Мемлекеттік департамент өкілінің орынбасары Томми Пиготт бұл шешім әлеуметтік төлемдер мен жеңілдіктерді пайдалануды көздейтін миграцияның алдын алу үшін қабылданғанын айтты. Иммиграциялық емес визалар бұл шектеуге кірмейді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы