Әлемде: Трамптың баж салығы, Сербиядағы митинг және Түркиядағы алапат өрт

BAQ.KZ тілшісі бір тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылады.

Трамптың баж салығы

АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадағы соғысқа қарамастан Ресеймен сауда жасайтын елдерге 500% баж салығын салу туралы заң жобасын қолдады.

Бұл туралы 30 маусымда заң жобасының авторларының бірі, сенатор-республикалық Линдси Грэм ABC арнасына берген сұхбатында айтты.

Грэмнің айтуынша, Трамп бұл бастаманы алғаш рет жеке қолдаған.

Кеше гольф ойнап жүргенімізде президент маған “Бұл заң жобасын ілгерілететін уақыт келді деп айтты", – деді сенатор.

АҚШ Конгресінде аталған құжатты қарау Тәуелсіздік күнінен кейін, яғни 7 шілдеден соң басталады деп жоспарланып отыр.

Сербия астанасындағы митинг

Сербия астанасы Белградта өткен жаппай наразылық акциясы тәртіп сақшыларымен қақтығысқа ұласты. Сербия полициясы директорының көмекшісі Деян Луковичтің мәлімдеуінше, тәртіпсіздік салдарынан 48 полиция қызметкері жарақат алып, 77 адам, оның ішінде бір кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталған.

Наразылық кезінде қатысушылар түтін шашатын заттар мен түрлі қауіпті құралдарды қолданған. Қақтығыс барысында үш полиция көлігіне зақым келді. Құқық қорғау органдары 35 қылмыстық және 22 әкімшілік құқық бұзушылық фактісі бойынша хаттама толтырған.

Денсаулық сақтау мекемелеріне наразылықтан кейін 22 адам жүгінген. Екі адамның жарақаты ауыр деп бағалануда.

Полиция оқиғаға қатысы бар тұлғаларды анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр. Тергеу прокуратура және қауіпсіздік қызметімен бірлесіп жүргізілуде.

Айта кетейік, бұл митинг Видовдан күні – серб халқының ұлттық сана-сезімі мен батырларын еске алу күніне орай ұйымдастырылған. Аталған шараға кемінде 36 мың адам қатысқан. Олар алаңға университет туын, Сербия байрағын алып шыққан, ысқырып, билікке қарсы талаптарын білдірген.

Түркиядағы алапат өрт

Түркияның Измир қаласындағы Аднан Мендерес халықаралық әуежайы провинцияда өршіп тұрған орман өрттеріне байланысты 29 маусымда уақытша жұмысын тоқтатты.

Әуежай рейстерді қабылдау мен жөнелтуді тоқтатты. Бұған қою түтін, жалғасып жатқан өрт және өрт сөндіру авиациясының белсенді жұмысы себеп болған. Кейбір рейстер басқа қалалардың әуежайларына бағытталды. Ресми ақпаратқа сәйкес, әуежай қалыпты жұмысына өрт толық бақылауға алынғаннан кейін ғана қайта оралады.

Өрт 25 маусымда Измир провинциясындағы таулы аймақта басталған. Қауіпті аумақтан кем дегенде 20 үйдің тұрғындары эвакуацияланды. Өртті сөндіру үшін жеті ұшақ, 14 тікұшақ, 24 су тасымалдаушы техника және кемінде алты бульдозер жұмылдырылды. Екі тұрғын үйдің өрттен зақымданғаны анықталды.

Измирдегі жағдай – Түркияда жаз айларында жиі қайталанатын орман өрттерінің соңы ауыр салдарға әкеп соғатын қауіпті көріністерінің бірі. Қазіргі таңда өрт сөндіру және төтенше жағдайлар қызметтері апаттың зардаптарын жою және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жүргізіп жатыр.

Танзаниядағы трагедия

Танзанияның Килиманджаро аймағында екі автобустың соқтығысуы салдарынан кемінде 38 адам қаза тауып, 28 адам жарақат алды. Бұл туралы Синьхуа агенттігі өңірлік комиссар Нурдин Бабуға сілтеме жасап жариялады.

Апат 28 маусым күні кешке елдің солтүстігіндегі Моши округінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, автобустардың бірінің алдыңғы дөңгелегі жарылып, соқтығыс салдарынан екі көлікке де от шыққан.

Зардап шеккен 28 адамның 22-сі ауруханадан шығарылып, тағы 6 адам ем қабылдауда. Қайғылы оқиғаның нақты себептері тергеліп жатыр.

Бұл соңғы айдағы Африкадағы ірі жол апаттарының бірі болып отыр. Бұған дейін, 31 мамырда Нигерияда спортшылар мінген автобус көпірден құлап, кемінде 20 адам қаза тапқан еді.

Ирандағы жарылыс 

Иранның Тебриз қаласындағы мұнай өңдеу зауытында (МӨЗ) салынып жатқан блоктардың бірінде азот резервуары жарылды.

Жарылыс зауыттың жұмыс істемейтін бөлігінде болған. Алдын ала деректер бойынша, жарылыстан ешкім зардап шеккен жоқ, жағдай толық бақылауда.

Бұл – соңғы айлардағы өнеркәсіптік нысандардағы техногендік апаттардың бірі. Бұған дейін, 21 мамырда Мексиканың Нуэво-Леон штатындағы дизель зауытында жарылыс болып, бір адам жарақат алған, тағы 11 адам эвакуацияланған болатын.

Судандағы апат

Суданның солтүстік-шығысындағы алтын өндіретін шахтаның ішінара құлауы салдарынан 10-нан астам адам қаза тауып, тағы жеті жұмысшы жарақат алды.

Оқиға демалыс күндері Ніл өзенінің шығысындағы шөлді Хуэйд қаласы маңындағы Керш Әл-Фил шахтасында орын алған.

Компания мәліметінше, бұл аумақта қазба жұмыстары бұрын тоқтатылған және кеншілерге шахтада жұмыс істеуге тыйым салынғаны ескертілген.

Айта кетейік, 22 мамырда Оңтүстік Африка Республикасындағы Йоханнесбург қаласы маңындағы алтын кенішінде 289 кенші қалып қойған болатын. Компанияның хабарлауынша, олар қауіпсіз жерге жиналған, азық-түлікпен қамтамасыз етілген және шахта тексерілген соң жер бетіне шығарылады.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы