Әлемде: Трамп Зеленскиймен кездеседі, Байденге шектеу қойылды, Аляскадағы ұшақ апаты

BAQ.KZ тілшісі әлемде соңғы тәулікте болған оқиғаларға шолу жасап, жария болған жаңалықтар топтамасын назарларыңызға ұсынады.

Трамп Зеленскиймен кездесуді жоспарлады

АҚШ президенті Дональд Трамп келесі аптада Вашингтонда Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесу жоспарын жариялады.

Кездесу барысында көшбасшылар Украинадан сирек кездесетін металдарды жеткізу мүмкіндігін талқыламақ. Бұл АҚШ-тың Украинаға соғыстағы қолдауының өтемі ретінде қарастырылуда.

Reuters

Трамп АҚШ-тың Украинаға Еуропаға қарағанда көбірек қаржы бөлгенін атап өтті және осы көмекке лайықты өтем күтіп отырғанын, соның ішінде украин ресурстарына қол жеткізуді қалайтынын айтты.

Өз кезегінде Владимир Зеленский бұл ынтымақтастыққа дайын екенін мәлімдеп, Украинамен бірлескен минералдық ресурстарды өндіру жобаларын ұсынды. Ол Украинада титан мен уранның айтарлықтай қоры бар екенін және бұл АҚШ үшін қызықты болуы мүмкін екенін айтты. Зеленский бұл ресурстарды беріп қою емес, оларды бірлесіп өндіру туралы келісім болатынын атап өтті, бұл екі ел арасындағы әріптестікті нығайтады.

Сонымен қатар, Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен соғысты аяқтау жолдарын талқылауға ниетті екенін білдірді. Ол қақтығыс екі тарапқа да үлкен шығын әкеліп жатқанын атап өтті.

Джо Байденге шектеу қойылды

АҚШ президенті Дональд Трамп жұма күні бұрынғы президент Джо Байденнің үкіметтік құпия ақпаратқа қолжетімділігін тоқтататынын және оның күнделікті барлау брифингтерін алуды доғаратынын мәлімдеді. Бұл шешім Байденнің 2021 жылы Трампқа дәл осындай шектеулер енгізгеніне жауап ретінде қабылданды.

Трамп бұл шешімін Мар-а-Лагодағы жеке резиденциясына келгеннен кейін өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

Джо Байденнің құпия ақпаратқа қолжетімділігін жалғастыруының ешқандай қажеті жоқ. Сондықтан біз оның қауіпсіздік рұқсаттарын дереу қайтарып аламыз және оның күнделікті барлау брифингтерін тоқтатамыз. Ол 2021 жылы дәл осындай шешім қабылдап, АҚШ-тың 45-ші президентін (яғни, мені!) ұлттық қауіпсіздікке қатысты мәліметтерден шектеген болатын, – деп жазды Трамп.

Сонымен қатар, Трамп оған қарсы сын айтқан бірқатар бұрынғы шенеуніктердің қауіпсіздік қорғауын тоқтатты. Олардың ішінде Иран тарапынан қауіп төніп тұрған бұрынғы мемлекеттік хатшы Майк Помпео және АҚШ-тың жұқпалы аурулар жөніндегі бұрынғы бас сарапшысы доктор Энтони Фаучи бар.

Аляскадағы ұшақ апаты

Аляскада Cessna Caravan ұшағы апатқа ұшырап, борттағы тоғыз жолаушы мен бір ұшқыштың барлығы қаза тапты, деп хабарлайды Associated Press.

Ұшақ Уналаклит қаласынан Ном бағытына ұшқан болатын. Алайда, шамамен бір сағаттан кейін онымен байланыс үзілді.

Ұшақпен қандай да бір оқиға орын алып, ол биіктігі мен жылдамдығын тез жоғалтты», – делінген ақпарат көздерінде.

Бұл оқиға АҚШ-тағы соңғы он күндегі үшінші ірі әуе апаты болып отыр.

Илон Маск ашық мәлімдеме жасады

7 ақпан күні америкалық кәсіпкер, миллиардер және Мемлекеттік тиімділік департаментінің (DOGE) басшысы Илон Маск әлеуметтік желіде АҚШ президенті Дональд Трампқа деген ерекше ықыласын білдірді.

TED/Marla Aufmuth 

Мен Дональд Трампты гетеросексуалды ер адам басқа ер адамды қаншалықты жақсы көре алса, соншалықты жақсы көремін, – деп жазды ол өзінің X парақшасында.

Бұл жазба қоғамда үлкен талқылау тудырды, алайда Маск өз сөздеріне қатысты қосымша түсініктеме берген жоқ.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы