Әлемде: Трамп Украинаға әскери көмекті тоқтатты, Германияда тағы да көлік адамдарды басып кетті
BAQ.KZ тілшісі әлемде соңғы тәулікте болған оқиғаларға шолу жасап, жария болған жаңалықтар топтамасын ұсынады.
Трамп Украинаға әскери көмекті уақытша тоқтатты
АҚШ президенті Дональд Трамп Украинаға әскери көмек көрсетуді уақытша тоқтатуды тапсырды. Ол Украина басшылығы "бейбітшілікке талпынысын" көрсеткенге дейін көмектің тоқтатылатынын мәлімдеді.
Президент бейбітшілікке ұмтылып отырғанын ашық айтты. Бізге серіктестеріміздің де осы мақсатқа адал екенін көру маңызды. Біз көмекті уақытша тоқтатып, қайта қарап жатырмыз, оның мәселені шешуге ықпал ететініне көз жеткізу үшін", – деді Ақ үй өкілі анонимді түрде. Бұл мәлімдемені 4 наурызға қараған түні әлемдік ақпарат агенттіктері мен америкалық БАҚ таратты.
Өз кезегінде, Трамп бұл шешімді әлі ресми түрде түсіндірген жоқ, Ақ үйден де ресми ақпарат түспеді. Fox News телеарнасы әкімшілік өкілдеріне сілтеме жасай отырып, "бұл көмекті толық тоқтату емес, уақытша үзіліс" екенін хабарлады.
Бұл шешім қабылданар алдында Трамп мемлекеттік хатшы Марко Рубио және қорғаныс министрі Пит Хегсетпен кеңескен. Bloomberg агенттігінің мәліметінше, шешім Украинаға жіберілмеген барлық америкалық әскери жабдықтарға, соның ішінде Польша арқылы транзит күтіп тұрған қару-жараққа да әсер етеді.
Wall Street Journal газетінің мәліметіне сәйкес, Трамп әкімшілігі Украинаға жаңа қару-жарақ жеткізуге қаржыландыруды тоқтатқан және АҚШ қорларынан жеткізілетін қаруды да уақытша тоқтатуды қарастырып жатыр. Бұл шешім Киевтің Ресей әскеріне қарсы тұру қабілетін әлсіретуі мүмкін.
Германиядағы Киль әлемдік экономика институтының (IfW) есебіне сәйкес, 2022 жылдан бастап АҚШ-тың Украинаға берген көмегі 114,2 миллиард долларды құрады. Ал АҚШ Мемлекеттік департаментінің дерегі бойынша, 2022 жылғы ақпаннан бастап Трамптың қызметке кірісуіне дейінгі әскери көмек көлемі 65,9 миллиард доллар болған. Бірақ Трамп айтқан 300–350 миллиард долларлық көмек көлемі бұл ресми есептерден әлдеқайда жоғары.
Германияда көлік адамдарды қағып кетті
Германияның Мангейм қаласында көлік адамдар тобына соғылып, екі адам қаза тапты, бірнешеуі жараланды. Бұл оқиға дәстүрлі Пасха алдындағы мереке кезінде болды. Күдікті ұсталды.
Полицияның ресми мәліметіне сәйкес, оқиға орталық алаңда өткен карнавалдық шеру кезінде болған. Bild газетінің хабарлауынша, 25 адам жарақат алды, олардың 15-і ауыр жағдайда.
Құқық қорғау органдары тұрғындарды қала орталығынан аулақ болуға және үйлерінен шықпауға шақырды. Полиция бұл жағдайды "өмірге қауіп төндіретін" деп бағалады. Тергеу қарқынды жүріп жатыр. AFP агенттігінің мәліметіне сәйкес, күдікті – 40 жастағы Германия азаматы, ол жалғыз әрекет еткен.
Оқиғадан кейін қала орталығындағы жолдар жабылып, полиция күшейтілген тексеру жүргізді. Құжаттарды тексеру үшін орталықтан тыс аймақтарда да қаруланған полицейлер қойылды. Әуеде бақылау жүргізу үшін тікұшақ тартылды.
Газадағы азық-түлік мәселесі
Израиль үкіметінің өкілі Давид Менсер Иерусалимде өткен баспасөз конференциясында Газа секторында азық-түлік қоры жеткілікті екенін, бірақ оны ХАМАС тұрғындарға таратпай отырғанын мәлімдеді.
Газада азық-түлік пен қажетті жабдықтар жеткілікті. Бітім кезінде ол жаққа аптасына 4200 жүк көлігі кірді. Бұл бірнеше айға жетеді, – деп келтіреді оның сөзін Reuters.
Ал ХАМАС-тың бақылауындағы Газа билігі азық-түліктің базарларда кемінде 2 аптаға жететінін мәлімдеп, халықты дүрбелеңге түспеуге шақырды. БҰҰ өкілі болса, соңғы аптада әкелінген гуманитарлық көмектің басым бөлігі таратылып үлгергенін және азық-түлік бағасының өсіп жатқанын айтты.
ХАМАС Израильдің гуманитарлық жүктердің кіргізілуіне тосқауыл қоюын қатаң сынға алып, Тель-Авивті қаңтардағы бітім туралы келісімді бұзды деп айыптады. Бұған дейін ХАМАС өзі бітімді ұзартудан бас тартқан болатын. Ұйымның талабы – келісімнің екінші кезеңіне тезірек өтіп, израильдік тұтқындарды жауынгерлерге айырбастау және ЦАХАЛ күштерінің Газадан толық шығуы.
Енді Каирде Египет, Иордания, Сауд Арабиясы және Катар өкілдерінің қатысуымен Газа секторындағы жағдайға қатысты саммит өтеді. Оған Еуропалық кеңес төрағасы Антониу Кошта да қатысады деп күтілуде.