Әлемде: Трамп Украинадағы соғыс туралы келіссөздер басталатынын мәлімдеді, Франциядағы барға граната лақтырылды

BAQ.KZ тілшісі әлемде соңғы тәулікте болған оқиғаларға шолу жасап, жарияланған жаңалықтар топтамасын назарларыңызға ұсынады.

Трамп Путинге қоңырау шалғаннан кейін: Украинадағы соғыс туралы келіссөздер бірден басталады

Фото: EPA

ВВС ақпарат агенттігінің мәліметіне сәйкес, АҚШ президенті Дональд Трамп сәрсенбі күні Владимир Путинмен "ұзақ және өте нәтижелі" телефон арқылы сөйлескенін және бұл әңгіме барысында екі ел көшбасшылары Украинадағы соғысты тоқтату туралы келіссөздерді бастауға уағдаласқанын мәлімдеді.

Truth Social платформасында Трамп өзі мен Ресей президенті "командаларымыздың бірден келіссөздерді бастауына" келіскенін және бір-бірін ел астаналарына шақырғанын хабарлады.

Кейінірек Украина президенті Владимир Зеленский Трамппен "тұрақты және сенімді бейбітшілік" туралы телефон арқылы сөйлескенін мәлімдеді.

Соғысушы тараптар арасындағы телефон арқылы келіссөздер Трамп пен оның қорғаныс министрінің Украина НАТО-ға қосылуы екіталай деген мәлімдемесінің аясында өтті, бұл Киев үшін ауыр соққы болуы мүмкін.

Зеленский жұма күні Мюнхенде өтетін Украинаға арналған қорғаныс саммитінде АҚШ вице-президенті Дж. Д. Вэнс пен мемлекеттік хатшы Марко Рубиомен кездесетінін хабарлады.

Бұл ақымақ соғысты тоқтататын кез келді, онда көптеген адам орынсыз қаза тауып, үлкен қиратулар болды. Құдай Ресей мен Украина халқына жар болсын! - деп жазды Трамп әлеуметтік желісінде.

Ол Путинмен жеке кездесудің нақты күнін белгілемеді, бірақ кейінірек Ақ үйдегі журналистерге: "Біз Сауд Арабиясында кездесеміз", - деді.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, Путин Трамптың "бірлесе жұмыс істеу уақыты келгені" туралы ойына қолдау білдірді.

Песковтың сөзіне қарағанда, Путин мен Трамптың телефон арқылы сөйлесуі шамамен бір жарым сағатқа созылған, оның барысында Ресей президенті Трампты Мәскеуге шақырған.

Трамп сондай-ақ Ақ үйдегі журналистерге Украина 2014 жылға дейінгі шекарасына қайта оралуы екіталай екенін, бірақ BBC-ге берген жауабында "бұл жерлердің кейбірі қайтарылады" деп айтқанын мәлімдеді.

Президент өзінің қорғаныс министрі Пит Хегсеттің сөздерімен келіскенін айтты. Министр сәрсенбі күні НАТО саммитінде Украина альянсқа кіруінің ықтималдығы аз екенін мәлімдеген болатын.

Менің ойымша, бұл, бәлкім, рас, - деді Трамп.

Ұлыбритания үкіметі Ресейден қорғану үшін Украинаға қолдау көрсетуді жалғастыратынын мәлімдеді. Вице-премьер-министр Анджела Рейнер ITV телеарнасына берген сұхбатында Лондонның Киевке қолдауы "өзгеріссіз" қалатынын айтты.

Францияның оңтүстік-шығысындағы барға бір адам граната лақтырып кетті

Фото: Dzdeter

Францияның оңтүстік-шығысындағы барға автомат асынған бір адам кіріп, граната лақтырып, тез арада қайта шығып кеткен. Салдарынан 12 адам жарақат алды, олардың кейбіреуі ауыр халде, деп хабарлайды Sky News агенттігі.

Жергілікті префектураның мәліметінше, оқиға сәрсенбі күні кешкі сағат 8-ден кейін Гренобльдің жұмысшы ауданында болған.

Бір адам кіріп, ештеңе деместен граната лақтырды да, ізін суытты", - деп мәлімдеді прокурор Франсуа Туре де Куси.

Прокурордың айтуынша, шабуыл жасаған адамның өзімен бірге Калашников автоматы болған, бірақ оны қолданбаған.

BFMTV арнасының хабарлауынша, барлық жараланғандар Гренобль-Альпі университеттік ауруханасына жеткізілген. 

Фото: Dzdeter

Гренобль мэрі Эрик Пиоль бұл "Олимпиада ауылы ауданындағы кәсіпорындардың бірінде болған бұрын-соңды болмаған қылмыстық зорлық әрекетін" қатаң түрде айыптайтынын мәлімдеді.

Ол төтенше жағдай қызметтері мен қауіпсіздік күштеріне "жедел әрекеті" үшін алғысын білдірді.

Префектура "құрбандар мен олардың жақындарына толық қолдау білдіретінін" айтып, бұл әрекетті "қорқақ әрі қылмыстық" деп айыптады.

Мәлімдемеде сондай-ақ ұлттық полицияның қосымша күштері "аудандағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін" дереу орналастырылғаны айтылды.

ДДСҰ: USAID қаржыландыруының тоқтатылуы 50 елге әсер етті

Фото: Getty Images

ВВС агенттігінің мәліметінше, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) басшысы АҚШ-тың ондаған миллиард доллар көлеміндегі шетелдік көмекті тоқтатуы ЖИТС (ВИЧ), полиомиелит, адам папилломасы вирусы және құс тұмауына қарсы бағдарламаларға зиян тигізгенін мәлімдеді.

АҚШ президенті Дональд Трамп Америка Құрама Штаттарының халықаралық даму агенттігін (USAID) жабу қадамын жасап, оның шығындары "мүлде түсініксіз" деп мәлімдеді.

Алайда, ДДСҰ басшысы доктор Тедрос Аданом Гебрейесус Трамп әкімшілігін USAID көмегін қаржыландыруды қайта бастау мүмкіндігін қарастыруға шақырды, кем дегенде, басқа шешімдер табылғанға дейін.

Сәрсенбі күні өткен брифингте ол ЖИТС емдеу және басқа да медициналық қызметтер 50 елде тоқтатылғанын хабарлады.

АҚШ үкіметі жаһандық денсаулық сақтау жүйесіне елеулі әсер ететін қадамдар жасап жатыр, - деді Женевада өткен виртуалды баспасөз конференциясында алғаш рет АҚШ-тың қаржыландыруды тоқтатуына қатысты пікір білдірген доктор Тедрос.

Ол әсіресе PEPFAR бағдарламасының, яғни АҚШ президентінің ЖИТС-пен күрес жөніндегі төтенше жоспарының тоқтатылғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл шешім 50 елде ЖИТС-ті емдеу, тестілеу және алдын алу қызметтерінің тоқтауына әкелген.

Доктор Тедрос өмірлік маңызы бар медициналық қызметтердің кешіктірілуі жағдайды одан әрі ушықтырғанын айтты.

Клиникалар жабылды, ал медицина қызметкерлері демалысқа жіберілді, - деді ол.

Жаһандық денсаулық сақтау саласының мамандары бұл қысқартулар аурулардың таралуына, сондай-ақ вакциналар мен жаңа емдеу әдістерін әзірлеудің кешігуіне әкелуі мүмкін екенін ескертті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы