Әлемде: Трамп-Си Цзиньпин келіссөзі, Иранмен дағдарыс және Ресейге жаңа санкциялар
Трамп пен Си Цзиньпин сауда байланысын кеңейтуді талқылады, АҚШ-Иран келіссөздері тығырыққа тірелуі мүмкін, Ресейге қарсы жаңа санкциялар әзірленуде, ал Алжирде Сахара арқылы ауыр жүк теміржолы іске қосылды. BAQ.KZ тілшісі әлемдегі маңызды жаңалықтарға шолу жасап, назарларыңызға ұсынады.
Трамп пен Си Цзиньпин сауда байланысын кеңейтуді талқылады
АҚШ президенті Дональд Трамп пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин телефон арқылы сөйлесіп, екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты күшейтуге басымдық берді. Трамп әңгіме «ұзақ әрі мазмұнды» болғанын айтты.
Тараптар саудадан бөлек, Тайвань, Ресей–Украина қақтығысы, Иран төңірегіндегі ахуал және Трамптың Қытайға жоспарланған сапарын да сөз еткен. Қытайдың АҚШ-тан мұнай-газ, ауыл шаруашылығы өнімдерін, соның ішінде соя бұршақтарын сатып алу көлемін ұлғайтуы, сондай-ақ авиациялық қозғалтқыштар жеткізу мәселесі талқыланды.
Трампқа қастандық жасамақ болған ер адам өмір бойына сотталды
АҚШ соты 2024 жылы Дональд Трампқа қастандық жасады деп айыпталған Райан Уэсли Раутты өмір бойына бас бостандығынан айырды. Оқиға Флоридадағы гольф-клубта болған: күдікті винтовканы Трампқа бағыттаған сәтте Құпия қызмет араласқан. Кейін ол ұсталды.
БАҚ дерегінше, Раут Украинадан қару сатып алуға тырысқан, Трампты «Украина үшін қолайсыз тұлға» деп бағалаған хаттары да жарияланған.
Қытай қатысқан жоба: Алжирде Сахара арқылы ауыр жүк теміржолы іске қосылды
Алжирде Сахара шөлі арқылы өтетін, жылына 50 млн тоннаға дейін темір кенін тасымалдауға қауқарлы 950 шақырымдық теміржол желісі пайдалануға берілді. Жобаның бір бөлігін Қытайдың CRCC корпорациясы салған.
Құрылыс 24 айда аяқталып, 8 мыңнан астам маман тартылған. Жоба елдің оңтүстік-батыс өңірлерінің логистикасы мен экономикасын жандандыруға бағытталған.
АҚШ–Иран келіссөздері өтпеуі мүмкін
Axios жазуынша, АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздер кездесу орнын Түркиядан Оманға көшіру мәселесінде ортақ шешім болмағандықтан кейінге қалуы ықтимал. Вашингтон бастапқы форматты сақтауды талап еткен. АҚШ тарапы нақты келісімге жедел қол жеткізуді қалайтынын, керісінше жағдайда «өзге нұсқалар» қарастырылуы мүмкін екенін меңзеген.
АҚШ пен ЕО Ресейге қарсы жаңа санкциялар пакетін әзірлеуде
АҚШ Ресейдің энергетика секторына қысымды күшейтетін жаңа санкциялар пакетін дайындады. Нысанаға «көлеңкелі флот» кемелері мен оларға қатысы бар трейдерлер ілінуі мүмкін.
Еуроодақ та 20-санкциялар пакетін әзірлеп жатыр: Ресейден металл импортын, соның ішінде иридий, родий, платина және мыс жеткізілімін шектеу мәселесі қаралуда. Құжат жақын күндері бекітілуі ықтимал.