Әлемде: Трамп марапатталды, Дели "тұншықты", Батыс Еуропаға "метеобомба" жақындады, Солтүстік Корея зымыран ұшырды

BAQ.KZ тілшісі соңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылды.

Дональд Трамп "Бейбітшілік сәулетшісі" сыйлығына ие болды

АҚШ-тың президенті Дональд Трамп 1995 жылы Ричард Никсон қоры тағайындаған "Бейбітшілік сәулетшісі" сыйлығымен марапатталды. Бұл туралы Ақ үйдің баспасөз қызметі хабарлады.

whitehouse

Сыйлықты Трампқа қордың директорлар кеңесінің төрағасы Роберт О’Брайен Никсондар отбасы мүшелерінің қатысуымен табыс етті. Марапат ретінде бұрынғы президент Ричард Никсонның бейнесі бедерленген мүсінше ұсынылған.

Баспасөз мәліметіне сәйкес, Трамп бұл наградаға "қақтығыстарды тоқтату және бейбіт келісімдерге қол жеткізуге қосқан үлесі үшін" лайық деп танылған. 

Атап айтқанда, Газа секторындағы атысты тоқтату, сондай-ақ Армения мен Әзербайжан, Үндістан мен Пәкістан арасындағы келіссөздер осы еңбегінің мысалы ретінде көрсетілген.

Дели әлемдегі ең ластанған қалаға айналды

pixabay.com

Сейсенбі күні Үндістан астанасында 20 миллион тұрғыны бар Делиде Девали фестивалі өтті. Мереке кезінде қала тұрғындары фейерверктер мен петардалар атқан. Соның нәтижесінде сәрсенбі күні Дели әлемнің ірі қалалары арасында ең ластанған қала болып танылды.

Швейцариялық ауа сапасын бақылаумен айналысатын IQAir компаниясының деректеріне сәйкес, сәрсенбі күні Делидегі PM2.5 деңгейі (ауадағы зиянды заттардың мөлшерін өлшейтін көрсеткіш) Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған жылдық нормадан 40 еседен астам жоғары болған.

Ауа сапасының күрт нашарлауы осы аптада Дивали мерекесін атап өткеннен кейін орын алды. Бұл индуистердің "жарықтар мерекесі", дәстүр бойынша фейерверктер мен петардаларды көптеп қолдануымен ерекшеленеді. Олар ауаға күкірт пен азот тотығын, сондай-ақ зиянды ауыр металдарды шығарады.

2020 жылы билік Делиде петардаларды өндіруге, сатуға және қолдануға толық тыйым салған. Ал биыл Жоғарғы сот өндірушілер қоршаған ортаға аз зиян тигізеді деп мәлімдеген "жасыл" петардаларды тек белгілі бір уақыт аралығында қолдануға рұқсат берді. 

Дегенмен тұрғындардың айтуынша, бұл шектеу дұрыс сақталмаған: адамдар петардаларды рұқсат етілген уақыттан әлдеқайда кеш атып, "жасыл емес" түрлері де сатылымда болған.

Қалалық билік өткен жылдары жолдарға су шашып, көлік қозғалысын тақ және жұп нөмірлер бойынша шектеген, сондай-ақ 2018 жылы түтінге қарсы екі мұнара салған.

Алайда сарапшылардың пікірінше, қатаң бақылау мен үйлесімді шаралардың болмауы Делидегі ауа ластануымен күресте елеулі нәтиже бермей отыр.

Сонымен қатар Үндістан 1,4 миллиард халқының энергия қажеттілігін қамтамасыз етіп, қарқынды дамып келе жатқан экономикасын қолдау үшін бар күшін салып келеді.

IQAir компаниясының деректері бойынша, сәрсенбі күні Делиден бөлек тағы екі үнді қаласы — Калькутта мен Мумбаи — әлемдегі ең ластанған қалалардың қатарына енген.

Батыс Еуропаға "метеобомба" жақындап келеді

pixabay.com

Франция, Германия және Батыс Еуропаның өзге де елдері "бомбалық циклон" деп аталатын ерекше күшті дауылдың соққысына ұшырауы мүмкін. Мамандардың түсіндіруінше, бұл – қысқа уақыт ішінде қарқынды күшейетін төмен қысым аймағы. Мұндай құбылыс секундына 160 км-ге дейін жететін екпінді жел, нөсер жаңбыр және көлік қозғалысының үзілуі сияқты экстремалды жағдайларға әкелуі ықтимал.

Қазіргі уақытта циклон Францияның Атлант жағалауын шарпыған. Бейсенбі түні ол Ла-Манш бұғазы арқылы өтіп, кейін Солтүстік теңіз бағытында жылжып, Испания, Бельгия, Нидерланды және Германия аумақтарын қамтитыны күтілуде. Шварцвальд өңірінде және Солтүстік теңіз маңында желдің күші секундына 120 км-ден де асып түсуі мүмкін.

Синоптиктердің болжамынша, жұма күні түске қарай дауыл Германия аумағында шарықтау шегіне жетпек. Бұл уақытта көлік қатынасы мен электр энергиясын жеткізуде ақаулар туындауы ықтимал. Сенбіге қарай дауылдың қарқыны бәсеңдегенімен, жағалау аймақтарында оның салдары сезіле береді.

Метеобомба деп 24 сағат ішінде атмосфералық қысым 24 гектопаскальдан астам төмендейтін циклонды атайды. Мұндай жағдай ураганға тән ауа райын туғызып, айтарлықтай қауіп төндіреді.

Солтүстік Корея баллистикалық зымыран ұшырды

pixabay.com

Солтүстік Корея Жапон (Шығыс) теңізі бағытына кемінде бір баллистикалық зымыран ұшырды. Бұл туралы Оңтүстік Кореяның Біріккен штабтар бастықтары комитеті (JCS) хабарлады.

Ресми мәліметке сәйкес, ұшыру фактісі жергілікті уақытпен таңғы сағат 8:20 шамасында тіркелген. Алайда әзірге зымыранның түрі мен ұшу қашықтығына қатысты нақты деректер жарияланған жоқ.

Бұл оқиға – маусым айында Оңтүстік Кореяның жаңа президенті Ли Чжэ Мён қызметіне кіріскеннен кейін Пхеньян жүзеге асырған алғашқы зымыран сынағы. Бұған дейін Солтүстік Корея 8 және 22 мамырда қысқа қашықтыққа ұшатын баллистикалық және қанатты зымырандарды ұшырған болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы