Әлемде: Трамп Иранмен соғыс туралы мәлімдеді, Дубайда дрон соққысы, Еуропада газ қымбаттады
BAQ.KZ тілшісі әлемдегі басты оқиғаларға шолу жасап, назарларыңызға ұсынады.
АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен соғыстың аяқталуы мүмкін екенін мәлімдеді. АҚШ THAAD жүйелерін Таяу Шығысқа көшіріп жатыр. Дубайда зәулім ғимаратқа дрон соғылды, ал Еуропада газ бағасы қайта өсті. BAQ.KZ тілшісі әлемдегі басты оқиғаларға шолу жасап, назарларыңызға ұсынады.
Трамп: Иранмен соғыс жақын арада аяқталуы мүмкін
АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен арадағы әскери қақтығыс ұзаққа созылмайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, Иран аумағында соққы беруге болатын негізгі нысандардың басым бөлігі жойылған.
Ақ үй басшысы операцияны қажет болған жағдайда кез келген уақытта тоқтатуға болатынын айтты.
Бұған дейін Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы қолбасшысының орынбасары генерал Али Фадави АҚШ басшысы Иранмен келіссөз жүргізу үшін делдалдар іздеп жүргенін мәлімдеген болатын.
АҚШ THAAD жүйелерін Оңтүстік Кореядан Таяу Шығысқа көшіреді
АҚШ Оңтүстік Кореяда орналасқан THAAD зымыранға қарсы қорғаныс жүйелерін Таяу Шығысқа көшіруді бастады. Бұл шешім Иран тарапынан жасалып жатқан қарсы шабуылдарға байланысты қабылданған.
The Washington Post басылымының жазуынша, АҚШ әскері зымыранға қарсы жүйелерді тасымалдауды 10 наурызда бастап кеткен. Сонымен қатар Patriot кешендерін де басқа аймақтарға орналастыру жоспары қарастырылып жатыр.
Сарапшылар бұл қадам АҚШ-тың Қытайға қарсы құрған қорғаныс жүйесінің әлсіреуіне әкелуі мүмкін екенін айтып отыр. Өйткені Оңтүстік Кореяда орналасқан AN/TPY-2 радарлары Қытай аумағын 3000 шақырымға дейін бақылауға мүмкіндік береді.
Еуропада газ бағасы қайта қымбаттай бастады
Еуропалық энергетикалық нарықта газ бағасы тағы өсіп жатыр. TTF индексі бойынша сәуір айына арналған фьючерстер саудасы бастапқыда мың текше метріне 554,5 доллар деңгейінде ашылды.
Кейін баға 613,9 долларға дейін көтеріліп, күн ішіндегі ең жоғары көрсеткішке жетті. Соңғы мәмілелер шамамен 587,8 доллар деңгейінде тіркелді.
Сарапшылардың айтуынша, бағаның өсуі ақпан айының басынан бері жалғасып келеді. Сол кезеңде газ бағасы шамамен 50 пайызға өсіп, мың текше метріне 590 долларға дейін жеткен еді.
Дубайдағы зәулім ғимаратқа дрон соғылды
Дубайдағы элиталық Dubai Creek Harbour ауданында орналасқан Address Creek Harbour тұрғын үй мұнарасына дрон соққы берді.
66 қабатты ғимараттың 57-қабаты қатты зақымданған. Оқиға болған жерде бес жұлдызды Address Hotels қонақүйі де орналасқан.
Дубай медиа кеңсесі дронның ғимаратқа тигенін растады. Қазір тұрғындарды эвакуациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.
Пентагон Google-дің жасанды интеллект агенттерін қолдана бастады
Google компаниясы Gemini платформасына негізделген жасанды интеллект агенттерін АҚШ Қорғаныс министрлігінің қызметіне енгізе бастады.
Алғашқы кезеңде бұл жүйелер Пентагонның қорғалмаған желілерінде пайдаланылады. Жоба аясында сегіз түрлі ЖИ агенті енгізіледі. Олар жиналыс қорытындысын дайындау, бюджеттік құжаттарды қалыптастыру және ұсынылған шешімдердің ұлттық қауіпсіздік стратегиясына сәйкестігін талдау сияқты міндеттерді автоматтандырады.
Қазірдің өзінде Gemini негізіндегі чат-ботты шамамен 1,2 миллион қызметкер пайдаланып үлгерген. Олар жүйеге 40 миллионнан астам сұраныс жіберіп, 4 миллионнан астам құжат жүктеген.