Әлемде: Трамп соғыс тоқтайтынын айтты, Тегеран АҚШ пен Израильге шарт қойды, Қырымдағы апаттан 29 адам қаза тапты
Әлемде соңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасы.
BAQ.KZ cоңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылды.
Трамп Иранмен соғыстың жақын арада аяқталатынын мәлімдеді
АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы «алдағы 2-3 аптаның» ішінде аяқталуы мүмкін. Бұл туралы сәрсенбіге қараған түні, 1 сәуірде Ақ үйде журналистермен тілдесу кезінде АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеді.
Трамптың айтуынша, Тегеранмен келісім жасалмаса да, Иранға жасалатын шабуылдар тоқтатылады.
Оларда режим ауысты. Бұл менің жоспарымда болмаған еді. Менің бір ғана мақсатым болды - оларда ядролық қарудың пайда болуына жол бермеу, және бұл мақсат орындалды... Біз жұмысты аяқтап жатырмыз, меніңше, бұл шамамен екі аптаға, бәлкім, тағы бірнеше күнге созылуы мүмкін. Бірақ біз оларда бар нәрсенің бәрін жойып жібергіміз келеді, - деді Ақ үй басшысы.
АҚШ президенті егер келісімге қол жеткізілсе, соғыстың ертерек аяқталуы мүмкін екенін жоққа шығармады, оның айтуынша, Иран билігі мұны «өте қатты қалайды». Дегенмен, Трамп жалпы алғанда келісімнің жасалу-жасалмауы «ешқандай маңызды емес» екенін атап өтті.
Трамп Иранның Ормуз бұғазында, соның ішінде еуропалық кемелерге жасаған блокадасы АҚШ-тың емес, басқа елдердің мәселесі болуы тиіс екенін атап өтті.
Егер Франция немесе кез келген басқа ел мұнай немесе газ алғысы келсе, олар Ормуз бұғазы арқылы өтіп, өздеріне өздері қамқорлық жасай алады. Бұғазда болып жатқан жайттар бізге қатысты емес, - деді ол.
АҚШ президенті сондай-ақ Таяу Шығыстағы соғыстың басталуы мен Ормуз бұғазының блокадасынан туындаған мұнай бағасының 50 пайызға күрт өсуіне қатысты пікір білдірді.
Трамп АҚШ Иранға жасалатын шабуылдарды «өте жақын арада» тоқтатқан бойда «бағалар күрт төмендейді» деп есептейді.
Иран президенті АҚШ және Израильмен соғысты тоқтату шартын жариялады
Иран президенті Масуд Пезешкиан сейсенбі күні оның елі Израиль және АҚШ-пен соғысты тоқтатуға дайын екенін, бірақ өзара шабуыл жасамау кепілдігін талап ететінін мәлімдеді.
Бізде бұл қақтығысты тоқтату үшін қажетті ерік-жігер бар, бірақ ол үшін негізгі талаптар орындалуы тиіс. Соның ішінде, агрессияның қайталануына жол бермейтін кепілдіктер берілуі керек», — деді Пезешкиан Еуропалық кеңес төрағасы Антониу Коштамен телефон арқылы сөйлесу барысында.
Иран президенті жағдайды қалыпқа келтіру үшін АҚШ пен Израиль тарапынан жасалып жатқан шабуылдардың тоқтатылуы қажеттігін баса айтты.
Антониу Кошта бұл әңгімелесуден кейін әлеуметтік желідегі парақшасында: «Таяу Шығыстағы қазіргі жағдай өте қауіпті», — деп жазып, Иранды шиеленісті бәсеңдетуге (деэскалацияға) шақырды.
Мен Иранды аймақ елдеріне жасалып жатқан жол берілмейтін шабуылдарды тоқтатуға және Ормуз бұғазындағы кеме қатынасының еркіндігін қамтамасыз ету үшін дипломатиялық бағытта, атап айтқанда БҰҰ-мен белсенді жұмыс істеуге шақырамын», — деп жазды ол X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Пезешкианның бұл пікірі АҚШ Қорғаныс министрі Пит Хегсет Ирандағы соғыстың алдағы күндері «шешуші» болатынын мәлімдеген күні айтылды. Сонымен қатар, Пентагон басшысы бұл қақтығысқа құрлық әскерлерінің қатысу мүмкіндігін жоққа шығармады.
«Алдағы күндер шешуші болады. Иран мұны біледі және әскери тұрғыдан олар бұған қарсы ештеңе істей алмайды», — деді Хегсет.
Пентагон басшысы Ислам Республикасына қарсы АҚШ пен Израильдің әскери науқанының басталғанына бір айдан асса да, соғысты тоқтату туралы келіссөздер жүріп жатқанын айтты.
«Бұл шындық. Келіссөздер жалғасуда және өте белсенді жүріп жатыр. Меніңше, олар қарқын алып келеді», — деп хабарлады министр.
Қырымдағы әуе апаты 29 адамның өмірін қиды
Ресей Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Қырым аспанында жоспарлы ұшу тапсырмасын орындау кезінде Ан-26 әскери-көлік ұшағы апатқа ұшырады. BAQ.KZ агенттігі РИА Новостиге сілтеме жасай отырып, борттағы 23 жолаушы мен 6 экипаж мүшесінің түгелдей қаза тапқанын хабарлады.
Байланыс сейсенбі күні Мәскеу уақытымен 18:00-де (Астана уақытымен 20:00) үзілген. Іздестіру жұмыстарының нәтижесінде 1 сәуірге қараған түні ұшақтың құлаған жері анықталды. Алдын ала болжам бойынша, қайғылы оқиғаға техникалық ақау себеп болуы мүмкін. РИА Новости дереккөзінің хабарлауынша, әуе кемесі жартасқа соғылған.