Әлемде: Трамп ескертуі, Филиппиндегі қоқыс апаты, Корея экс-президентінің жазасы
BAQ.KZ тілшісі соңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылды.
Трамп Иранға ескерту жасады
АҚШ президенті Дональд Трамп Иран билігі үкіметке қарсы наразылыққа шыққандарды өлім жазасына кессе, Вашингтон «өте қатаң шаралар» қабылдайтынын ескертті. Ол бұл туралы Мичиган штатындағы Дирборн қаласында CBS Evening News-ке берген сұхбатында айтты.
Трамп соңғы апталардағы наразылықтар кезінде мыңдаған адамның қаза тапқанын атап өтті. CBS News деректеріне сәйкес, құрбандар саны 12 мыңнан асып, 20 мыңға дейін жетуі мүмкін.
Сондай-ақ Трамп Truth Social желісінде Иран шенеуніктері зорлық-зомбылық үшін «өте жоғары баға төлейтінін» мәлімдеп, «мағынасыз кісі өлтіру тоқтағанға дейін» Иран өкілдерімен барлық кездесулерді тоқтататынын жазды. АҚШ президенті Иран халқына түрлі формада, оның ішінде экономикалық көмек көрсетілуі мүмкін екенін айтты.
Филиппиндерде қоқыс көшкінінен 8 адам қаза тапты
Филиппинде Себу қаласындағы қоқыс полигонында болған алып қоқыс массасының құлауынан адамдарды іздестіру жұмыстары жалғауда. Апаттан кемінде 8 адам қаза тауып, тағы 28 адам із-түссіз жоғалған.
Себу қаласының мэрі Нестор Арчивал операциялар әлі тоқтатылмағанын айтты. Зардап шеккендер – полигон қызметкерлері. Оның маңында өздігінен салынған тұрғын үйлер де орналасқан.
Апаттың нақты себептері ресми түрде аталған жоқ. Алдын ала болжауларға сәйкес, қоқыс массасының құлауына ұзақ жауын-шашын әсер еткен болуы мүмкін. Жаңбыр салдарынан полигондағы топырақ ылғалданып, бірнеше метрлік қоқыс қабаты тұрақтылығын жоғалтқан.
Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті өлім жазасына кесілуі мүмкін
Оңтүстік Корея прокурорларының арнайы тобы елдің экс-президенті Юн Сок Ельге әскери жағдай жасау әрекеті үшін өлім жазасын талап етті.
Қорытынды отырыста прокурорлар Юн Сок Ельді 2024 жылғы желтоқсандағы болжамды көтерілістің басты ұйымдастырушысы деп таныды.
Айыптау қорытындысына сәйкес, экс-президент билікті сақтап қалу үшін төтенше шараларды және күш құрылымдарын пайдаланып, сот пен заң шығарушы билікті бақылауға алуды жоспарлаған.
Сондай-ақ, прокурорлар Юн Сок Ель мен бұрынғы Қорғаныс министрі Ким Али Хеннің 2023 жылдың қазан айынан бері әзірлеген ұзақ мерзімді билікті ұстап қалу жоспарының дәлелдері бар екенін хабарлады. Тергеушілер бұл жоспарды ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін әскери жағдай енгізуге дайындық ретінде бағалайды.
Прокурордың сөзінше, экс-президенттің әрекеттері мемлекетке опасыздық жасау мен бүлік шығаруға қатысты қылмыстық баптарға сәйкес келеді.
Жаңбыр мен көктайғақ Еуропадағы көлік қозғалысын әлсіретті
Көктайғақ пен жаңбыр Орталық және Шығыс Еуропадағы сапарларды қиындатты. Ауа райының қолайсыздығы Чехия, Австрия, Словакия және Венгрияда әуежайдағы рейстерді кейінге қалдыруға мәжбүр етті.
Орталық Еуропаның ең ірі әуежайларының бірі – Вена халықаралық әуежайында сейсенбі күні ұшулар мен келулер уақытша тоқтатылды, кешігулер әлі де жалғасуда. Прагадағы Вацлав Гавел атындағы әуежай келулерді шектеуге мәжбүр болса, Словакиядағы халықаралық әуежай бірнеше сағатқа жабылды.
Венгрияның көлік министрі Янош Лазар әлеуметтік желілерде «жаңбыр мен экстремалды мұздану жағдайлары» Будапешттегі Ференц Лист атындағы халықаралық әуежайдағы барлық ұшулар мен келулерді тоқтатқанын жазды.
Әуежай кейіннен жұмысын қайта бастады. Бірақ жолаушыларға қолайсыз ауа райы салдарынан рейстердің кешігуі немесе мұлдем ұшпауы мүмкін екені ескертілді.
Вена халықаралық әуежайының өкілі Петер Клеманн Австрия баспасөз агенттігіне берген сұхбатында келіп жатқан рейстер Мюнхен, Франкфурт, Кёльн және Венеция сияқты басқа әуежайларға бағытталғанын, сондай-ақ ұшулардың кешіктірілгенін айтты. Әуежай жұмысы күн бойы біртіндеп қалпына келе бастады.
Cуық ауа райы қоғамдық көліктердің де жұмысына кедергі келтірген.