Әлемде: Тбилисидегі оппозиция наразылығы, Израиль мен ХАМАС келіссөзі, Ыстанбұлға жоспарланған теракт

BAQ.KZ тілшісі бір тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылады.

"Руставели даңғылын жауып тастады". Тбилисиде оппозицияның наразылығы қайта басталды

Тбилисиде жексенбі, қазанның 5-і күні кешке оппозицияның наразылығы қайта жалғасты, наразылық білдірушілер Грузия парламенті жанындағы Руставели даңғылын жауып тастады. Бұл туралы  "Грузия Онлайн" мен РИА Новости хабар таратты.

Оппозиция жақтастарының әлеуметтік желідегі үндеуімен жексенбі күні 1000-ға жуық наразылық білдіруші парламент алдына жиналды. Олардың қолдарында Грузияның туы, сондай-ақ Еуропалық Одақ пен Украинаның бірнеше жалауы болған. Наразылық басталғаннан кейін бір сағаттан соң олар Руставели даңғылына жетіп, көлік қозғалысын жауып тастады. Полиция бұл іске араласпады.

Шерушілердің талаптары өзгеріссіз қалды: жаңа сайлау тағайындау және наразылық кезінде ұсталғандарды босату.

Қала тұрғындары Грузия Ішкі істер министрлігінің "бүгін және алдағы күндері өткізілетін кез келген жиын кешегі үкіметті құлату әрекетінің жалғасы" деген ескертуіне қарамастан парламент ғимаратының алдына жиналды.

Сенбі күні Грузияның 64 муниципалитеттері мен аудандарында бір уақытта жергілікті билік органдарына сайлау өтті. Тбилисиде сайлау қарсаңында наразылық шерулері басталды, оның ішінде наразылық білдірушілер тас лақтырып, кейін президент Михаил Кавелашвили резиденциясының ауласына басып кірді. Грузияның Денсаулық сақтау министрлігі тәртіпсіздіктер кезінде алты наразылық білдіруші мен 21 құқық қорғау қызметкерінің жараланғанын хабарлады.

Тбилисиде наразылыққа шыққандар президент сарайының ауласына басып кірді

Грузия астанасы Тбилисиде жаппай наразылық акциясына қатысушылар Атонели көшесінде орналасқан Президент сарайының аумағына басып кірді, деп хабарлайды BAQ.KZ Report агенттігіне сілтеме жасап.

Елдің Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Тбилиси орталығында өткен митинг "Жиналыстар мен манифестациялар туралы" заңның талаптарынан шығып кеткен. Акция ұйымдастырушылары күш қолдануға шақырып, полиция орнатқан тосқауылдарды бұзып өткен және ғимаратқа кіруге әрекет жасаған.

Біз митинг қатысушыларын құқық қорғау органдарының заңды талаптарына бағынуға және жағдайды ушықтырмауға шақырамыз. Әйтпесе, полиция заңда қарастырылған шараларды қолдануға мәжбүр болады, — делінген Грузия ІІМ мәлімдемесінде.

Министрлік өкілдері барлық әрекет қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және жағдайдың одан әрі шиеленісуін болдырмауға бағытталғанын атап өтті.

Қазіргі уақытта наразылық себептері мен қатысушылардың талаптары нақты анықталып жатыр. Президент сарайының маңындағы жағдай әлі де шиеленісті күйінде қалып отыр.

Израиль мен ХАМАС келіссөзі Мысырда өтеді 

Кездесуде израильдік тұтқындар мен палестиналық тұтқындарды алмасу мәселесі қарастырылады.

Мысыр Сыртқы істер министрлігі 6 қазанда Израиль мен ХАМАС делегацияларының келіссөз өткізетінін мәлімдеді.

DW басылымының хабарлауынша, Мысыр тарапы келіссөздер АҚШ президенті Дональд Трамптың Газа секторындағы қақтығысты тоқтату жөніндегі бейбіт жоспары аясында өтетінін атап өтті. Бұл келіссөздер тікелей болмайды деп болжануда.

Бұл – аймақтағы және халықаралық деңгейдегі серпінді жалғастыруға бағытталған қадам, – деп көрсетілді Каир мәлімдемесінде.

Трамп ХАМАС жоспарды қабылдаған сәтте атысты тоқтату күшіне енетінін мәлімдеді. Израиль премьері Биньямин Нетаньяху ХАМАС-ты қарусыздандыруға ниетті екенін айтты.

ХАМАС тұтқындарды қайтаруға және Газаны тәуелсіз органға басқаруға беруге дайын екенін жеткізді, бірақ қарусыздану мәселесіне қатысты үн қатпады.

Ыстанбұлда теракт жасауды жоспарлаған екі жасөспірім ұсталды

Ыстанбұл полициясы теракт ұйымдастырмақ болған екі жасөспірімді ұстады. Олардың бірі — Түрікменстан азаматы, екіншісі — Түркия тұрғыны.

Fakti.bg таратқан мәліметке сәйкес, тергеу барысында күдіктілердің ИГИЛ (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) әрекетіне қатысты шифрланған хат-хабарлары табылған. Тергеу мәліметінше, олар "жеке лаңкестер" тәсілімен қанқұйлы шабуыл дайындаған.

Үй-жайларын тінту кезінде күдіктілерден жарылғыш зат дайындау, қаруды қолдану, дрондарды пайдалану жөніндегі нұсқаулықтар, сондай-ақ экстремистік мазмұндағы бейнежазбалар тәркіленді.

Соттың шешімімен күдіктілердің бірі үйқамаққа алынса, екіншісі тергеу изоляторына жіберілді.

Іс материалдарында екі жасөспірімнің де бұрынғы терактілерден «шабыт алып», Стамбулда шабуыл ұйымдастыруды көздегені көрсетілген.

Газа секторында қаза болғандар саны 67 мыңнан асты

2023 жылғы 7 қазаннан бері Израиль армиясының қоршаудағы Газа секторына жасаған соққылары салдарынан 67 139 палестиналық қаза тапты.

Палестина Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, тек соңғы тәулікте 65 адам көз жұмып, тағы 153 адам жараланған.

18 наурызда Израиль әскері 19 қаңтарда ХАМАС-пен жасалған атысты тоқтату келісімін бұзған болатын. Сол кезден бері 13 549 палестиналық қаза тауып, 57 542 адам жарақат алған.

27 мамырдан бері АҚШ-пен бірлесіп құрылған гуманитарлық көмек тарату пункттерінің маңындағы шабуылдарда 2 605 адам қаза тапқан, 19 124 адам жараланған.

Жалпы алғанда, 7 қазаннан бері жараланғандар саны 169 583 адамға жетті. Мыңдаған адамның денесі әлі де қирандылар астында қалып отыр.

Израиль тарапы соққылардың азайғанын мәлімдегенімен, 4 қазанда Газа секторында 70 адам қаза тапты, деп хабарлады ХАМАС қозғалысы.

Ұйымның мәлімдемесінде Израильдің «қарусыз бейбіт тұрғындарға қарсы қырғындарын жалғастырып жатқаны» айтылған.
«4 қазан күні болған соққылардан әйелдер мен балалар да қаза тапты. Бұл Нетаньяху үкіметінің азаматтық халыққа қарсы шабуылдарды азайтады деген мәлімдемелерін жоққа шығарады, — делінген ресми хабарламада.

Газа үкіметінің баспасөз қызметі Израиль әскері тек бір күнде 93 әуе соққысын жасағанын айтты. Салдарынан 70 адам мерт болып, оның 47-сі Газа қаласында қаза тапқан.

3 қазанда ХАМАС Дональд Трамптың Газа жөніндегі жоспары аясында тұтқын алмасуға келісім беретінін, бірақ кейбір тармақтар бойынша келіссөздер жалғасатынын хабарлаған болатын. Өз кезегінде АҚШ президенті Дональд Трамп ХАМАС-тың түсіндірмелеріне сүйене отырып, олардың «тұрақты бейбітшілікке дайын» екенін айтты.

Израиль Газаға жасалып жатқан бомбалауды дереу тоқтатуы тиіс. Бұл – тұтқындарды қауіпсіз босатып, бейбіт келісімді жылдам жүзеге асырудың жалғыз жолы, — деді Ақ үй басшысы.

4 қазанда Трамп өзінің Truth Social желісіндегі парақшасында пікір білдірді.

Израильдің тұтқындарды босату және бейбіт келісімге қол жеткізу мақсатында шабуылдарды уақытша тоқтату шешімін жоғары бағалаймын, — деп жазды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы